Мектеп директоры пара алды деген күдікпен ұсталды

Түсіндіру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілгеніне қарамастан сыбайлас жемқорлық көріністері орын алуда

Өткен сәрсенбіде аудан әкімдігінің мәжіліс залында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жергілікті ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссия отырысына аудан әкімі Халел Жамалов төрағалық етті.

Білім беру саласында жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға жол бермеу жөнінде қабылданып жатырған шаралар, «Жылыой-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің атқарған жұмыстары, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға жол бермеу жөніндегі шаралар туралы сөз болды. Сондай-ақ, С.Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттандыру және жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасау бойынша 2019 және 2020 жылдар аралығындағы атқарған жұмыстары, аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасында жемқорлыққа қарсы күрес бағытында қабылданып жатырған шаралар жайында, «Мед-Профи» ЖШС-дегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттандыру және жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасау бойынша 2019 және 2020 жылы атқарылған жұмыстар туралы мәселелер күн тәртібінің өзекті тақырыбы болды.

Отырыста қаралған алғашқы мәселе бойынша, аудандық білім бөлімінің басшысы Айбарша Қақпанбаева баяндама жасады. Баяндамашының сөзінше, аудандық білім бөлімі бойынша сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы іс-шаралардың жылдық жоспары бекітілген. Білім беру ұйымдарында жөндеу жұмыстарын жүргізуге, мектеп бітіру кеші мен мектепішілік шараларды өткізуге ата-аналар мен оқушылардан ақша жинауға тыйым салу мақсатында бұйрық шығарылып ауданның барлық мектептеріне, балабақша ұйымдарына жолданып, қызметкерлерге таныстырылған. Сондай-ақ жемқорлыққа қарсы шаралар ұйымдастыру барысында білім беру ғимараттарында қосымша баннерлер мен сенім телефондары орнатылған. Соңғы бір жылда жүргізілген жұмыстар бойынша баспасөз беттерінде 14 мақала жарияланған.

Аудандағы барша білім беру ұйымдарында жемқорлықпен күрес шаралары тұрақты өткізіліп, түсіндіру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілгеніне қарамастан сыбайлас жемқорлық көріністері орын алуда. Парақорлар мен жемқорлар айылын жияр емес, керісінше ар мен ұятты ысырып қойып, жемсауын жемге толтыра алмай әлек болуда.

20 тамыз күні облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мамандары баланы мектепке дейінгі сыныпқа қабылдау үшін аудандағы мектептердің бірінің директорын делдал арқылы білім бөлімінің бас маманынан 20 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұстаған болатын. Күдіктілер кінәсін толық мойындап, іс бойынша тергеу жүргізілген. Бұл туралы ақпарат «Kazinform» сайтында жарияланды. Осы мәселеге қатысты аудан әкімі бөлім басшысына өз сауалын жолдап, білім беру саласы қызметкерлерінің бірлескен сыбайластық қылмысқа не себептен жиі баратынын сұрады. Айбарша Мелсқызы өзінің білім беру ғимараты ішінде де, мектептерді үнемі жағалай жүріп те мектеп директорларының басын қосып жиналыстар өткізуден кенде еместігін, десе де осындай келеңсіз оқиғаларға тосқауыл бола алмай отырғанын айтып, кешірім сұрады. Жоспарланған жиналыстар мен шаралардың тұрақты түрде өтетініне мына отырған мектеп басшыларының өздері куә деп, жиынға қатысушы директорларды нұсқады ол.

«Жылыой-адалдық алаңы» кеңсесінің басшысы Мадина Әбдіғалиева күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша баяндама жасап, жыл бойы атқарған жұмыстардың есебін берді. Аудан, қала, ауылдық округтердің әкімдерімен және орынбасарларымен, ішкі саясат бөлімінің басшысымен бірге жергілікті дербес бөлімдердің жұмыстарына жүргізілген мониторинг шараларының барысын қысқаша айтып өтті. Аудандық аурухана мен емхана қызметкерлерімен, мектеп оқушылары және ұстаздармен өткен жиналыстар легіне нақты тоқталды. Пошта қызметінің құлдырап кетуінің себеп-салдарын анықталғанын атап өтіп, жоғарғы деңгейдегі қызмет көрсетуді қайта қалпына келтіру үшін облысқа қағаз жүзінде өз ұсынысын білдіргенін де жасырмады. Қала көшелерінің тазалығы да назардан тыс қалмады. Бақылау жұмыстары кезіндегі фотосуреттер мен бейнежазбалар экран арқылы қатысушыларға ұсынылды. Сонымен қатар алдағы атқарылуға тиіс жұмыстарға да тоқталып өтті.

Атауы жоғарыда көрсетілген аудандық колледждердің ғимараттары ішінде де сыбайлас жемқорлыққа қарсы студенттердің қатысуымен көптеген іс-шаралар ұйымдастырылған. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінде жыл басынан бері санаулы ғана басқосулар өткізілген, орын алған төтенше жағдайға байланысты өткізілуі қажет біраз шаралар кейінге қалған. Дегенмен де бөлім басшысы М.Зинуллин қол астындағы қызметкерлеріне жемқорлыққа жол бермес үшін жиі кеңестер беріп тұратынын айтады.

Ш.ХАМИТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521