Қазіргі таңда салыққа көп мөлшерде берешек болып, құқық бұзушылық үшін айыппұл арқалап немесе басқадай жолмен мемлекетке қарызданып қалған азамат ешқайда қашып құтыла алмайды.
Өйткені барлық бережақ пен борыш құқық қорғау және заң органдарының ортақ мәліметтер базасында тұрады. Егер одан дер кезінде құтылмаса, онда борышкер шекара асып шетелге де шыға алмайды. Қарынға жабысқан талақтай ол қайда барса да қыр соңынан қалмайды. Төменде біз сөз еткелі отырған кейіпкер- сондай борышкердің бірі. Кірістер басқармасы тексере келгенде ол бірнеше жылдан бері автокөлік салығын төлемеген болып шықты.
Бірақ оған көлік иесі кінәлі емес еді. Ол 2004-2005 жылдары өзінің иелігіндегі «МАЗ» маркалы жүк көлігін сенімхат бойынша бір азаматқа сатып жібереді. Бірақ темір тұлпарды тақымына қысқанына мәз болған жаңа қожайын көліктің салығын төлеу туралы мәселеге бас қатырып жатпайды. Сенімхатқа сеніп ештеңеден секем алмай жүре береді. Есесіне салықтың сергелдеңін бұрынғы көлік иесі көрді. Құжаттарын толық сатып алушының атағына аударып жібермеген соң темір тұлпар өзінің атында есепте тұрды.
Сөйтіп, «МАЗ» арада 12 жыл өткеннен кейін де мазасын алып, материалдық шығынға ұшыратқаны өз алдына моралдық жағынан да аз шаршатпады. Осыншама уақыт өткенде есіне түсірген ескі «темір-терсек» үшін бұрынғы қожайын 103 мың 715 теңге салық төледі. Мойынға салмақ артқан «МАЗ» үшін мазасыз күй кешіп, қаржысын шығындап, ашуға булыққан көлік иесі жаңа қожайынның үстінен сотқа шағымданды. Онда салыққа төлеген ақшасын қайтаруды және қосымша 1 млн. теңге моральдық залал өндіруді талап етті. Бірақ жауапкер ретінде тартылған жаңа қожайын мәселені медиация тәртібімен шешуге қол жеткізді.
Сөйтіп, сотқа дейін олар Азаматтық процестік кодексінің 48-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзара татуласып, бір келісімге келді. Өйткені «МАЗ» иесінің талапкерге 100 мыңның үстінде ақша төлеп, оның үстіне моральдық шығынын өтеуіне де жағдайы көтермейтін-ді. Сондықтан бұрынғы иесі сабасына түсіп, сатып алушының ұсынған аз ғана ақшасына қанағат тұтты. Яғни, екеуара жасалған медиация туралы келісімінің талабына сәйкес жауапкер талап арыз иесіне қолма-қол 40 мың теңге ақша берді. Кейін бір айдың ішінде қосымша 10 мың теңге төлеуге міндеттенді. Осылайша даулы мәселе медиация арқылы өз мәресіне жетті. Әрине бұл оқиға өзгелерге ащы сабақ болса керек.
Мұндайда көлік сатқан адам мен жаңа қожайын сенімхатқа сенім артпай, бірден уақтылы көлік құжаттарын құнттап алғаны абзал. Сонда «МАЗ машинасы» сияқты мәселелер ешкімнің де мазасын алмайды. Ендеше темір тұлпар саудаласаңыз оны біржола өз атағыңыздан шығарып тастап, салық салмағынан да түбегейлі арылуға асығыңыз!
Р.СИСЕН,
аудандық соттың бас маманы,
Е.БИСЕКЕНҰЛЫ,
өз тілшіміз.