Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде отын-энергетика кешенінің Қазақстан экономикасында үлкен рөл атқаратынын айтты.
Президент мұнай-газ саласын одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтіп, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың алдына бірқатар нақты міндеттерді қойды.
Мемлекет басшысы Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ сияқты кен орындарына қатысты ауқымды жобаларды одан әрі жүзеге асыру қажеттігіне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қашағандағы мұнай өндіру деңгейін жүйелі негізде арттыру мақсатында Үкіметке Консорциумның мердігер компанияларымен бірлесіп, Қашаған кен орнын толыққанды игерудің Жол картасын келісуді тапсырды.
Президент еліміздің батыстағы кен орындарынан республиканың өзге өңірлеріне мұнай тасымалдау мәселесіне арнайы тоқталды. Ол «Кеңқияқ-Құмкөл» мұнай құбырын салу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы отандық нарыққа жеткізілетін мұнайдың азаю мүмкіндігіне байланысты алаңдаушылық білдірді.
- Ішкі нарықты мұнаймен қамтамасыз ету негізінен Ақтөбе және Қызылорда облыстарының кен орындары есебінен жүзеге асырылып отыр. Осы жағдайды ескерсек, отандық мұнай өңдеу зауыттарында өңделетін мұнай көлемінің төмендеу қаупі бар. Ресурстарымызды барынша тиімді және ұтымды пайдалану мақсатында Үкімет осы мәселені пысықтап, нақты ұсыныстар енгізуі қажет, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ химия саласының дамуы экономиканы жаңғыртудың маңызды бағыты екенін атады.
– Мұнай-газ химия саласы экономиканың басқа салаларына мультипликативті ықпал етеді. Әлемде мұнай-газ химия саласындағы көмірсутек шикізатының қолданылу үлесі 34%, ал Қазақстанда бар болғаны 0,2%. Полипропилен мен полиэтилен өндіру жөніндегі жобалардың іске асырылуы жалпы ішкі өнімнің жылдық өсімін орташа есеппен 1,5 пайызға жеткізуге мүмкіндік берер еді, – деп санайды Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті газ саласын дамытудың басымдығын арнайы атап өтіп, газ құбыры жүйесін дамыту ісінде жақсы нәтижелер бар екенін айтты. Бұл ретте, ол Үкіметтің назарын халықты газбен қамтамасыз ету қажеттігіне аударды.
– Елімізді газбен қамту деңгейі 50 пайызды құрайды. Бұл – 9 миллион халық деген сөз. «Сарыарқа» магистральды газ құбыры құрылысының жобасын іске асыру нәтижесінде еліміздің қосымша 2,7 миллион халқы газбен қамтамасыз етіледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстандағы геологиялық барлау мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша геологиялық барлау жұмыстарын күшейту арқылы минералды шикізат қорын сапалы толықтыру керек.
– Біз осы саладағы заңнаманы жетілдірдік. Енді осы бағытта нақты қадамдар жасау керек. Үкіметке 2020 жылдың 1 наурызына дейін әлемдегі минералдық-шикізат ресурстарына сұраныстың ұзақ мерзімді болжамын ескере отырып, геологиялық барлау бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай сервисінің индустриясы экономиканы әртараптандыру және өсу драйверлерінің бірі болып табылады. Мемлекет басшысы бұл мәселеде мұнай сервистерінен түсетін табыстың көмірсутегі экспорты табысынан асып түсетін Норвегияның тәжірибесін басшылыққа алуды ұсынды.
– Мұнай мен газ өндіруді арттыра отырып, біз заманауи мұнай сервисі кластерін құруға тиіспіз. Мұнай сервисі отандық шағын және орта бизнесті дамытуға, өнімді жұмыс орындарын ашуға, қосымша құны жоғары өндірістерді оқшаулауға айтарлықтай серпін береді, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент экологияны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелерінің маңыздылығын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, заманауи технологияларды пайдалану және ескірген жабдықтарды жаңарту, заттардың шығарылатын заттарды қысқарту, мұнай мен газдың ағып кетуінің алдын алу қажет. Мемлекет басшысы бұл жұмыстар бойынша мұнай-газ компанияларының ақпараттық ашықтығын және олардың экологиялық жауапкершілігін арттыру басты басымдыққа ие болатынын атап өтті.
Кеңейтілген кеңес барысында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, «Самұрық-Қазына «ҰӘҚ» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов, «Лукойл» ААҚ Ресей мұнай-газ компаниясының президенті Вагит Алекперов, сондай-ақ «Теңізшевройл», «NCOC» және «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компанияларының басшылары баяндама жасады.
akorda.kz