Мемлекеттік қызметтің жай-күйі және шектеулердің сақталуы

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Жылыой ауданы бойынша мемлекеттік қызметшілердің штат саны 109 бірлікті құрады, нақты саны – 106 адам.

Оның ішінде ерлер 34 (33 %), әйелдер 71 (67%), жастардың үлесі 20 (19 %) құрайды.

Мемлекеттік қызметшілердің 10-ы арнаулы орта білімді, 95-і жоғары білімді, 15 қызметкердің 2 және одан да көп жоғары білімі бар, 6 қызметкерде магистр дәрежесі бар, оның 3-еуі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясын тәмамдаған.

2022 жылы 2 мемлекеттік қызметшіміз аталған Академияға оқуға қабылданды. Оның біреуі өндірістен қол үзбей оқу бағдарламасы бойынша оқуға қабылданған.

2022 жылдың 12 айында ішкі және жалпы конкурстар нәтижесімен 28 азамат (2021 жылы 2 азамат) жұмысқа қабылданды.

2022 жылдың 12 ай қорытындысымен мемлекеттік қызметшілердің таза ауысымдылығы (мемлекеттік жүйеден кетуі) 5 адамды құрады. (2021 жылы 3 азамат).

2022 жылдың 12 айында 49 мемлекеттік қызметші біліктілігін арттыру семинарынан өтті, оның ішінде жоспарлы түрде 15 мемлекеттік қызметші, жоспардан тыс 34 мемлекеттік қызметші.

2022 жылдың 12 айында алғаш мемлекеттік қызметке кірген 6 тұлғаға сынақ мерзімі тағайындалды. Оның ішінде 5-уі сынақ мерзімінен ойдағыдай өтіп лауазымға тағайындалды. Бір қызметкер ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің жанындағы Академияға оқуға қабылдануы себепті, сынақ мерзімінің аяқталуын күтпей жұмыстан өз еркімен босатылды. Мемлекеттік қызмет атқару әрбір азамат үшін үлкен жауапкершілік, алайда оларға арналған белгілі бір заң шеңберінде шектеулердің бар екендігін бірі білсе бірі білмеуі мүмкін.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы Заңының 13-бабына сәйкес мемлекеттiк қызметшi: өкiлдi органның депутаты болуға, педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтi қоспағанда, басқа да ақы төленетін қызметпен айналысуға, кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, оның iшiнде коммерциялық ұйымды басқаруға тiкелей қатысу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның лауазымдық өкілеттіктеріне кiрмейтiн болса, ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға,өзi қызмет iстейтiн не өзiне тiкелей бағынысты немесе өзiнiң тікелей бақылауындағы мемлекеттік органда үшiншi тұлғалардың істерi бойынша өкiл болуға, өзiнiң қызметтiк жұмысын материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз етуге арналған құралдарды, басқа да мемлекеттiк мүлiк пен қызметтiк ақпаратты қызметтiк емес мақсаттарда пайдалануға, ереуiлдi қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және лауазымдық мiндеттердi орындауға кедергi келтiретiн әрекеттерге, қатысуға, лауазымдық өкiлеттiктерiн атқаруына байланысты азаматтар мен заңды тұлғалардың көрсетілетiн қызметтерін жеке мақсаттарында пайдалануға құқылы емес.

Егемен елімізге қызмет етемін деген әрбір азамат/азаматша, өз елінің патриоты болуы керек. Себебі, мемлекеттік қызметке орналасу, ең бірінші өзінің жүрек қалауы болуы керек, одан кейін мемлекеттік қызметке келген азамат мемлекеттің мүддесін білдіретіндігін жете түсінуі тиіс.

Мемлекеттік қызметтің Б корпусына енген әрбір жас алдымен нені білуі керек?

Әрбір мемлекеттік қызметші өзінің жұмыс орнында азаматтардың әрбір пікіріне барынша мұқият және мүдделілікпен қарауы, қай жерде және қандай себеппен туындаса да, туындаған жанжалдардың алдын алуға, не болдырмауға тиіс екендігін түсінулері керек. Себебі, мемлекеттік қызметке қабылданғанда шектеу мен мемлекеттік қызметшінің антын қабылдайды.

Кейбір азаматтар өздері істемеген соң сезіне бермеуі мүмкін. Негізінде мемлекеттік қызмет ауыр, кейде белгілі бір уақытқа сыймайды. Мұны осы салада жұмыс істеген адам ғана түсінеді.

Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын қиын, уақытқа бағынбайды деуіміздің өзіндік себептері бар. Өйткені кез келген оның қабылдауында болған адам мәселесінің тезірек шешілуін талап етеді. Бірақ қабылдаудағы адам мұны түсіне бермейді. Жедел шешімін табатын да, ұзақ уақыттан кейін шешілетін де мәселе бар. Осындай сәтте мемлекеттік қызметшілер келушіні сыпайы қабылдап, жағдайды барынша түсіндіруі керек. Бұл да оларға қойылған шектеулердің бірі. себебі, мемлекеттік қызметшінің қызмет әдебіне сәйкес мемлекеттік қызметші ең бірінші қарапайым болуы тиіс. Сонда ғана келген адам оның парасаттылығы мен өзін-өзі ұстау мәдениетіне риза болады.

"ҚР мемлекеттік қызметі туралы" Заңында көрсетілген шектеулерден басқа мемлекеттік қызметшілерге "Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде" де бірнеше шектеулер көрсетілген.

Сондықтан да мемлекеттік қызметтегі әріптестеріме қандай жағдай болмасын халықпен қарым қатынаста қарапайым болуға, заң талаптарында көрсетілген шектеулерді қатаң сақтауға шақырамын.

Жылыой ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) бөлімінің басшысы

Г.Мирманова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521