1967 жылдың қараша айы еді. «Жаңа шаруа» орта мектебін бітіріп, аудандық, «Коммунизм туы» газетіне әдеби қызметкер болып жұмысқа тұрғаныма екі-үш айдан жаңа асқан. Қазан айының басында бұрынғы редакторымыз Төлеубай Ысқақов көрші Индер ауданының "Индер" газетіне редактор болып ауысты да, ол кісінің орнына редактордың орынбасары Ізни Нұрқасымов редактор болған. Редакцияда Арыстанбек Наурызғалиев, Әнуарбек Қосанов, Қабижан Сағиев, Төлеген Жаңабаев сияқты нағыз "сен түр, мен атайын" дейтіндей кілең қаламдары қарымды жігіттер қызмет істейтін. Бес-алты кабинетте аудандық газеттің күнделікті қарбалас жұмыстары қызып, біреу келіп, біреу кетіп үнемі абыр-сабыр болып жататын. Күн сайын облыстық “Коммунистік еңбек" газетінен, облыстық радиодан жігіттер телефон соғып, жаңа хабарлар сұрайтын. О кезде меншікті тілші деген жоқ. Сондай күндердің бірінде телефон шылдыр ете қалды. Көтерсем арғы жағынан саңқылдаған бір ашық дауыс "Жолдығали деген бала бар ма?"-деп сұрады. Мен: "Жолдығали деген тыңдап тұр, бірақ ол бала емес",-дедім. Арғы жақтағы адам саңқ етіп күліп жіберді де: “Жарайды, бала болмасаң болмай-ақ қой, өзің нешедесің?"-деді. Мен "Он жетідемін"- дедім. "Жақсы, бала дегеніме ренжіме, бірақ бізге қарағанда шынында баласың ғой, мен Меңдекеш Сатыбалдиев деген ағаңмын. Сенің біраз өлеңдерінді алдық. Бізге бір суретің мен қысқа өмірбаяныңды жазып жібер. Сәт сапар тілеп, төрт-бес өлеңінді жариялағалы отырмыз. Ал қазір Қабижан Сағиев ағаңды телефонға шақырып жіберші",-деді. Мен жүгіріп барып Қабижан Сағиев ағаны шақырып келдім. Екеуі ұзағырақ сөйлесті. Мен есеңгірегендей біраз отырып қалдым. Мына телефон соққан шынымен де ақын Меңдекеш Сатыбалдиевтің өзі ме? Себебі бұл кезде облыстың әдеби ортасына ақын Меңдекеш есімі жақсы таныс еді. Оның өлеңдері облыстық "Коммунистік еңбек" газетін былай қойғанда, "Лениншіл жас", "Қазақ әдебиеті" газеттерінде, “Мәдениет және тұрмыс", "Жұлдыз" журналдарында жиі жарияланатын. Тіпті “Маңқыстау" деген тамаша жыры “Ара” журналында да жарық көргені есімде. Бұл сол кездегі партия мен үкіметтің жас әдебиетшілерге қатты көңіл бөліп жатқан кезі еді. Мысалы, 1963 жылы "Жұлдыз" журналының тұтас бір нөмірі өлең, әңгіме жазып жүрген жастарға арналды. Сол нөмірдежылойлық жас ақын Аманқос Ершуовтің:
Ақ бұлттар, қара бұлттар, бұлттар, бұлттар,
Көрдің бе аспанда да алалық бар.
Қарт та болса біреуде шалалық бар,
Жас та болса біреуде даналық бар, -деп талайлар тамсана оқитын әдемі өлеңі шықты. Сол кезде жаттап алған осы төрт жол өлеңді содан бері қырық төрт жыл өтсе де әлі күнге ұмытқан жоқпын.
