Мас жүргізушінің қалтасындағы марихуана

Таяуда облыстық Ішкі істер департаменті Атырау аймағының тасжолдарында мамырдың 31- імен маусымның 1-і аралығында «Қауіпсіз жол» атты рейдтік іс-шаралар өткізді.

Нәтижесінде жол ережесін бұзған 1700 жүргізушінің 23-і рөлге арақ ішкен мас күйінде, ал 80 адамның жүргізушілік куәлігінсіз отырғандығы анықталды. Егер республикалық маңызы бар және өзге де қалаішілік тасжолдарда орын алып жатқан жол апаттарын ескерсек, онда осы іс-шара арқылы ішкі істер органы көп қатердің алдын алды десе де болады. Ал төменде біз мысал келтіріп отырған қылмыстық теріс қылық жасаған екі жүргізушінің бойында жоғарыдағы құқық бұзушылықтың екеуі де кездеседі. Өткен мамыр айының ішінде полиция қызметкерлері қала ішіндегі орталық көшенің бойымен зырғып бара жатқан «Renault Logan» маркалы автокөлігін тоқтатқан-ды.

Шетелдік темір тұлпардың тізгінінде отырған жігіттің арақ ішкендігі бірден аңғарылды. Тексере келгенде оның осыған дейін де алкогольдік ішімдікті тұтынғаны үшін көзге түскендігі белгілі болды. Сол үшін аудандық соттың қаулысымен автокөлік жүргізу куәлігінен айрылыпты. «Ауруы қалса да, әдеті қалмаған» сабаздың үстінен құқық қорғау органы қызметкерлері енді Қылмыстық кодекстің 346-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық теріс қылықты жасағаны үшін қылмыстық іс көтеруге мәжбүр болды. Қырықтың үшеуіне келсе де арақ ішіп алса, бұрынғы «әніне» қайта басатын оны заң бұл жолы да маңдайынан сипай қойған жоқ. Судья Шолпан Исмағамбетова оны жоғарыдағы баппен кінәлі деп тауып, аудандық соттың үкімімен30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 71150 теңге көлемінде айыппұл салды. Келесі «жүргізушіміз» - екі мүшел жастан асқан жас жігіт. Жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің көңіліне күдік ұялатқан ол түнгі сағат 3 жарымдар шамасында тоқтатылды. Ақ «Прадамен» ағызып бара жатқан көлік иесінің мас екендігі түрінен аңғарылып тұрды. Оның тұрысынан күмәнданған тәртіп сақшылары оны әрмен қарай тексерген кезде сыртқы киімінің қалтасынан өзіне тән иісі бар шөп тектес зат тауып алды. Кейін сараптама қорытындысы оның 3,20 грамм кептірілген марихуана екендігін анықтап берді. Сөйтіп, мас жүргізушінің үстінен Қылмыстық кодекстің 296-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Заң тілімен айтқанда, «есірткі затын сату мақсатынсыз сақтаған» сабазды сот жоғарыдағы баппен кінәлі деп тапты.Көлікті мас күйінде жүргізіп бір, марихуана сақтап екі тұтылған ол заң алдында жақсылап тұрып жауап берді. Аудандық соттың үкімімен судья оған 72150 теңге айыппұл арқалатты және 46540 теңге процестік шығынды да өтеуді міндеттеді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521