Кең Жылыой мекені, Ақкиізтоғай ауылында дүниеге келген "құйрықты жұлдыздай ағып өткен" танымал тұлға, ақын, прозаик, аудармашы, журналист Меңдекеш Сатыбалдиевтің мерейлі 85 жасқа толуына орай өткізіліп жатқан облыстық Меңдекеш оқулары байқауы кезең-кезеңімен жалғасын табуда.
Ақынның әдеби шығармашылығы – бүгінгі күннің биік эстетикалық талғамы мен талабына жауап беретін, идеялық - көркемдік жағынан аса құнды еңбек. Өлең өлкесіндегі алғашқы адымдары – тырнақалды туындыларында-ақ өзіне тән қаламгерлік мәнерімен, өлеңдегі өзгеше өрнек - нақышымен, мәйекті тіл, ұтқыр ұйқасымен, сыршыл сазымен әдебиет әлеміне еркін еніп, қазақ жырының қалың көшіне іркілмей ілескен Меңдекеш Сатыбалдиевтың ақындық болмыс-бітімі оның көркем дүниелерінен айқын аңғарылады.
Ауданда облыс көлемінде өткізіліп жатқан «Меңдекеш Сатыбалдиев оқулары» байқауының 4 кезеңі бойынша қатысушылар бақ сынауда. Ақынның прозалық шығармаларын ұшқыр қиялмен ұштастырып, иллюстрациялық суреттер салу кезеңі бойынша облыстың әр аумағынан келген 10 жас суретші өз өнерлерін ортаға салуда. Байқауға қатысып жатқан 8-10 сынып оқушылары.
Қылқалам шеберлері облыстық байқауда «Қоңыр қозы» хикаясынан ұсынылған шығарма үзінділерінің бірін таңдап, иллюстрациялық суреттер салып, шығармашылық өнерлерін көрсетуде. Байқау қатысушыларына берілген межелі уақыт – 3 сағат.
Айта кетейік, байқауда жас ақындар да өз туындыларын ақын құрметіне арнауда.
А.Таубай