Міне, осы кезде сатырлаған жыр бәйгесіне Меңдекеш Сатыбалдиев, Қабиболла Сыдиықов, Нұралы Әжіғалиев, Марат Отаралиев, Күзембай Әміров, Қабижан Сағиев сияқты жас таланттар қосылды. Ол уақытта баспасөз бетінен жақсы бір өлең оқу біз сияқты сары ауыз балапандарға үлкен бір мереке еді. Сол кезде қазақ әдебиеті көгінде енді-енді таныла бастаған Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Жүсіп Қыдыров, Жұмекен Нәжімеденов, Мұхтар Шаханов өлеңдерін түгелге жуық жаттап алатынбыз. 1966 жылы "Жазушы" баспасынан Меңдекеш Сатыбалдиевтің пышақтың қырындай түңғыш “Ақ моншақ", Фариза Оңғарсынованың "Сандуғаш" кітаптары шыққанда ондағы өлеңдерді тамсана оқи-оқи түгел жаттап та алдық. О заманда кітап шығару өте қиын еді. Шыны керек, нағыз ақындар мен жазушылардың ғана кітаптары шығатын. Бұған дейін өзін көрмесем де өлеңдері арқылы жақсы білетін Мендекеш ағамен менің алғаш тілдесуім осылай болған еді. О кездегі адамдардың бір-біріне деген қамқор көңілі, қалайда бір көмек қолын созғысы келіп тұратыны ғажап еді! Әсіресе, жаңа жаза бастаған жастарға деген
ағалардың ізгі көмектері керемет болатын. Меңдекеш аға да менің біраз тырнақалды өлеңдерімнің облыстық "Коммунистік еңбек" газетінің бетінде жарық көруіне көп көмектесті.
1968 жылдың көктемінде мен өзім сұранып әскер қатарына кеттім. Жауынгерлік борышымды Украин ССР-інің Остер, Конотоп, Чернигов, Киев қалаларында өтедім. Бірақ екі жыл бойы қол босаған сәттерінде өлең жазумен болдым. Оларым аудандық “Коммунизм туы” мен облыстық "Коммунистік еңбек" газеттерінде шығып тұрды. 1969 жылы маусым айында “Коммунизм туы” газетінде редактордың орынбасары болып қызмет атқарып жүрген Қабижан Сағиев ағамнан тұтас 4-5 бетті алып жатқан көлемді хат алдым. Онда ол өзінің шетқақпай көріп жүргенін, газет қызметіне қатыспайтынын, енді Махамбет ауданына кеткелі жатқанын, өзінің албырт та қызу мінезімен көп адамға жақпай жүргенін тебірене, қинала жазыпты. Біраз сырын айтып, шерін тарқатыпты. Хатының соңында ғана Меңдекеш Сатыбалдиев ағамыздың Алматыға ауысып, қазір "Қазақстан" баспасында қызмет істеп жатқанын айтыпты. 1970 жылы әскер қатарынан босап Алматыға келдім. Құжаттарымды КазГУ-дің журналистика факультетіне тапсырдым. Сол жазда жолым болып оқуға түсіп кеттім. Күзде бір ай Шелек совхозының Байсейіт бөлімшесінде темекі жинап, қыркүйек айында сабақты бастадық.
Студенттік өмір кім-кімнің де бүкіл өміріне жетерлік білім алатын, кітапханаларда сағаттап отыратын, сонымен бірге әдеби-мәдени ортамен жиі аралсатын ең бір ұмытылмас кезеңі екені анық. Оның үстіне о кезде бұрын аттарын газет-журналдардан ғана білетін атақты ақын-жазушылармен кездесу кештері жиі өтіп тұратын. Біздің бір бақытымыз, сол жылдары - Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Бауыржан Момышұлы, Мұхамеджан Қаратаев, Әбділда Тәжібаев, Ғали Орманов сияқты қазақ әдебиеті алыптарымен өткен кездесулерге қатысып, ұлағатты сөздерін тыңдадық. Қолтаңбаларын жаздыртып, кітаптарын алдық. Адам ұлы болған сайын қарапайым бола ма, осы кісілердің бәрі де өте кішіпейіл, мәдениетті еді. Жас демей, бала демей өздері біздермен тең дәрежеде сөйлесетін. Сондай күндердің бірінде “Қазақстан" баспасына Меңдекеш ағаны іздеп бардым. Баспа о кезде Совет көшесі, 50 үйде орналасқан-ды. Шағындау бөлмеде отырған ағаны бірден таныдым. Ат жақты, аққұба өңді, қара бұйра қою шаштарын кейін қайырған ақын ағаның бойынан ерекше бір тектіліктің белгісі сезіледі. Неге екені белгісіз біртүрлі көңіл- күйі болмай отыр екен. Соның өзінде жарқылдай күліп, жай жадырай амандасты.
