«Мелитополь операциясына» қатысқан...

Қайғы мен қасіретке толы Ұлы Отан соғысының аяқталғанына биыл – 80 жыл. Елі мен жерін қорғау үшін қан майданға аттанып, жан алып, жан беріскен жылыойлықтар да Жеңіс сағатын жақындатуға бір кісідей атсалысты. Бірі жат жерде оққа ұшса, енді бірі туған топырағына мүгедек болып оралды. Сондай ержүрек жауынгердің бірі - Әли Қошқаров.

Ол жөнінде жақында редакциямызға келген Тұрғызба ауылының тұрғыны Қуандық Қошқаров әңгімелеп берді. Ол майдан құжаттарында «Кушкаров Али» деп жазылған әкесі Әли Қошқаровтың 18 жасында майданға шақырылғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, әкесі 1925 жылғы ақпанның 23-жұлдызында Жылойдың Жаршық ауылдық советінде дүниеге келген. 1941 жылы неміс фашист басқыншылары Кеңес Одағына кенеттен шабуыл жасағанда 16 жастағы бозбала ауылда колхоздың малын бағып жүреді. Арада екі жыл өткесін, яғни, 1943 жылғы сәуірдің 13-інде оған да әскер қатарына шақырту қағазы келіп, көп ұзамай жылойлық жігіт аз ғана әскери дайындықтан соң жаяу әскер қатарына қосылады. Сол жылдың күзінде IV Украин майданының құрамында әйгілі «Мелитополь операциясына» қатысып, қанды көйлек жолдастарымен бірге жауға анталап ұмтылып, Днепр өзенінен өтуге күш салады. Қардай бораған оқ пен төбеден жауған оттың ортасында жан алып, жан беріскен ауыр шайқастарды бастан кешірген жас жауынгер қолынан ауыр жарақат алып, майдан госпиталінен бір-ақ шығады.

Майдангердің ұлы Қуандық Қошқаровтың айтуынша, дәрігерлер күрделі ота кезінде әкесінің аяғының бұлшық етінен ет кесіп алып, оны ауыр жарақат алған қолының етін бүтіндеу үшін тігіп салған екен. Міне, осыдан-ақ, жерлесіміздің қандай ауыр халде болғанын аңғару қиын емес. Госпитальда ұзақ емделген қатардағы жауынгер Әли Қошқаров елге соғыс мүгедегі болып оралды.

Қазақта «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген нақыл сөз бар. Соғыс кезінде Кеңес Одағының Қолбасшылығы фашистерді қалайда жеңу үшін адам шығынымен санаспады. Тіпті, жауынгерлерді жалаң қолмен де жауған оққа қарсы айдап салғаны тарихтан аян. Тіпті, қару жетіспей, екі-үш солдат бір мылтықты пайдаланғаны да аян. Днепрді алу үшін де мыңдаған кеңес әскері осылай жер жастанды. Оны көзі тірісінде айтып кеткен соғыс ардагерінің мына әңгімесінен де аңғаруға болады: «Ауыр шайқастан кейінгі қанды майдан алаңы. Есімді жисам айнала толы өлген жауынгерлер денесі екен. Ауыр жарақатымнан солардың арасымен әрең дегенде жорғалап шығып келе жатқанымда алдымнан немістер шыға келмесі бар ма?! Парша-паршасы шыққан қолымның жарақатымен оларға қарсы тұра алмайтынымды білдім де, өліктердің арасына қыбырсыз жата қалдым. Мені де өлдіге санаған фашистер әрмен қарай өз жолымен кете берді. Сөйтіп жер бауырлап жорғалай-жорғалай өз әскери полкіме аман жеттім» деген екен. «Осындай басқа да жан тебірентерлік оқиғалармен бөлісіп отыратын»-дейді ардагердің ұлы.

Майданнан жас жауынгер Әли Қошқаров кеудесіне «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін тағып қайтты. Әрине, ауыр жарақат алып, елге қайтармаса, бұдан да жоғарғы наградаға ие болар ма еді. Бірақ әңгіме марапатта емес. Бастысы, тұрғызбалық боздақ Отаны үшін отқа түсіп, бүгінгі ұрпағының бақытты өмірі үшін қан төкті, жанын да қиюға әзір еді. Ұлы Отан соғысының ардагері кейін 1985 жылы II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды. Өзге де мерекелік медальдары аз болмады.

Елге аман-есен оралған жауынгер 1950 жылы Ақбөбек есімді ауылдың бойжеткенімен отау құрып, жанұяда бес ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірді. Орал қаласындағы училищені бітіріп, тракторист – машинист, кейін оған қоса жөндеуші мамандығын да алып шықты. Ауылдағы «МТС» мекемесінде трактор сынды ауыр техникаларды жөндеумен айналысты. «Ембі» совхозының Қараша елді мекеніндегі №2 фермасында механизатор болып еңбек етіп, құрметті зейнеткерлік демалысқа қалды. 1994 жылы өмірден өтеді.

Жантүршігерлік жауынгерлік жорықты жолдан өткен ауылдың қарапайым азаматының қысқаша өмірі мен еңбек жолы осындай. Егер тірі болса, биыл жүз жасайтын қарт майдангерден суыртпақтап сұрапыл соғыстың біз білмейтін сырлары мен қырларын сұрап алар едік. Бірақ, амал не?! Көп құпия бейбіт күн үшін баз кешкен боздақтармен бірге жер астына кетті. Ендеше, келер ұрпақ соғыс салған қасірет-қайғының не екенін білмей өссін деп тілейік!

Азамат Молдашев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT