Мал ұрлығы төмендеді

Өткен аптада аудан басшысы Халел Жамалұлының төрағалығымен аудан бойынша құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі жергілікті ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы болып өтті.

Күн тәртібінде, негізінен, үш мәселе қаралды. Атап айтқанда, «2021 жыл қорытындысымен ауыр және аса ауыр қылмыстардың өсуіне итермелейтін себептер мен жағдайларын анықтау, зерделеу және алдағы уақытта жою», сондай-ақ екінші мәселе «Бөтен мүлікті ұрлауға қарсы іс-қимыл бойынша іс-шараларды жетілдіру туралы» және «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды әлеуметтік бейімдеу және жұмысқа орналастыру туралы» болды.
Күн тәртібіндегі негізгі екі мәселе бойынша аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Мұрат Демегенов баяндама жасады.

-Ағымдағы жылдың 11 айында аудандық полиция бөлімімен бірқатар жедел-алдын алу профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып өткізілді. Оның ішінде «Құқықтық тәртіп», «Тұрмыс», «Жасөспірім», «Автобус», «Қауіпсіз жол», «Қару», «Заңсыз келуші» және т.б шаралар. Есепті кезеңде аудан көлемінде тіркелген құқық бұзушылықтардың саны 2,6%-ға өсті. Тіркелген құқық бұзушылықтардың ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар 24,7%-ға төмендеп, денсаулыққа қасақана зиян келтіру 66,7%-ға, зорлау 50,0%-ға, бұзақылық 26,7%-ға, отбасы-тұрмыстық саласында 100,0%-ға өсіп отыр, - деді М.Демегенов.

Полиция басшысының айтуынша, қабылданған шаралардың нәтижесінде кейбір ауыр санаттағы қылмыстар саны төмендеген. Оның ішінде тонау, ұрлау, алаяқтық қылмыс түрлері бар. Осындай қылмыс түрлерінің алдын алу бағытында профилактикалық іс-шаралар және түсіндірме жұмыстары жергілікті полиция бөлімшесінің қызметкерлерімен жүйелі түрде жүргізілуде.

Бөтен мүлікті ұрлауға қарсы іс-қимыл шаралары бойынша қылмыстардың ішіндегі кеңінен тараған өзгенің мүлкін ұрлау қылмысымен күрес, ұрлық қылмысының алдын алу мақсатында аудан аумағының криминогендік жағдай мен ерекшеліктерін ескере отырып ҚР ІІМ-нің «Мүліктік қорғау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған» бағдарламасын аудан аумағында іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары негізінде жүзеге асырылуда.

Пәтер ұрлықтары бойынша жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды, олардың алдын алу бойынша көпқабатты үйлердің кіреберістерін металдан жасалған есіктермен, электронды құлыптармен, домофондармен және бейнебақылау жүйелерімен қамтуға ұсыныстар берілген. Полиция инспекторларымен халық арасында осы бағытта насихат жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, мүліктерді қорғау жөнінде түсіндірме жұмыстары бөлімнің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялануда. Қабылданған бірқатар іс-шаралар нәтижесінде 2021 жылдың 11 айында жалпы тіркелген ұрлық қылмыстары-13,0%-ға, соның ішінде мал ұрлығы 50,0 %-ға төмендеген. Автокөлік және қалта ұрлығына қатысты қылмыс орын алмаған.        

Жиын барысында күн тәртібіндегі үшінші мәселе жөнінде аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімі басшысы Нұржарық Сауытов баяндады.

-Жылыой ауданы бойынша бас бостандығын айыру орындарынан босатылған пробация қызметінде тұрған азаматтарға емделуге, жұмысқа орналасуға, сондай-ақ құқықтық-психологиялық көмекпен қамтамасыз етуге бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері Пробация қызметі есебінде тұрған 34 адам және бас бостандығын айыру орындарынан босатылған 6 адам, барлығы 40 адам халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелген. Соның ішінде 30 адам жұмысқа орналасты. Сонымен қатар, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 адам қайта даярлау курсына жіберілген. Жыл басынан бері аталған санаттағы азаматтар үшін 3 рет «Бос орындар жәрмеңкесі» өткізіліп, жұмысқа орналасуға ықпал жасады. Пробация қызметінің есебінде тұрған және түзеу мекемелерінен жазасын өтеп шыққандарға көмек көрсету мақсатында үнемі профилактикалық әңгіме жүргізіліп, полиция органы қызметкерлерімен тығыз байланыста жұмыстар атқарылуда, - деді Н.Сағиұлы.

Отырыста құқық бұзушылық профилактикасы, соның ішінде алаяқтық, мал ұрлығы, тонау қылмыстарының және жол-көлік оқиғаларының, сондай-ақ жастар тәрбиесі мен олардың қауіпсіздігі мәселесі арнайы талқыланды. Атқарылуы тиіс жұмыстар бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

А.ЖҰМАБЕРГЕНОВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT