Қай мемлекетте болмасын мәдени мұраны сақтау бұл өткенді құрметтеу ғана емес, болашақты қалыптастыру. Күні кеше талқыға түскен жаңа Конституция жобасы мәдени-әлеуметтік құндылықтарды мемлекеттің стратегиялық дамуының өзегіне айналдырып отыр.
Бұл құжат Қазақстанды әділетті, мәдениеті жоғары, білімге негізделген және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті терең сезінетін өркениетті мемлекет ретінде қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам деп бағалануда. Тарихи-мәдени мұра елдің рухани негізі ғана емес, конституциялық құндылықтар жүйесінің айрықша маңызды факторы. Бұл ұғым адамның мәдени-тарихи санасын қалыптастырып қана қоймай, ұлттық бірегейлік пен қоғамдық келісімді нығайтуда басты рөл атқарады. Осы ретте мәдени мұраларды сақтау және қорғау туралы елімізде атқарылып жатқан жобалар мен жұмыстарға тоқталсақ.
Өткен жылдың сәуірінде өткен Үкімет отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда материалдық емес мәдени мұра элементтерінің Ұлттық тізімі қайта қаралып, толықтырылғанын атап өткен еді. Қайта зерделеу нәтижесінде бұған дейін 45 элементтен тұрған тізім 79 элементке дейін ұлғайды. Бұл – ұлттық рухани қазынаны жүйелеу мен сақтауға бағытталған маңызды қадам. Материалдық емес мәдени мұра – халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, өнері, қолөнері, музыкасы, фольклоры мен ұлттық ойындары. Ол ұлттың рухани коды, тарихи жадтың тірі көрінісі. Осындай құндылықтарды Ұлттық тізімге енгізу оларды зерттеуге, қорғауға және келер ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстан атынан ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне 14 элемент енгізілген. Бұл еліміздің рухани мұрасы халықаралық деңгейде мойындалғанын білдіреді. Қазақстанда тарихи-мәдени мұра объектілерінің жалпы саны 25 мыңнан асады. Оның ішінде республикалық маңызы бар 265 тарихи және мәдени ескерткіш, жергілікті маңызы бар 12 мыңнан астам ескерткіш тіркелген. Бұл көрсеткіштер еліміздің мәдени қабатының тереңдігін және тарихи сабақтастығын айқын көрсетеді.
Сонымен қатар ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне Қазақстанның 10 тарихи және мәдени ескерткіші енген. Бұл нысандар тек ұлттық қана емес, адамзат өркениеті үшін құнды мұра ретінде танылған. Ұлттық тізімді кеңейту формальды статистика емес, бұл мәдени саясаттағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Қайта зерделеу арқылы ұмыт қалған немесе толық зерттелмеген элементтер анықталып, өңірлік мәдени ерекшеліктер ескеріліп, ғылыми сараптаманың сапасы артады, мұраларды қорғау тетіктері күшейтіледі.
ЮНЕСКО-дағы қазақ мәдениетінің орны
Мәдени және тарихи мұра белгілі бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың баға жетпес байлығы. Оның кез келген бөлігінің жойылуы немесе бүлінуі адамзат өркениетінің ортақ мұрасының кемуімен тең. Осыны ескере отырып, 1972 жылы ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттер Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы Конвенцияны қабылдады. Бұл құжат адамзаттың орны толмас мұрасын анықтауға, қорғауға, сақтауға және кеңінен танытуға бағытталған негізгі халықаралық құқықтық құрал болып саналады. Қазақстан осы Конвенцияның толыққанды мүшесі ретінде жаһандық мәдени саясаттың белсенді қатысушысы. Қазақстан Еуразияның этномәдени және рухани байланыстары тоғысқан Орталық Азия өңірінің ажырамас бөлігі. ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап еліміз ЮНЕСКО-ның мәдени және табиғи мұраны сақтау жөніндегі қызметіне жүйелі түрде кірісті. Нәтижесінде, бірқатар нысандар Дүниежүзілік мұра тізіміне енді. Алматы және Ақтөбе облыстарындағы Қаялық, Қарамерген және Талғар, Жамбыл облысындағы Степнинское, Ақыртас, Құлан, Қостөбе және Өрнек тарихи ескерткіштерінің ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енуі - Қазақстанның тарихи құндылықтарының халықаралық деңгейде мойындалғанының айқын дәлелі. Бұл нысандар Ұлы Жібек жолы өркениетінің маңызды орталықтары ретінде әлемдік мәдени кеңістікте ерекше орын алады. Бұл ес- керткіштер Ұлы Жібек жолының тарихи желісін айғақтайтын, ортағасырлық қалалық мәдениеттің жоғары деңгейін көрсететін құнды археологиялық кешендер болып табылады.
Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау туралы заң
Сонымен қатар өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және білім беру-сауықтыру қызметтері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Бұл құжат еліміздегі археологиялық қызметті жүйелеуге, тарихи ескерткіштерді қорғауды күшейтуге және мәдени мұраны басқарудың заманауи тетіктерін енгізуге бағытталған маңызды қадам болды. Заңның қабылдану алғышарттарына келсек, Қазақстан аумағында мыңдаған тарихи-мәдени нысан бар. Олардың қатарында ЮНЕСКО тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы петроглифтері сияқты бірегей ескерткіштер бар. Сонымен қатар ел аумағында ондаған мың археологиялық ескерткіш тіркелген. Урбанизация, инфрақұрылымдық жобалар және заңсыз қазба жұмыстары тарихи мұра нысандарына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан археологиялық қызметті нақты регламенттеу және құқықтық кепілдіктерді күшейту уақыт талабы болды. Заң аясындағы негізгі өзгерістер дегенде қабылданған құжат бірнеше маңызды бағытты қамтиды. Оның біріншісі лицензиялау жүйесін жетілдіру және біліктілік талаптарын нақтылау болатын. Тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану саласындағы лицензиялау жүйесі қайта қаралды. Енді археологиялық және реставрациялық жұмыстармен айналысатын ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптары айқындалып, жауапкершілік күшейтіледі. Бұл салаға кездейсоқ ұйымдар- дың араласуына тосқауыл қояды.
Екіншіден, ұлттық археологиялық қызметтің жұмыс істеу тәртібі мен археологиялық жұмыстарды үйлестіру құзыреті заң жүзінде нақтыланды. Бұл ғылыми зерттеулердің сапасын арттырып, жұмыстардың қайталануын немесе жүйесіз жүргізілуін бол- дырмайды. Үшіншіден, археологиялық жұмыстар бойынша бірыңғай ақпараттық жүйе енгізіледі. Бұл жүйе арқылы қазба жұмыстары, табылған олжалар, ғылыми есептер мен сараптамалар орталықтандырылған түрде тіркеледі. Ашықтық пен есептілік артады. Сонымен қатар жер телімдерін беру кезінде тарихи-мәдени сараптама қорытындысын міндетті түрде ескеру талабы нақтыланды. Бұл құрылыс немесе шаруашылық қызмет барысында тарихи ескерткіштердің жойылып кету қаупін азайтады. Сондай-ақ археологиялық олжаларды табыстау, сақтау және пайдалану тәртібі жүйеленді. Ұлттық депозитарий құру арқылы табылған жәдігерлердің ғылыми айналымға енуі және қауіпсіз сақталуы қамтамасыз етіледі. Бұл тарихи мұраны мемлекет меншігіндегі ұлттық байлық ретінде қорғаудың маңызды тетігі. Сонымен қатар ең маңыздысы археологиялық зерттеулердің түрлері нақты бөлініп, оларды жүргізуге біркелкі талаптар енгізілді. Бұл ғылыми стандарттардың сақталуына және бақылау механизмдерінің күшеюіне ықпал етеді.
Иә, бұл заң азаматтардың да жауапкершілігін арттырады. Тарихи ескерткіштер – тек ғалымдардың немесе мемлекеттің емес, бүкіл қоғамның ортақ игілігі. Оларды қорғау ұлттық бірегейлікті сақтау деген сөз.
Жаңа Конституциядағы тарих пен мәдениеттің рөлі
Биыл Қазақстандағы Ата Заңның жаңа жобасында тарихи-мәдени мұраға ерекше мән берілгені ресми түрде айтылды. Жоба бойынша ұлттық құндылықтарды сақтау мен дамыту мемлекет пен азаматтың міндеті ретінде нақты айқындалған, тарихи-мәдени мұраны қоғам игілігі ретінде танудың құқықтық негізі кеңейген. Бұл өзгерістер мәдени саясатты тек өнер мен ғылым саласы ретінде қарамай, қоғамның тұрақты дамуы мен біртұтастығын қамтамасыз етудің стратегиялық құралына айналдырады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 40-бапта азаматтардың тарихи және мәдени мұраны сақтау жөніндегі міндетінің бекітілуі мәдениетке тұтынушылық емес, жауапты қатынас мәдениетін қалыптастыруға бағытталған норма. Бұл әрбір азаматты ұлттық мәдени мұраның сақтаушысы ретінде таниды және қоғамның тарихи жадысын нығайтуға қызмет етеді.
Тарихи-мәдени мұраны сақтау – бұл тек ескерткіштерді қорғау емес, ұлттың рухани негізін, тарихи сананы және қоғамның мәдени бірлігін сақтау ісі. Ұлттық Конституциялық деңгейде мұны бекіту елдің мәдени саясатындағы стратегиялық шешім екенін көрсетеді.
Тарихи және мәдени мұраны сақтау ұлттық қана емес, сонымен қатар халықаралық маңызы бар, өйткені ол мәдени әртүрлілікті нығайтуға және жалпы адамзаттық мәдениетті байытуға ықпал етеді. Бұл тұрғыда азаматтардың міндеттеріне тарих және мәдениет ескерткіштерін сақтауға, қалпына келтіруге және насихаттауға жәрдемдесу, сондай-ақ елдің мәдени өміріне белсенді қатысу және жас ұрпақ арасында тарихи және мәдени мұраны құрметтеуге тәрбиелеу кіреді. Жалпы, Қазақстан Конституциясының 40-бабы тарихи және мәдени мұраны сақтаудың маңыздылығын атап көрсетеді және азаматтардың тарих және мәдениет ескерткіштерін құрметтеу, ұқыпты қарау және қолдау жөніндегі міндеттерін айқындайды. Бұл ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың және елдің мәдени дамуының маңызды аспектісі болып табылады.
Түйін:
Қазақстанда қазір 25 мыңнан астам тарихи мұра нысаны есепке алынған, оның бір бөлігі Түркістан, Отырар, Сауран сияқты ежелгі қалалар мен археологиялық кешендерге тиесілі. Бұл объектілердің зерттелуі, реставрациясы мен сақталуы жүйелі түрде жүргізілуде.
Әлемнің түрлі елдерінде тарихи мұраларға ерекше құндылық беріледі. Мысалы, Германия, Франция, Испания, Италия сияқты елдердің тарихи нысандары ЮНЕСКО тізі- міне кіріп, жыл сайын миллиондаған турист тартады, Халықаралық зерттеулер көрсеткендей, мәдени мұраға негізделген туризм әлемдік саяхаттың шамамен 40 пайызын құрайды, мұндай объектілерге инвестиция салу жергілікті экономикаға қосымша табыс әкеледі, жаңа жұмыс орындарын ашады және тұрақты даму стратегияларының негізі болып табылады.
Осындайда көрнекті қаламгер Шерхан Мұртазаның: «Заң мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты» деген қанатты сөзі еріксіз ойға оралады. Расында да, тарихи-мәдени мұраны сақтау тек рухани мәселе емес, ол ең алдымен, заңмен қорғалатын мемлекеттік құндылық.
Қазақстан Республикасының Конституциясы әрбір азаматтың мәдени өмірге қатысуына, мәдениет мекемелерін пайдалануға және тарихи-мәдени мұраға қол жеткізуіне кепілдік береді. Сонымен бірге азаматтарды тарихи ескерткіштерді сақтауға және қорғауға міндеттейді. Бұл мәдени мұраны тұтыну объектісі ғана емес, ортақ жауапкершілік нысаны ретінде танудың көрінісі. Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы – жалпыадамзаттық мәдениеттің құрамдас бөлігі, тарихи жадының сенімді қоймасы әрі ұлттық бірегейліктің негізі. Оны сақтау өткенге тағзым ғана емес, болашаққа жасалған инвестиция. Заң шын мәнінде мемлекеттің «сауыты» болса, тарихи-мәдени мұра – сол мемлекеттің рухани өзегі.
Наурызбек САРШАЕВ




