Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев брифинг барысында 2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айларындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен алдағы жоспарлары туралы баяндады, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аудан әкімінің айтуынша, биыл аграрлық салада нақты өсім бар. Өткен жылы аудан бойынша 5 082,6 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе артық (2024 жылы – 2 388 га).
– Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Биыл егіс көлемін ұлғайтып, өнім өндіру көрсеткішін арттыруға қол жеткіздік. Бұл – шаруалардың жүйелі еңбегінің нәтижесі, – деді Қ.Нұрлыбаев.
Атап айтқанда, 218 гектар картоптан 3 677 тонна, 1 036 гектар көкөністен 37 278 тонна, 516 гектар бақшадан 20 640 тонна өнім жиналды. Сондай-ақ 3 312,6 гектар жерге мал азықтық дақыл егілді.
Мал шаруашылығында да оң динамика бар. Ірі қара саны 19 112 басқа, жылқы 10 633 басқа жетті. Ет өндірісі 3 365 тоннаны құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 5,3 пайызға артты.
Жұмыспен қамту бағытында жыл басынан бері 3 мыңға жуық адам жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, оның жартысы мемлекеттік қолдау шараларына тартылды. 860 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 601 адам уақытша жұмысқа жолданды. 176 тұрғын онлайн оқудан өтіп, 20 азамат қайтарымсыз грант иеленді.
Инфрақұрылымды дамыту да негізгі бағыттардың бірі. Ауданда 123 шақырым республикалық, 81,4 шақырым облыстық және 260 шақырым аудандық маңыздағы жол бар. Республикалық жолдардың 100 пайызы, облыстық және аудандық жолдардың 95,9 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.
Ауыз сумен қамту деңгейі 99 пайызға жетті. 2025 жылы 66 шақырым су желісі жүргізіліп, бірқатар елді мекенде жаңа нысандар іске қосылды.
Тұрғын үй мәселесін шешу бағытында 2024–2025 жылдары 46 үй сатып алынып, кезекте тұрған адамдарға берілді. Биыл апатты үйлерде тұратын 21 отбасы жаңа баспанаға көшірілді. Қазір тұрғын үй кезегінде 2 001 адам тұр.
Білім беру саласында 15 мектепте 5 660 оқушы білім алуда. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасы 61,2 пайызды құрады. ҰБТ-дағы ең жоғары нәтиже – 137 балл.
Денсаулық сақтау саласында 50 дәрігер және 173 орта буын медицина мамандары қызмет көрсетеді. Биыл 8 дәрігер жұмысқа қабылданды. Аудандық аурухана базасында гемодиализ орталығы ашылып, 12 науқасқа ауданнан шықпай ем алу мүмкіндігі жасалуда.
Қылмыс деңгейі де төмендеген. Былтыр 62 қылмыс тіркеліп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 13,9 пайызға азайды. Ұрлық 46,7 пайызға, мал ұрлығы 60 пайызға төмендеген.
Аудан әкімі сөз соңында, биыл жаға бекіту, білім нысандарын жаңғырту, спорт кешендерін салу және суару жүйелерін дамыту жұмыстары жалғасатынын атап өтті.



