Медиаторларға басымдық берілмек

Өткен аптада "Нұр Отан" партиясының аудандық филиалында аудандық соттың ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өткізілді.

Оған аудандық соттың судьялары, аудан прокуроры Д.Медетбеков, аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері, ауданымыздағы кәсіби және кәсіби емес медиаторлар қатысты. Шараны аудандық соттың төрағасы Б.Жұмабаев ашып, жүргізіп отырды. Аудандық соттың судьясы Жәнібек Аятов қылмыстық істерде медиаторлардың қатысуын жандандыру бағытында баяндама жасады. Кәсіби медиатор Гүлзира Қорқытова медиация туралы заңды кеңінен түсіндіріп өтті. Оның берген мәліметі бойынша АҚШ-та даулы істердің 95 пайызы сотқа жетпей, бітімгершілік жолмен шешілетін көрінеді.

Бүгінде ауданымызда 2 кәсіби және 9 кәсіби емес медиатор жұмыс жасайды. Дегенмен азаматтар бұрынғыдай қандай да бір мәселе бойынша бірден сотқа жүгінумен келетін көрінеді. Сот төрағасы қазіргі кезде мемлекетіміздің саясаты адамдарды қоғамдық келісімге шақыру екенін түсіндіре келе, сотқа жолданған азаматтық істер міндетті түрде медиаторлардың алдынан өтетінін жеткізді. Кәсіби емес медиаторлар Ж.Демесінов, Б.Нұржанов, Ж.Байжанов, Ж.Ізбергеновтер өздерінің ойларын айтып, ұсыныстарын жеткізді. Аудандық ішкі істер бөлімі бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары С.Тасқалиев, тергеу бөлімшесі бастығының орынбасары М.Дәрібаевтар жеңіл және орта дәрежедегі қылмыстық істерді медиаторлардың араласуымен шешу жолдары туралы әңгімелеп өтті. Ауданымызда аз ғана уақыт ішінде тергеу бөліміне түскен 4 іс медиатордың араласуымен оң шешілген.

Қ.ДҮЙСЕНБЕТОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT