Мемлекеттік тілді білу - азаматтық парыз

Мемлекеттік тіл - сол елдің халқын біріктіретін, ортақ істерге жұмылдыратын, елге деген перзенттік ықыласты қалыптастыратын бірден-бір құрал. Бір тілде сөйлемеген халық біріге де алмайды, өздерін бір шаңырақтың мүшесімін деп те сезіне алмайды. Тарихтан да белгілі, қандай ел болмасын бостандық алғаннан соң ең бірінші мемлекеттік тілінің мәселесін шешеді. Қазіргі әлемдік бәсеке жағдайында мықты ұлт қана өз мүддесі үшін күресе алады.

Қазақ тілі әлемдегі 6 мыңға жуық тілдердің ішінде қолдану аясы бойынша 70-ші орында екен. Ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы тұрғысынан алғашқы ондыққа кіреді. Сондай-ақ дүниежүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан 600 тілдің арасында мемлекеттік мәртебеге ие болған 200 тілдің қатарында. Қандай да бір халықтың болмысы, өркениеттілігі, саналылығы, кең мағынасында сауаттылығы соның тіл мәдениетімен, сол тілдің қолданыс ауқымдылығының кеңдігімен өлшенеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: "Еліміздің басты нышандарының бірі - мемлекеттік тіл. Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені Ата заңымызда 90 жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде нақты жазылған. Біз тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайды жасадық. Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Мәселе - ниетте, ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты. Қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек. Түптеп келгенде, бірнеше тіл білу - әр адамның мәдениеттілігінің белгісі. Ал мемлекеттік тілді, әсіресе ана тілін, яғни қазақ тілін білу - қандай да бір азаматтың мәдени өресі, азаматтық жауапкершілігі қаншалықты биік екенін білдіреді. Сонымен қатар біздің қоғамда мемлекеттік тілді үйрену, оны білуге ұмтылу қалыпты жағдайға айналуы тиіс" - деп атап көрсетті. Президенттің айтуынша, қазақ тіліне сұраныс артқанда ғана ол көпшілік кең қолданатын тіл болмақ.

Әлемнің көптеген мүмкіндігі шебер сөйлей алатын адамдардың да қолында. Өмірін түзеткісі, табысын еселегісі келетін адамдардың барлығы алдымен сөйлеу өнерін меңгереді. Қазіргі қоғамда сөйлеу өнеріне машықтандыру өзекті, сұранысқа ие. Ойын дұрыс жеткізе алатын адам қай жерде жүрсе де идеясын, қызметін де жарнамалай алады. Қазіргі таңда ең өзекті мәселе - қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеру, қоғамда тілдік қоры бай, ана тілінде еркін сөйлей алатын тұлға қалыптастыру. Үйде, көшеде, қоғамдық орындарда бірқатар жастарымыздың бір-бірімен тілдік қарым-қатынас жасауда сөздік қорының жұтаңдығы, ана тілінің қадір қасиетін ұғынбайтыны байқалады. Осындай қарым-қатынаста адамдардың жан дүниесі, өмір тіршілігіндегі бейнелер көрініс табады. Олай болса, ұлтымыздың тілдік әдеп нормаларын меңгерту - отбасы, балабақша, мектептен жалғасын табуы шарт. Ұлттық болмысымызға сай рухани құндылықты дәріптейтін мағыналы да мазмұнды тілдік іс-шараларды жиі өткізіп отыруды назардан тыс қалдырмаған жөн.

Қорыта айтқанда, әлем таныған ел болу үшін алдымен мемлекеттік тілді білу, мәртебесін көтеру, қолдану аясын кеңейту мәселесі – әрбір азаматтың азаматтық парызы болып қалмақ.

Гаухар Сасаева, №1 жалпы орта білім беретін мектеп мұғалімі,

аудандық Аналар кеңесінің мүшесі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521