Мен бір оқиғаның куәсі болдым...

Әлеуметтік желі бүгінде адамдардың күнделікті қарым-қатынас құралына айналды.

Бұрын бір-бірінің үйіне шай ішуге барып, әңгіме-дүкен құратындар енді олай көршісіне, танысына бас сұқпайды. Бұл функцияны енді ғаламтор атқарады. Адамдар бір-біріне деген сезімін, сырын, алғысын, ренішін осы ғаламтор арқылы жеткізеді. Сондықтан онда нағыз шынайы сырлар айтылатынына, жазылатынына сене беріңіз. Жақында Құлсары қаласының Жанар есімді бір тұрғыны Фейсбуктегі парақшасына жүрек тебірентерліктей басынан өткен оқиғаны жазыпты. Бұл пост бізге ұнағандықтан газетімізге жариялап, оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

Мен бір оқиғаның куәсі болдым...

«Кеш жарық, жылыойлықтар! Кеше, яғни 18.01.2019 ж. былайынша назар аударуға да тұрмайтындай көрінетін бір оқиғаның куәсі болдым, бірақ ... Сонымен, әңгімемді бастайын. Мен «Автожолшылар» ықшамауданында тұрамын. Орталық базар мен біздің ықшамауданға №9 бағыттағы автобус қатынайды. Автобустар күн сайын ауысатындықтан, көліктердің қай кезде өтетінін байқамайсың, сол себепті мен үйден ертерек шықтым. Күтіп тұрмын, арада бес минуттай уақыт өтті және бұрылыста сары автобус тоқтады да, жүргізушісі терезесін ашып маған дауыстады: - «Сіз тым ерте шықтыңыз ғой, мен түстік астан енді ғана ауқаттанып шықтым және бағытымды ақырғы аялдамадан бастаймын». Ал соңғы аялдама «Өркен» балабақшасынан әрірек, Атырауға баратын жол бойында болатын. Күн өте салқын әрі ызғырық жел соғып тұрды. Такси көрінбейді. Мен одан мінгізіп ала кетуді өтіндім. Осылайша жүргізуші әр бұрылыстан дерлік аялдап, жолшыбай кездескен мектепке бара жатқан балаларды көрсе де тоқтап мінгізіп алып келе жатты. Сағат түскі 13.00-дің мезгілі. Ал мектепте сабақ 14.00-де басталады. Автобус бірте-бірте балаларға толып кетті, бейнебір балалар тасымалдауға лайықталған арнаулы көлік тәрізді. Жүргізуші әр көшеге қарап, межелі жерлерінен өтіп кетпеу үшін олардың терезеге қарап отыруларын сұрады. Көшелердің бірінен жүгіріп келе жатқан кішкентай баланы байқап, көлігімен кері шегініп, тосып тұрды. Бұл көшенің аялдамадан алыс «ұйқыдағы» ықшамаудандардың бірінен екеніне де қараған жоқ. Мектеп тұсына жақындағанда балалар бір-бірін кимелей есікке ұмтылысты, біреулері жолақыны төлеп, ішінара кейбіреулері төлемей түсіп қалып жатты.

Мен бұл жас жігітке таңғалдым, оның бойында үлкен мейірімділік, қарапайымдылық, ал ең маңыздысы- Адамгершілік бар еді. Өз аялдамама келгенде түсіп бара жатып, оның мейірімділігі мен адамгершілігі үшін рахмет айттым да, есімінің кім екенін сұрадым. Оның аты Айбар екен. Ал мынау суреттегі - оның автобусы. Айбардың ата-анасына осындай жайсаң ұл тәрбиелегендері үшін зор алғыс айтамын.

Жалпы мен адамдарды бақылап, көздеріне үңіліп, көңіл күйлерін барлауды ұнатамын. 3 сағаттан соң басқа бір автобусқа отырдым да... осыған қарама-қарсы жайттарға тап болдым. Бұл көпшілік көліктің де жүргізушісі манағы жас жүргізушімен шамалас, алайда оның бойында дөрекілік, тәрбиесіздік, адамдарды сыйламаушылық жетіп-артылады екен. Ия, бүгінде қарапайым ғана ізгілік, адамгершілік және қайрымдылық дегендер сирек кездесетін, тіптен қол жетпейтін қасиеттерге айналып барады. Қане, бәріміз де үйлесімділікте, әсіресе өз жан дүниеміздің үйлесімділігімен өмір сүрейікші! Баршаңызға да Мейірімділік тілеймін !».

Жанар-Жанар,

(Сурет оқырманымыздың Фейсбуктегі жеке парақшасынан алынды),

   Жолма-жол аударып, дайындаған

С.Тәжіқызы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521