-«Ана бір жылы, бала» деп бір ұрыс естіп қала жаздағаным есіңде ме? Сырттай бәрін естіп жатырмын. ҚазГУ-ге түсiпсiң, ал құтты болсын! Мен де астанаға келдім. Әдеби орта осында ғой. Елде жүріп танылу қиын. Қазір осы баспаның көпшілік әдебиеттер редакциясын басқарып отырмын. Бірақ бұл кызмет уақытты жеп қояды екен. Газет-журналдарға шақырып жатқандар бар. Сірә, солардың біріне ауысатын шығармын,-деп өз жайынан да біраз хабар беріп үлгерді. Содан бастап Мендекеш ағамен жиі хабарласып тұрдым. Жазған өлеңдерімді апарып көрсетемін. Ол кісі асықпай түгел оқиды. Ақыл-кеңесін береді. Ұнатқандарын іріктеп алып "Тұманбай ағаңа оқытып ал" деп қоя береді. Тұмағаң “Балдырған" журналында жауапты хатшы. Күн сайын Тұмағаңның алды біз сияқты өлеңді жаңа жаза бастаған сары ауыз балапандардан бір босамайды. Ақын бірде көл болып қуанып, енді бірде шөл болып ренжіп отырады. Қуанып отырса өлеңдеріңді түгел оқып, үстіңгі маңдайына “Сейдаға! Тұнық болашағынан үміт күтетін жас екен. Мына бір топ өлеңін жариялауға қол ұшын бергейсің. Тұмашың” деп қолын қойып жетінші қабаттағы «Лениншіл жастың» редакторы Сейдахмет Бердіқұловқа жұмсайды. Томпаңдап ол кісіге жетем. Ол кісі өлеңдердің үстіне сол қолымен бір нәрсені сүйкейді де: "Сағат Әшімбаевқа апарып бер” дейді. Сағат Әшімбаев пен Оралхан Бөкеев әдебиет пен өнер бөлімінде істейтін жігіттер. Екеуін де жақсы танимын. Сөйтіп жүріп азар деп өлеңің де шығады-ау. Бәрі балалық қой. Екінші, үшінші курсқа келгенде бүл әдеттен арыласың. Бұл кезде ненің не екенін, кімнің кім екенін білесің. Өзің пір тұтатын ақын,
жазушылардың алдына баруды да сиретесің. Атам қазақ "тауларды алыстан қызықта, қасына барма" деген ғой. Кейбіреулерінің пендешілігін көргенде жаныңнан түңілесің. Көбі ішеді. О заманда ішу деген мода болды. Керемет дегенақындар мас болып көшеде жататын. Көрсе сыраханаларға сүйрейтін. Ал Меңдекеш ағамыз арақ түгілі, сыра да ішпейтін. Бірақ ішкен адамнан бетер әзілқой, қалжындауға құмар еді. Көп кешікпей Мендекеш аға "Мәдениет және тұрмыс" журналына жауапты хатшы болып ауысты. Енді біз көбіне қаламақы алатын жерде кездесетін болдық. Бұл Меңдекеш Сатыбалдиевтің ең бір өндіре жазған жұлдызды жылдары болды. 1966 жылы "Жазушы" баспасынан шыққан “Ақ моншаққа” ілесе 1968 жылы “Шулайды толқын”, 1970 жылы "Күн шуағы” өлеңдер мен дастандары, “Жартастағы жазулар" атты очерктер мен “Қоңыр қозы" повесі кітаптары бірінен кейін бірі шықты. Бейне бір ақынның екінші тынысы ашылғандай болды, өлеңдері де ерекше бір шабытқа толы еді. Әттең, 1973 жылы жазғы демалысқа кетіп бара жатқанда Меңдекеш ақынды соңғы рет көріп тұрмын деп ойлаппын ба? Аяқ астынан ақынның жазым болған хабарын естігенде шошып кеттік. Сол күндері бүкіл қазақ әдебиетінің күңіреніп, қайғыдан қан жұтқанын газет-журналдардан оқыдық. Кейде денсаулық, өмір жайында әңгіме болғанда Меңдекеш аға өзінің тұл жетім өскенін, бала кезде көп қиындық көргенін, бірнеше рет операция жасатқанын, өкпесі мен бұғанасының жартысы жоқ екенін, бірақ елу жасқа қалайда жетуі керектігін әзіл-шыны аралас айтып отыратын. Тағдыр оны дегеніне жеткізбеді, бар болғаны 36-ақ жасында арамыздан жұлып әкетті. Өкінішті. Өте өкінішті! Амал не, тағдыр ісіне не шара! Сол жазда аудандық "Коммунизм туы" газетінде жазғы практикада болдым. Меңдекеш аға қазасын естігенде қатты қайғырып, бірнеше өлең, арнайы мақала жаздым. Шын жүректен шыққан дүние болғасын ба, олардың бәрі де жан тебірентерлік еді. Бірақ бұл мақаламды "Коммунизм туының" редакторы, өмірде маған көп жақсылықтар жасаған Ізни Нұрқасымов ағам газетке шығартпады. "Шырағым, совет адамдары пессимист емес, оптимист болуы керек. Сенің мына мақалаңды оқыған адам еріксіз жылайды. Ал біз коммунизм құрушыларын жылатуға емес, жаңа еңбек табыстарына жігерлендіруіміз керек",-деді ол кісі. Амал жоқ, мақаламды облыстық "Коммунистік еңбек" газетіне жібердім. Бірақ бұл мақала сол жылы емес, Мендекеш ақынның қайтыс болғанына бір жыл толғанда шықты. Осы мақала арқылы өмірде көп көмегі болған асыл аға алдындағы азды-кем парызымды өтеген сияқтымын.
