Бүгінде жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қыркүйектегі №983 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік қызмет көрсетулер реестріне сәйкес тұрғындарға мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетіп келеді. Аталған қызметтер облыстық басқармалар, қала мен аудан, кент пен ауылдық округ әкімдіктері деңгейінде жүзеге асырылып келеді.
2025 жылы ауданымызда мемлекеттік қызмет көрсету саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, жыл қорытындысы бойынша барлығы 36 547 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде қағаз жүзінде – 9, баламалы түрде – 1 049, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы – 5 772, ал электрондық форматта 29 717 қызмет ұсынылған. Бұл көрсеткіштер ауданда цифрлық қызметтерге сұраныстың жылдан жылға артып келе жатқанын аңғартады. Бұдан бөлек жылыойлықтар арасында ең көп сұранысқа ие қызметтердің қатарында «Жұмыс іздеп жүрген адамдарды тіркеу» қызметі алдыңғы орында тұр. Ол қызмет түрі 10 495 рет тіркелген. Сондай-ақ, «Еңбекші көшіп келушіге рұқсаттар беру, ұзарту және кері қайтарып алу» қызметі бойынша 3 599 өтініш түскен. Ал, өткен жылғы ең жоғарғы көрсеткіш ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы тіркеліп тұр.
Мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында өткен жылға арналған іс-шаралар жоспарлары әзірленіп, бекітілді. 2024 жылғы 12 желтоқсандағы №54 бұйрығына сәйкес аудан әкімі аппараты тарапынан мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнамалардың сақталуына қатысты 12 ішкі бақылау іс-шарасы жүргізілген. Нәтижесінде, мемлекеттік қызмет көрсетумен тікелей байланысты емес 336 бұзушылық анықталып, жергілікті атқарушы органдар басшыларына 35 ұсыныс түскен. Сонымен қатар қызмет көрсетуге жауапты 2 маманға тәртіптік шара қолданылып, бүгінгі таңда барлық өтініш толық орындалған. Бұдан бөлек, 2025 жылы мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін кешіктірудің 5 фактісі тіркеліп, 3 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Осыған орай, «Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін сақтау» және «Мемлекеттік қызмет көрсетуге шағымдану» көрсеткіштерін жақсарту бағытында бірқатар нақты шаралар жүзеге асырылды.
Иә, халыққа қызмет көрсету орталығымен бірлескен жұмыс топтары қала, кент және ауылдық округтерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға кеңес берді. Бұл ретте қала және ауылдық округ әкімдіктері ведомстволық бағынысты бөлімшелерде ішкі бақылау мен қызмет сапасын арттыру бағытында тұрақты түсіндіру жұмыстарын қолға алған. Бұған аудан әкімдігінің отырыстарында тоқсан сайын мемлекеттік қызмет көрсету сапасының аудан әкімі төрағалығымен жиі қаралатыны дәлел. Өйткені, аудан әкімі аппараты ай сайын мемлекеттік органдарға мониторинг жүргізіп, статистикалық деректердің дұрыс қалыптастырылуын және есеп жүргізудегі кемшіліктерді анықтауға басымдық беруде. Бұл жұмыстардың жалғасы ретінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әзірлеген «Мемлекеттік қызметтерді алушылардың құқықтары» және «Пара беру бас бостандығыңнан және болашағыңнан айырады» атты брошюралар қоғамдық көліктерге іліп, 750 данасы халыққа таратылды. Маңызды іс шеңберінде жергілікті жұртшылыққа ақпараттық-насихат жұмыстарының да кең көлемде жүргізілгенін еске салайық. Атап айтсақ, 2025 жылы аудандық «Кең Жылой», «Құлсары» газеттерінде 25 мақала мен 1 хабарландыру, әлеуметтік желілерде 35 мақала мен 55 хабарлама, одан бөлек, интернет ресурстарда 7 мақала мен 275 бейнеролик жарияланған. Сонымен қатар аудандық ХҚКО арқылы әр қызмет түріне қатысты ақпарат жылыойлықтарға тұрақты түрде ұсынылып келеді. Бір таңқаларлығы, өткен жылы ауданымызда көрсетілген мемлекеттік қызметтердің сапасына байланысты бірде-бір арыз-шағым тіркелмеген.
Аудан аумағында ХҚКО-ның 1 бөлімшесі және шалғай ауылдық округке қызмет көрсететін ұтқыр топ жұмыс істейді. Бүгінде «Ұтқыр ХҚКО» қызметін жетілдіру үшін аудан әкімінің орынбасары жауапты болып бекітілді. Сонымен қатар, қала мен ауылдық округ әкімдіктерінде өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштары ашылып, онда интернет желісі мен компьютерлік техника орнатылды. 2025 жылдың өзінде Құлсары қаласы, Жаңа Қаратон кенті және ауылдық округтердегі өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштары арқылы 5 581 қызмет көрсетілді. Оның ішінде 1 625 азамат электрондық цифрлық қолтаңба алса, 3 956 қызмет электрондық форматта рәсімделген. Цифрлық сауаттылықты арттыру мақсатында мемлекеттік қызмет жәрмеңкелері 12 рет, онлайн форматтағы бейнеконференциялар 24 рет, «Ашық есік күндері» 13 рет ұйымдастырылды. Бұдан бөлек әлеуметтік желілер арқылы «Цифрлық агент» мобильдік қосымшасы, «Электрондық үкімет» порталының мүмкіндіктері кеңінен насихатталды.
Қазіргі таңда мемлекеттiк органдардың жеке және заңды тұлғаларды қолжетiмдi және сапалы мемлекеттiк қызмет түрлерiмен, соның iшiнде электронды форматта одан әрi қамтамасыз етуi мақсатында қала, кент және ауылдық округ әкiмдерiне, дербес бөлiмдерге көрсетiлетiн мемлекеттiк қызмет түрлерi бойынша есеп жүргiзуге тура келеді. Нақтыласақ, бөлiмдерге iшкi бақылауды ай сайын жүргiзу, қызмет көрсету мерзiмiн бұзған жауапты тұлғаларды тәртiптiк жауапкершiлiкке тартумен мемлекеттiк қызмет түрлерiн көрсетудiң сапасын арттыру мәселесiн ай сайын аппарат мәжiлiстерiнде қарастыру, одан бөлек, мемлекеттiк қызмет көрсетулердi бағалау шеңберiнде ұсынылатын есептi мәлiметтердi жинақтаудың, дәлдiгiнiң, толықтығының сапасы бойынша әдiстемелiк ұсынымдар жөнiндегi жұмысты жалғастыру және тұрғындардың сауаттылығын арттыру мақсатында түсiндiру жұмыстарын аудандық бұқаралық ақпарат құралдарына тоқсан сайын материал шығарылуын қамтамасыз ету ұсынылуда.
Осы міндеттердің барлығы бір мақсатқа, яғни, тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын одан әрі арттыруға бағытталған. Ауданда қолға алынған жүйелі бақылау, цифрландыру үдерісін кеңейту, халықпен кері байланысты күшейту және жауапты мамандардың кәсіби жауапкершілігін арттыру мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы оң нәтижелерді айқын көрсетіліп отыр. Бүгінде ауданда мемлекеттік қызметтерді ашық, жедел әрі сапалы ұсыну басты басымдықтардың бірі болып қалыптасты. Электрондық форматтағы қызметтердің үлесінің артуы, арыз-шағымдардың тіркелмеуі және тұрғындардың қанағаттану деңгейінің жоғары болуы – атқарылған жұмыстардың нақты жемісі. Алдағы кезеңде де бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеру арқылы халықтың мемлекеттік басқару жүйесіне деген сенімін нығайта түсу көзделіп отыр.
Алмат ТЕМІРЖАНОВ,
аудан әкімі аппаратының басшысы




