Еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы құқықты және әлеуметтік мемлекет» деп жариялады. Бұл қағида Ата заңымызда белгіленіп, Қазақстан даму бағыты айқындалған, жарқын болашаққа қарай батыл қадам басқан Мемлекет болып қалыптасып келеді. Жас мемлекеттің іргетасын қалау, құру, қалыптастыру бағытындағы ең жауапты істің бірі - мемлекеттік қызметшілерге жүктелді. Әрбір мемлекеттік қызмет - мемлекеттің сол саладағы саясатын жүргізетін орган болып табылады. Сондықтан да, әр саланың кәсіби білікті кадрлары – нақ сол саланың заман талабына сай тез дамуын, уақытпен бірге жүріп отыруын қамтамасыз етіп, даму деңгейінің көрсеткішін жасайды. Екінші жағынан, мемлекеттік қызмет – халыққа қызмет көрсетуші, халықпен тікелей байланыстағы қызмет.
Яғни, бұл жерде тек кәсіби маман болып қана қою – жеткіліксіз. Нақтырақ айтқанда, мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмей, қызметін мінсіз атқаруы тиіс. Бұл ретте, мемлекеттік қызметшінің өздігінен дамуы – ең алдымен, қызметтік әдебінен басталады. Жалпы алғанда, мемлекеттік қызмет әдебі - қызметшілердің кәсіптік қызметін орындауда жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларынан қалыптасатын, сонымен қатар, мәдени – ізгілік бағытын түсіндіретін әлеуметтік – философиялық пән болып табылады. Сайып келгенде, мемлекеттік қызметші – ашықтық, халықпен кері байланыс орната білу мәдениетінің маңыздылығын түсінуі тиіс. Ал қазіргі заманғы қоғамның даму динамикасы - мемлекеттік аппараттың жүйесін дамыту және жетілдіруін тұрақты түрде талап етеді. Қорытындылай келе, адалдық, біліктілік, жоғары моральдық - әдептілік бейне, адамгершілік, қарапайымдылық секілді қасиеттер әрбір мемлекеттік қызметшінің бойында ұштасқан болса, мемлекеттік қызметшінің «жоғары имиджі» қалыптасып, мемлекеттік қызметтің беделін көтеруге тікелей бағытталған жол болып табылары сөзсіз.
Динара Китенбаева,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің бас маманы, Әдеп жөніндегі уәкілі