Біреулер күн жаумай су болып, екі иығы бүрісіп, қара аспанды төндіріп, үнемі зарлайды да жүреді. Тіпті төрт құбыласы түгел жандардың да иіні түсіп жүретін кезі болады. Мұндай әдет Меңдекеш ағаға жат еді. О кісі үнемі жарқылдап, күлсе қарқылдап жүруші еді. Бірнеше операция жасатып, денсаулығы жиі сыр беріп жүрсе де қайғыруды, моюды білмейтін жайсаң да жампоз, нағыз жігіттің төресі болатын. Әттең, ерте, тым ерте кетті. Ең болмаса өзі армандаған елуге де, тіпті қырыққа да жете.алмады. Бірақ артына қанша өлмес мұра қалдырды. Осы ғана көңілге медет. Меңдекеш Сатыбалдиев төкпе ақын еді. Сонымен бірге оның өлеңдері өмірдің өзіндей қарапайым еді. Жанға жылы, жұмсақ та нәзік еді. Оқыған сайын оқи берсем дейтінсің. Мысалы, оның жасөспірім кезінде жазған мына өлеңіне имандай сенесің.
Арман үшін!
Аяман жанды мына!
Жамандықтың көнбеймін даң-дұңына.
Жақсылықты ақ жібек ауаға орап,
Үлестірем дүниенің барлығына.
Рас, рас, бұл оның нағыз шыны болатын. Енді ақынның мына өлеңін оқып көрелік.
Неге тоқпыз азды-көп мал тапқанға
Бірде қалып, бірде оза шапқанға.
Сәл нәрседен құшақтасқан адамдар
Сәл нәрседен пышақтасып жатқанда.
Аш қарынның тоқ болмағы-сәл нәрсе,
Қорғасынның оқ болмағы-сәл нәрсе.
Қақпан жатыр-қамсыздыктың түбінде,
Адамның да жоқ болмағы-сәл нәрсе.
Оу, адамдар, ой жүгіртіп осыған
Қамықсаңдар-қамығуға қосылам-
Күллі әлемнің ойлағанда тағдырын,
Сәл нәрседен жаңылудан шошынам.
Ақынның осы өлеңін оқыған сайын
менің көз алдыма қазіргі өмір келеді.
Бәлкім о кезде де имансыздар болған шығар, қазір тіпті сұмдық қой. Ақша, дүние үшін кеше доспын деп жүргендер бүгін бірін-бірі пышақтап, атып жатқан жоқ па? Әрине, Меңдекеш өлеңдерін талдаса оның үлкен диссертацияға жүк болары анық. Оның бәрін бір шағын мақалаға сыйғызу тіпті мүмкін емес. Ақын өзінің мына жалған дүниедегі ғұмырының онша ұзаққа созылмасын білген сияқты. Өмірде өршіл де өр, көңілді де ақ жарқын ақын жырларында ғана шын сырын ақтарған. Сұмдық! Сұмдық болмаса мына жолдарды жазар ма еді!
Бетіме ызғар беттей ме,
Тұрғанда өрттей тұтап мен.
Айқаста жықсам жетпей ме,
Жалғыз-ақ палуан кітаппен!
Күшiне көптің сыйынғам,
Көптіктен қашқам жоқ, шырақ.
Өмірдің заңы-қиын заң.
Аз-аздап алу, көп сұрап.
Одан мен сірә, қорқам ба,
Өкінбен, нұрлы төңірек.
Азырақ болып ортаңда,
Көңілінде жүрсем көбірек...
Оқисың да қамығасың. Ақын тағдырына қиналасың. 36-ақ жас! Қып-қысқа ғана ғұмыр. Ал осы аз ғұмырда мәңгі өлмес дүниелер қалдырғаны ше?! Әттең, шолақ тағдырға не айтарсың! Дәтке қуаты-қолда бар өлмес туындылары. Демек, ақын Меңдекеш Сатыбалдиев те мәңгі тірі.
Жолдығали Бақытов,
ардагер журналист