МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕРГЕ МӘН БЕРДІ

Өңірдегі ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселенің бірі - Жем өзенінің суын тиімді пайдалану, аудан жастары арасындағы тәртіп пен құқық бұзушылық, өзге де келеңсіз оқиғалар жақында аудандық ақсақалдар алқасының кезекті отыры- сында қаралды.

СУ ҚОЙМАСЫ ҚАЖЕТ ПЕ?

Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында өткен жиынға аудан әкімі аппаратының басшысы Алмат Теміржанов, ақсақалдар мен ардагерлер кеңесінің төрағалары мен мүшелері, ауылдық округ әкімдері , аудандық полиция және дербес бөлім басшылары қатысты. Кеңесті ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрдәулет Ақназаров ашып, күн тәртібінде қаралатын мәселелермен таныстырды. Бірінші болып аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Жәнібек Сабыров Жем өзенінің суын ауыл шаруашылығы мақс атында тиімді әрі үнемді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.

- Жем өзенінің жалпы ұзындығы - 712 шақырым, оның 500 шақырымы Ақтөбе облысының аумағында болса, 212 шақырымы біздің Жылыой ауданынан өтеді. Өңірдегі барлық ауыл шаруашылық құрылымдары мал және егін шаруашылықтарына осы Жем суын пайдаланады. Өзен кей жылдары жақсы тасып, жыл бойы өр суы үзілмей ағады, ал кей уақытта аз келіп, жаз айларында үзіліп, өзен бойында мал ішетін су да болмай қалады. Жылына келетін су көлемінің орта есеппен 80 пайызы көктемгі су тасқыны кезінде сәуір,мамыр айларында ағып өтеді. Келген суды жинақтап, тиімді пайдалану үшін су сақтау қоймасын салсақ, тиімді болар еді деп е с ептейміз. Жа лпы қазіргі уақытта аудан көлемінде Жем өзенінің суын тиімді пайдалану мәселесі күн тәртібінде тұр. Ол үшін арнайы су қоймасын салып, Жем өзенінің көктемгі 1,5-2 айда тасып, арнасымен ағып өтетін өр суынан жыл сайын белгілі мөлшерде су қорын сақтап алу керек. Содан соң жаз айларында Жем өзені тартылған жағдайда қоймадағы суды пайдалануға мүмкіндік болады. Осыған байланысты Жем өзенінің бойындағы Аралтөбе маңынан су қоймасын салу керек деп есептейміз,– деді ол.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – жастар тәрбиесі мен құқықтық мәдениетке арналды. Бұл бағытта аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әлібек Науаров өңірдегі спорт мектептерінің жұмысына тоқталып өтті.

- Ауданда мәдени орындардан бөлек 7 спорт мектебі бар. Онда спортты жанына серік еткен балалар еркін күрес, қазақ күресі, бокс, таеквондо, каратэ, самбо, баскетбол, футбол, жеңіл атлетика, тоғызқұмалақ, үстел теннисімен айналыса алады. Спорт мектептерінен бөлек аудандық білім бөліміне қарасты балаларды дене шынықтыру дайындық клубы жұмыс жасайды. Оған 800- ден астам оқушы қатысады. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлердің «Сүлеймен», «Жігер» секілді басқа да спорт кешендерінде 700-ден астам балалар спортпен шұғылдануда,- деді бөлім басшысы.

ТӘРТІП БҰЗҒАН ТҮЛЕКТЕР

Соңғы кезде мектеп бітіруші жас түлектер арасында «кортеж» жас ап, шетелдік автокөліктермен қала ішінде жүйткіп жүруі сәнге айналды. Жақында Құлсары қаласындағы «Нұрсая» саябағында бір топ мектеп бітіруші түлеккіреберіс қақпа үстіндегі арка үстіне шығып, қоғамдық тәртіпті бұзу дерегі қызу талқыға түскені белгілі. Мұндай әрекеттер жастардың өзі өскен ортаны сыйламайтынын, тәртіпсіздігін көрсетеді. «Қай мектеп «потолок» қойды?!» деген секілді ұрандармен бір-бірімен бақталасу да жиі байқалып келеді. Тіпті, осындай тәртіпсіздіктер кезінде қоғамдық тәртіп сақшыларына да бағынбаған деректер кездесті. Мұның арты жақсылыққа апармайтыны анық. Әрине, аталған дерек бойынша аудандық полиция бөлімі де жедел әрекет еткен. Бөлім басшысының орынбасары, полиция подполковнигі А.Нәсіпкерей құқық бұзған жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына қатысты қолданылған шаралар туралы хабарлама жасады.

– Атап айтқанда, 2 0 2 5 жылдың 2 4 мамырында Құлсары қаласындағы «Нұрсая» саябағында мектеп бітіруші жас түлектер, яғни, жасөспірімдер қоғамдық тәртіпті бұзып, саябақтағы арка үстіне шығып, тұрғындардың тыныштығын бұзғандығы анықталды. Осы дерек бойынша аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабымен « Ұсақ бұзақылық» жасағаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырып, материал сот қарауына жолданды. Сонымен қатар, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабымен «Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны» үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Құқық бұзушылыққа жол берген жасөспірімдердің ата-аналарға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы 1-бөлігімен, яғни, «Кәмелетке толмаған баланың тәрбиесі жөніндегі міндеттерді орындамағаны» үшін тиісті шаралар қабылданды. Ал оқиғаға қатысты көлік құралын басқарған жүргізушіге бірнеше әкімшілік бапт ар бойынша тиісті әкімшілік шаралар қолданылды,– деді ол.

Кеңес отырысында А.Теміржанов, Г.Арыстанов, А.Сыдықова және басқалар күн тәртібіндегі мәселелерге орай өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Әсіресе жастар тәрбиесіне байланысты қатысушылар тарапынан айтылған бірқатар мәселелер қызу талқыға салынды. Атап айтқанда, мектеп бітірушілерге арналған кеш (выпускной) уақытын шектеу, олармен алдын ала түсінік жұмыстарын күшейту, ардагерлер мен ақсақалдардың жастармен тікелей кездесуін ұйымдастыру секілді ұсыныстар қолдау тапты. Расында да ақсақалдар кеңесінің отырысы – қоғамда қордаланған маңызды мәселелерді ашық көтеріп, бірлесіп шешу жолдарын қарастыруға арналған алаңға айналды. Мұндай кездесулер аудандағы түйткілдерді бірлесе шешуге жол ашары анық.

А.МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT