Мемлекеттік қызметтің жай-күйі және шектеулердің сақталуы

2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Жылыой ауданы бойынша мемлекеттік қызметшілердің штат саны 107 бірлікті құрады, нақты саны – 104 адам. Жыл қорытындысымен бос орындар саны - 3 бірлікті құрады. Оның ішінде ерлер 37 (36 %), әйелдер 67 (64%), жастардың үлесі 41 (38 %) құрайды.

Мемлекеттік қызметшілердің 10-ы арнаулы орта білімді, 94-і жоғары білімді, 15 қызметкердің екі және одан да көп жоғары білімі бар, 7 қызметкерде магистр дәрежесі бар, оның 4-уі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясын тәмамдаған.

2023 жылдың 12 айында ішкі және жалпы конкурстар нәтижесімен 20 азамат (2022 жылы 28 азамат) жұмысқа қабылданды. 2023 жылдың 12 ай қорытындысымен мемлекеттік қызметшілердің таза ауысымдылығы (мемлекеттік жүйеден кетуі) 3 адамды құрады. (2022 жылы 5 азамат).

2023 жылдың 12 айында 52 мемлекеттік қызметші біліктілігін арттыру курс-семинарларынан өтті, оның ішінде жоспарлы түрде 20 мемлекеттік қызметші, жоспардан тыс 32 мемлекеттік қызметші. 2023 жылдың 12 айында алғаш мемлекеттік қызметке кірген 3 тұлғаға сынақ мерзімі белгіленіп, сынақ мерзімінен ойдағыдай өтіп лауазымға тағайындалды.

Мемлекеттік қызметке қабылдану кезінде азаматтар өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін және соған негізделген беделін жеке басының, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерде пайдалануға алып келуі мүмкін әрекеттерді болғызбау мақсатында өзіне Заңда белгіленген шектеулерді қабылдайды. Осы шектеулерді сақтау мемлекеттік қызметшілердің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік лауазымға кірген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде осы адамға заңды түрде тиесілі ақшаны, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, өз меншігіндегі, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы үлестерді, акцияларды (акцияны) және пайдаланылуы кірістер алуға әкелетін өзге де мүлікті мемлекеттік қызметті өткеру уақытында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сенімгерлік басқаруға беруге міндетті.

Мүлікті сенімгерлік басқару шарты нотариатта куәландырылуға жатады. Мүлiктi сенiмгерлiк басқару шартының нотариат куәландырған көшiрмесiн мемлекеттiк қызметшi нотариат куәландырған күннен бастап он күн мерзiмде жұмыс орнындағы персоналды басқару қызметіне (кадр қызметiне) ұсынады. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді қабылдамау мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға немесе қызметтен шығаруға әкеп соғады.

​Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы Заңының 13-бабына сәйкес мемлекеттiк қызметшi: өкiлдi органның депутаты болуға, педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтi қоспағанда, басқа да ақы төленетін қызметпен айналысуға, кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, оның iшiнде коммерциялық ұйымды басқаруға тiкелей қатысу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның лауазымдық өкілеттіктеріне кiрмейтiн болса, ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға,өзi қызмет iстейтiн не өзiне тiкелей бағынысты немесе өзiнiң тікелей бақылауындағы мемлекеттік органда үшiншi тұлғалардың істерi бойынша өкiл болуға, өзiнiң қызметтiк жұмысын материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз етуге арналған құралдарды, басқа да мемлекеттiк мүлiк пен қызметтiк ақпаратты қызметтiк емес мақсаттарда пайдалануға, ереуiлдi қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және лауазымдық мiндеттердi орындауға кедергi келтiретiн әрекеттерге, қатысуға, лауазымдық өкiлеттiктерiн атқаруына байланысты азаматтар мен заңды тұлғалардың көрсетілетiн қызметтерін жеке мақсаттарында пайдалануға құқылы емес.

​"ҚР мемлекеттік қызметі туралы" Заңында көрсетілген шектеулерден басқа мемлекеттік қызметшілерге "Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде" де бірнеше қызметтік әдептің стандарттары көрсетілген. ​Атап айтар болсақ, азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеу, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себепкер болмау. ​

Әрбір мемлекеттік қызметші өзінің жұмыс орнында азаматтардың әрбір пікіріне барынша мұқият және мүдделілікпен қарауы, қай жерде және қандай себеппен туындаса да, туындаған жанжалдардың алдын алуға, не болдырмауға тиіс екендігін түсінулері керек. Себебі, мемлекеттік қызметке қабылданғанда шектеу мен мемлекеттік қызметшінің антын қабылдайды. ​Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын қиын, уақытқа бағынбайды деуіміздің өзіндік себептері бар. Өйткені кез келген оның қабылдауында болған адам мәселесінің тезірек шешілуін талап етеді. Жедел шешімін табатын да, ұзақ уақыттан кейін шешілетін де мәселе бар. Бірақ қабылдаудағы адам мұны түсіне бермейді. Осындай сәтте мемлекеттік қызметшілер келушіні сыпайы қабылдап, жағдайды барынша түсіндіруі керек. Бұл да оларға қойылған шектеулердің бірі. себебі, мемлекеттік қызметшінің қызмет әдебіне сәйкес мемлекеттік қызметші ең бірінші қарапайым болуы тиіс. Сонда ғана келген адам оның парасаттылығы мен өзін-өзі ұстау мәдениетіне риза болады. Сондықтан да мемлекеттік қызметтегі әріптестеріме қандай жағдай болмасын халықпен қарым қатынаста қарапайым болуға, заң талаптарында көрсетілген шектеулерді қатаң сақтауға шақырамын.

Жылыой ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) бөлімінің басшысы Г.Мирманова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521