Өткен аптада Майкөмген ауылының әкімі Марат Қабиденов халық алдында есеп берді. Ол тұрғындарға ауылдық округтің «2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2022 жылға қойылған міндеттері» туралы баяндады. Ауыл әкімінің есеп беруіне аудан әкімі Халел Жамалов қатысты. Аудан басшысы жиынға қатысқан тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Округ әкімі М.Қабиденов өз баяндамасында, ауылдағы білім саласының, медицина саласының және басқа да салалардың жай-күйіне егжей-тегжейлі тоқталып өтті.
Орталықтан шалғай жатқан ауылдың шаруасы бүгінде дөңгелеп тұр. Тұрғындардың басты кәсібі – ауыл шаруашылығы саласы. Соңғы 2022 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке сәйкес, бүгінде ауылдағы халықтың саны 1200-ге жуықтаған.
Оның ішінде, еңбекке қабілеттісі – 545 адам, 97- сі – зейнеткер, балалар саны – 550-ден астам. Округте 4 азық-түлік дүкені, 1 кемпинг, 2 шайхана, 14 шаруа қожалығы жұмыс істейді. 2154 бас мүйізді ірі қара, 8139 қой-ешкі, 1354 түйе, 861 жылқы есепте бар.
Жиналыста ауылдағы эпидахуал жөнінде де деректер айтылды. Қазіргі таңда округ бойынша екпе алатын тұрғындардың саны – 648. Ал 566 адам вакцина алып үлгерсе, 20 адам ревакцинациядан өткен. Жыл ішінде 27 адам коронавирус инфекциясымен ауырып, 25 адам жазылып шыққан. 2 адам қайтыс болған.
Ауыл тұрғындарының көптен бері көтеріп жүрген мәселесі – Майкөмгенге жаңа мектеп ғимаратын және Мәдениет үйін салу болатын. Есеп беру кезінде бұл мәселе тағы көтерілді.
Аудан әкімі Халел Жамалұлы «Жаңа мектеп салу алдағы жоспарларға енгізіліп қойды. Тек бөлінген қаражат құрылыс материалдарының қымбаттап кетуіне байланысты жетпей қалып, қайта есептеліп жатыр. Негізінен, мектеп салуды алдағы 2023 жылдың жоспарына енгізген едік. Ал Мәдениет үйін салу үшін сұраныс беріп қойдық. Ақша бөлінсе бұл іс те жүзеге асады»,- деп жауап берді.
Халықтың айтуынша, ауыл ішіне асфальт жол салу, жарық желілерін ауыстыру, интернет мәселесін жолға қою жылдағы әкімдердің есеп беруі кезінде үнемі айтылып келеді екен. Майкөмген көшелеріне көктем мезгілінде 3 км-ден астам ауылішілік асфальт жол салу жұмыстары басталмақ. Тоқ жүйелері де алдағы уақытта әр ауылда өз кезегімен ауыстырылып, қалыпқа келтірілмек.
Сондай-ақ, майкөмгендіктер ауылға тұрақты жұмыс істейтін учаскелік дәрігер келсе деген тілектерін жеткізді.
«Ауылда учаскелік дәрігерге арналған қызметтік пәтер бар. Ал онда тұрып, тұрақты жұмыс істейтін маман жоқ. Аптасына бір мәрте келсе келеді, келмесе ол да жоқ. Сондықтан ауылымыздың тұрақты дәрігері болса дейміз»,- деді тұрғындар.
Бұл күрмеуі қиын мәселеден аудан басшысы да хабардар. Оның сөзінше, бүгінгі таңда, ауданға 45 дәрігер маман жетіспейді екен. Бірақ соған қарамастан ауыл әкіміне осы мәселе жөнінде тиісті мекемелерге сұраныс хат жіберіп, білікті де білімді дәрігерді ауылға тартуды тапсырды. Ауыл тұрғындары тек өз ауылдарына ғана емес, аудан орталығындағы ауруханаларға қатысты қиындықтарды да тілге тиек етті. Осы медицина саласы төңірегінде тұрғындар «аудан орталығындағы аурухана мен емханаға МРТ және басқа да медициналық аппараттар орнатылса» деседі. Өйткені, ауданда аталған аппарат түрі жоқ болғандықтан көп адамдарға Атырау, Ақтөбе сынды үлкен қалаларды жағалап кетуге тура келеді екен. Бұл ұсынысқа да аудан әкімі Х.Жамалұлының өзі жауап берді.
«Құлсарыдағы ТШО-ның қаржыландыруымен бой көтерген жаңа аурухана ғимаратында сіздер айтқан аппараттардың бәрі де орнатылған. Жаңа кешенді ғимараттың ішінде науқастың жағдайы жақсы болуы үшін барлық жағдай қарастырылған»,- деді ол.
Әкімнің есеп беру жиналысы кезінде ауыл шаруалары мемлекеттен субсидия алудың жолдарын сұрап, бұл мәселеде көптеген қиыншылықтарға тап болып жүрміз деп уәждерін айтты. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаев болса, қазіргі күнде шаруаларға субсидия алу үшін біраз жеңілдіктер жасалғанын, тек барлық малы есепте болып, құжаттары дұрыс болса болғанын айтты. Әрі, субсидия тек асыл тұқымды малға ғана емес, барлық малға беріледі екен. Бөлім басшысы Майкөмгеннің өзінде бірнеше шаруа субсидия алып үлгергенін тілге тиек етіп, олардың есімдерін атап өтті.
Сонымен қатар, ауылдағы әйел адамдар тарапынан базардағы азық-түлік бағасының күн санап қымбаттап бара жатқаны айтылды. «Жұмыссыздық жайлаған, қымбатшылық уақытта кәсіпкерлерді бақылауға алып, халық күнделікті тұтынатын тамақ түрлерінің бағасын өсіруге жол бермеу қолға алынса екен» дейді олар.
Ш.ХАМИТОВА