Маңызы зор идея

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздегі инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Соның бірі – энергия тапшылығы.
Расында да озық технология ғарыштық жылдамдықпен қарыштап дамыған сайын еліміздің өнеркәсіп саласы мен әлеуметтік нысандар электр энергиясын бұрынғыдан да көбірек қажет етуде. Бұл проблеманы Президентіміз дер кезінде көтере білді деп есептеймін.

«Экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін» - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Бүгінде АЭС салу мәселесіне орай еліміздің әр аумағында қызу пікірталас жүріп жатыр. Мемлекет басшысының бұл идеясы түсіне білгенге ел болашағы үшін маңызы зор идея. Жаңа технология мен озық өндіріске ұмтылғымыз келсе, бұл жобаның біздің де жерімізде іске асуын қолдауымыз керек. Өйткені аталған мәселе тек биыл ғана қозғалып отырған жоқ. Сондықтан әбден пісіп-жетілген нәрсе деп ойлаймын.

Мен энергетика саласында 50 жылға жуық еңбек еттім. Республика бойынша ең арзан электр энергиясы біздің Атырау облысында екені рас. Десек те, бізге ол да артықтық етпейді. Себебі алып Теңізден басқа өңірімізде қара алтын көзі табылып, өндіріске қосылатын мұнай алаңдары алға қарай да іске қосылмақ. Соның барлығына болашақта энергия көзі ауадай қажет болады. Ал еліміздің өзге өңірлеріне келсек, жарық көзінің жетіспеушілігі бар. Соның кесірінен, ондағы ағайындар қиындықтарға тап болып жатыр. Ол жақта да өндіріс ошақтары баршылық. Сондықтан тұтастай еліміздің өркендеуіне шынымен де жанымыз ашыса, онда Мемлекет басшысының идеясын қолдап, АЭС құрылысына оң көзқарас танытқанымыз абзал.

Құттығай Ешібай,

ардагер-энергетик

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT