Жолдауда ел болашағына бейжай қарамайтын әрбір азаматтың назарын аударғаны рас. Мемлекет басшысының Жолдауы елдің дамуын, ертеңге деген бағыт-бағдарын айқындап берді. Әрине, елімізді өркендету үшін әр салаға көңіл бөлінгені маңызды. Жолдауда еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық даму келешегіне қатысты мәселелер баяндалды.
Әсіресе менің назарымды аудартқаны – азаматтардың табысын арттыру және осы жолмен жүру үшін әділ қоғам құру. Аталған мақсатқа қол жеткізуге барлық мүмкіндік бар. Мемлекеттік басқару тиімділігін, әділдігін жетілдіру, заң үстемдігін жоғары деңгейге көтеру өз нәтижесін беретіні анық. Бір атап өтерлігі, ел Президенті бір бағытқа басымдық берместен барлығын теңдей қамтып, нақты жұмыстарды айқындады.
Сыртқы және ішкі саясат, сондай-ақ әлеуметтік-саяси блоктің дамуы да – басты назарда. Иә, саяси құжатта көптеген бағыт бойынша атқарылатын міндеттер алға қойылды.
Келесі жыл Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланғаны көпшіліктің қолдауына ие болды. Әйтпесе, кейінгі жылдары түрлі түйткіл еліміздегі қарапайым жұмысшылардың тапшылығын көрсетіп берді. Бұл олқылықтың шешімін табу жолында бүкіл ел болып жастарымыздың болашақ мамандығын дұрыс таңдауына ықпал етуіміз маңызды. Мамандықтар жастар тарапынан қызығушылық танытатын деңгейде болуға тиіс.
Сондай-ақ Жолдауда білім саласына қатысты маңызды дүниелер айтылды. Кейінгі жылдары Президентіміздің білім саласын жақсартуға, мұғалімдерді әлеуметтік қолдауға жіті көңіл бөліп жүргені қуантады. «Жайлы мектеп» жобасымен заманауи талаптың бәріне жауап беретін білім ошақтарының ашыла бастауы – сөзіміздің айғағы. Енді балаларымыз сапалы білім алып қана қоймай, оны одан әрі дамытуға да мүмкіндік алмақ. Олардан ертеңі елге қажетті білікті мамандар шығатынына сенім мол. Жолдауда айтылған еліміздің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына, ақша-несие және салық-бюджет саясатының арасындағы теңгерімсіздікті жоюға, инвестициялық ахуал мен бизнесті жүргізу жағдайларын жақсартуға, өнеркәсіптік әлеуетті толық ашуға бағытталған бірқатар бастаманың орны бөлек. Елдің кадрлық әлеуетін арттыру, ұлт денсаулығын нығайту және азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесін қайта іске қосу бойынша кешенді шараларды жүзеге асыру мәселелері жүйелі жалғасын тапқаны абзал. Жолдауда айтылған барлық бастама халқымыздың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатына бағытталғанын айтқым келеді. Еліміздің әр тұрғыны жайлы өмір сүруге лайықты.
Рабиға БЕРКЕНОВА,
Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты,
Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты