МЕЙІРІМДІ МАЙКӨМГЕН ХАЛҚЫ

5 сәуір. Уақытпен санаспай ақпарат майданында дамылсыз еңбек етіп жаттық. Тасқын су қарқыны қатты еді. Ауданда төтенше жағдай жарияланды. Түні бойы бас редактордан, оған қоса облыстан шұғыл жариялануы тиіс материалдар ағылып келіп жатты… Осылайша күні бойы тапсырмаларды дереу орындап бақтым.
«Су қазір бізге келіп қалса не істеймін?» деп ойланып отыруға да шама жоқ, үйдің тірлігі, бала-шаға жайына қалды. Жолдасым жұмыстан сұранып келіп, топан суға тосқауыл боламыз деп ол кетті. Сөйтіп түнгі сағат 2-лерде ата-анамыз келіп, менің төрт баламмен Майкөмгенге барғаным жөн болар деп шешіп, көлікке отырғызып жіберді. Әлеуметтік желіден қанша фото, видео көрсем де өз көзіммен көрмеген соң іштей сенбедім. Соңына дейін бөгеттердің бізді қорғап қалатынына сенімді болдым. Бірақ өте көп көлемде келе жатқан тасқын жолындағының бәрін жайпап өтті.

Қош, үйден шықтық. Құлсарыдан Ақтау бағытындағы тасжолға шығу үшін көліктер ұзын-сонар кезек, үрейге бой алдырған адамдар у-шу, дабыл соғылуда, көп тұруға мәжбүр болдық, қайсыбірі 4 сағат сол кептелісте күтіп, көлікке қонуға мәжбүр болды. Жақын жердегі Майкөмген, Боранқұл ауылдарының азаматтары жолаушыларды тегін тасымалдап жатқанда, ұят та болса айтайын, біздікілер 5-ықшамауданынан қаланың сыртындағы “Ташкентке” дейін 4000 теңге сұрағаны қай сасқаны?!

Бұл - жалғыз менің ғана емес, мыңдаған жылыойлықтың басынан өтті. Еркек кіндік атаулы отбасыларын қауіпсіз жерге жіберіп, өздері өр суына төтеп беретін бөгеттерді тұрғызып жатты. Сонда да бұл тасқын мыңдаған шаңырақты жалмап кетті, онымен қоса мектептер, кәсіпкерлік нысандар, тасжолдар, әкімшілік ғимараттар…

Сөйтіп жолға шығып кеттік, алдыартымыздың шегі жоқ көліктер. Ауылға келіп, әуелі мектепке жолығайын дедім, ондағылар орын жоқтығын айтты. Бірекі танитындарым, туыстарым бар еді, мектептің алдында ауылдың жастары тұр екен. “Жанұзақтың үйі қайда?” дедім, жақын екен, бір мың болғыр бала екен жол көрсетіп, үйіне жеткізді. Таңғы сағат 3 жарым. Есік ашық тұр екен, үйдегі келіншекке жағдайымызды айтып жатсам ол: “мектептегілерге хабарлап қойған едім, қаладан адамдар келіп жатса, біздікіне жіберіңдер, залда орын бар” деп айтып қойған екен. Төсек салып берді, неше күннен дұрыс көз ілгем жоқ, тасқыннан үрейім ұшып жүрген мен балаларымды алып, қор етіп ұйықтап қалыппын. (Бізден бұрын бір келіншек үш баласымен күндіз келіп алыпты, бізден кейін де бір баласы бар тағы бір отбасы келді осы үйге). Ертесіне таңертең тұрғасын Аққағаз анамызға амандасып шай іштік, біраз әңгіменің басын қайтардық-ау…

Абдыраған халық жан-жаққа – Теңіз кеніші, Бейнеу, Шетпе, Ақтау қалаларына эвакуацияланды. Осы тұста айтпағым, төтенше жағдай жарияланғаннан бастап көршілес ауылдар мен қалалардан еріктілер өз көліктерімен алып кетіп, жолда сабылып жаяу келе жатқан құлсарылықтарға үй-жай, төсекорын, тамағын әзірлеп күтіп алып орналастырып жатты. Біз де төрт күн бойы Аққағаз анамыз бен бала-келіні Жанұзақ пен Фатиманың қонақжайлылығына тәнті болдық. Бір-бірімізді танымасақ та, бұрыннан жақсы таныс сырлас апалы-сіңлілі сияқты болып кеттік. Үш келіншек асүйге кіріп, үйдегілерге ас әзірлейміз, бала-шаға қаладан мезі болған, ауылға келіп ойынның түбін түсірді. Фатимама қанша мақтау айтсам да жарасады, өзі пысық, жарқын жүзді, бір қабағын шытпай, кеткенше асты-үстімізге түсіп, қызмет қылудан шаршамады. Оның ыстық бауырсағы мен балдай шұбатын айтпай кетуге болмайды, тіл мен көзден аман бол. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Майкөмген ауылы осындай естеліктерімен жүрегімнің төрінен орын алды. Ел басына күн туғанда өзектен теппеген Жанұзақ пен Фатимаға, ауыл әкімі Нұржарық Сауытовқа, №17 мектеп әкімшілігіне алғыс айтамын. Еңбектеріңіз Алладан қайтсын демекпін.

Жалпы Майкөмген ауылы сол сәуірдің 5-інен 6-сына қараған түні, одан кейін де бес мыңнан астам құлсарылыққа пана болған екен. Нұржарық Сағиұлының айтуынша, олар округтегі мектепке, балабақша мен денешынықтыру спорт кешенінің ғимараттарына, ал сыймағаны ауыл тұрғындарының үйлеріне орналастырылды. Азы 10-15 адамнан, ең көбі 150 кісіден жайғасты. Әкімнің ұйтқы болуымен ауыл халқы ұйымдасып, құлсарылықтар үшін бір жылқы мен бір сиыр, он бастың үстінде қой сойып, қолда барымен бөлісті. Жан-жақтан келген гуманитарлық көмектен де құр қалмады. Мұның барлығы қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған Майкөмген жұртының ауызбіршілігі мен жомарттығының арқасында жүзеге асты.
Жансая ЖЕТКІЗГЕНҚЫЗЫ, веб-редактор

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521