Мәжіліс депутаты жаңа нысандардың жобасымен танысты

Мақат ауданына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сәлімжан Нақпаевтың ауданымызға сапары бүгін Мақат кентінде жалғасты.

Облыс халқының аманатын арқалаған ел азаматы алдымен «Болатжол» бастауыш партия ұйымының қызметкерлерімен кездесіп, еліміздегі орын алып жатқан соңғы оқиғаларды ой елегінен өткізіп шықты.

"Елімізде үлкен өзгерістер болып жатқанын бәріңіз де хабардарсыздар. Президентіміз өз сөзінде "Халықтың бірлігін сақтай отырып, экономиканың барлық саласына өзгерісіп енгізіп, реформа жасау керек деген болатын" Сондай-ақ, Үкіметке халықтың жағдайын көтеруге тапсырмалар берді. Кәсіпкерлермен кездесуінде де "бүкіл халықтың байлығының қызығын көріп отқан тек 162 адам" деп баса айтты. Ел экономикасынан түсіп жатқан пайдадан менің отбасыма неге сол қаражат дарымайды деген сауал қарапайым халық арасында да туындап жатқаны жасырын емес. Бұған дейін билік басында болған азаматтарға тексерулер жасалып, шет ел асып кеткен қаржыларды қайтаруға жұмыстар жүргізіліп жатыр",-деді мәжіліс депутаты С.Нақпаев.

"Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды талап еткен бейбіт мақсаттағы шерулерін өзге де теріс пиғылдағы күштер басқа арнаға бұрып жіберді. Көптеген қарулар ұрланды. Қолды болған үш мыңға жуық қарудың бүгінде тек үштен бірі ғана кері қайтарылды. Қарудың тарауы - қауіп",-деді өз сөзін толықтырған қонағымыз.

Сондай-ақ, Сәлімжан Жұмашұлы жақында "Жаңа Қазақстан" деп аталатын депутаттық топтың құрылғанын хабардар етті. Аталмыш депутаттық топқа мүше болған 31 депутаттың қатарында екенін жеткізген ол кез-келген мәселеге құлақ түруге дайын екенін жеткізді.

Жиынға қатысқан теміржолшылардың сауалдары кентіміздегі кемшіл тұстардан бастап республикалық маңызы бар нәрселерді де қамтыды. Мәселен, осы жылдың екінші жарты жылдығында Мақат кентін қамтитын 24 км жолдың жұмысы басталғалы тұр.

Сондай-ақ аудан әкімі кент ішіндегі 12 көп қабатты үйдің шатырлары мен қасбеттері 1-2 жылда жөнделетінін тілге тиек етті. Әрі қарай С.Нақпаев №2 бастауыш мектебіне жапсарлас ғимарат құрылысын салу мәселесімен танысу үшін аталмыш алтын ұяға табан тіреді. Бүгінде бұл білім ордасында 173 оқушы болса, мұғалім саны - 22.

"Жалпы 2018 жылы 250 балаға жапсарлас ғимарат құрылысының жобалық сметалық құжаттамасы жасақталынған болатын. Қаржы бөлінбеуіне байланысты құжаттаманың үш жылдық мерзімі өтіп кетті. Осыған байланысты жобаға өзгерістер енгізу үшін құрлыс басқармасына қайта жолданды",-дейді аудандық білім беру бөлімінің басшысы А.Долдашев.

Сәлімжан Жұмашұлы білім ордасының жай-күйімен танысқаннан кейін кентіміздегі жақында ғана жұмысы жанданған спорттық кроссфит кешенініне ат басын бұрып, болашақ чемпиондарымызға сәттілік тіледі.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521