16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесі қарсаңында Майкөмген ауылдық округінде 2025 жылды қорытындылауға арналған салтанатты кеш өтті. Маңызды шара ел тәуелсіздігін ұлықтаумен қатар, ауылдың бір жыл ішінде атқарған жұмыстары мен жеткен жетістіктерін саралап, еңбегімен көзге түскен азаматтарды құрметтеуді мақсат етті. Салтанатты жиынға ауыл тұрғындары, ақсақалдар, жастар мен мекеме басшылары, сондай-ақ ауыл жастарының дамуына үлес қосқан демеушілер қатысты.
Мерекелік кештің ашылуында Майкөмген ауылы әкімі Нұржарық Сауытов сөз сөйлеп, жиналған жұртты алдымен мемлекеттің тұғырлы мерекесімен құттықтап, тәуелсіздіктің ел үшін маңызын атап өтіп, бейбіт өмір мен тұрақты дамудың басты кепілі екенін атап өтті.
- Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ғасырлар бойғы арманы. Осы егемен елде өмір сүріп, туған ауылымыздың өсіп-өркендеуіне үлес қосу – баршамыздың ортақ міндетіміз. 2025 жыл Майкөмген ауылы үшін нәтижелі жыл болды. Қаншама іс жүзеге асып, қаншама нысан халық игілігіне берілді. Ауыл тұрғындарымен жұмыла жасаған жұмыстың санында да шек жоқ. Алдағы жылы осы қарқыннан таймай, жүйелі қызмет етсек, ауылдың көркейері анық. Оның үстіне 2026 жылы өлкеміздің өсуіне түрлі жобалар дайындап отырмыз,-деді ауыл әкімі.
Иә, 2025 жыл Майкөмген ауылы үшін инфрақұрылым жағынан табысты жыл болды. Себебі ауылда халықтың қызмет етуі мен өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатында біраз жобалар іске асырылды. Мысалы №5аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектеп ауласында ауыл балаларына арналған күрес ғимараты салынды. Жаттықтырушыларға арналған жеке кабинет, заттар қоймасы, ұлдар мен қыздарға арналған жуыну және киім ауыстыру бөлмелерімен қамтылған нысан бүгінде пайдалануға берілуге дайын тұр. Бұдан бөлек ауылда өтетін шараларға арналған 12 қанатты киіз үй жабдықтарымен бірге сатып алынды. Ауылда «Теңізшевройл» мекемесі, сондай-ақ Орталық Азияның Еуразия қорының «Қоғамдық кеңістіктер» жобасы аясында Майкөмген ауылдық «Бәйшешек» бөбекжай-бақшасында «Біздің аула» деп аталатын жаңа ойын алаңы салынды. Бұдан бөлек жоба негізінде Майкөмген мәдениет үйі ауласында жазғы сахна да салынып, оны ауыл жастары толық қолдап, бір кісідей атсалысып аяқтады. Бұл өлкенің өскелең ұрпағы мен жас өнерпаздарына қолдау болғаны сөзсіз. Ауылда биыл «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен 2 гектар жерге 1200 түп тал егіліп, аймақтың жасылдануына, көркеюіне қадам жасалды. Қазір бұл жер толықтай қоршалып, үздіксіз суару жұмыстары жүргізілуде. Дәл осындай көгалдандыру жұмыстары келесі жылы да жүзеге аспақ. 2025 жылы ауыл ішіндегі негізгі көшелерге, сонымен қатар теміржолдың арғы бетінде тұратын тұрғындарға тасжол төселіп, көліктердің жүруіне жағдай жасалды. Еске салсақ, жол салу 2023 жылы басталған еді. Қазір жолдың 1-ші кезеңі аяқталуға жақын және 2026 жылы жолдың 2-ші кезеңі басталмақ. Бұл ретте Құлсарыдан Майкөмгенге қатынайтын жолаушылар автобусы үшін жағдай жасалып, ауыл ішіндегі жарығы жоқ көшелерге көше жарығы жүргізілді. Бұл жұмыс тұрғындардың қауіпсіздігі мен түңгі уақыттағы қозғалысты айтарлықтай жақсартқаны рас. Ауылдың 1988 жылы туған азаматтарының бастауымен Майкөмгеннің кіреберісіне киіз үй тұрғызылып, ауылдың көркін келтіру үшін сыйға берілді. Осындай бірқатар жұмыстар арқасында Майкөмген ауылы дамудың тағы бір сатысына көтерілді. Әрине әр тұрғын өз туған жері үшін шынайы қызмет етсе, ауыл одан әрі де гүлденері сөзсіз. Бұл тұста майкөмгендіктердің қашан да жұмыла жұмыс жасап, бірлікті бекем ұстайтындары анық. Жоғарыда айтып өткен біршама жоба соның айғағы десек те артық айтпаған болар едік.
Жиын барысында ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық жұмыстарға, мәдениет пен спорт саласына, білім беру ісіне белсене атсалысқан азаматтар мен ұжымдар арнайы марапаттарға ие болды. Солардың бірі №5 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері Нұрхат Қуандықов. Бірнеше жылдан бері ауылдың спорт саласының дамуына өз үлесін қосып, жемісті жұмыс үлгісін көрсеткен ауыл тұрғыны жергілікті әкімдік атынан Алғыс хатқа ие болғанына ризашылығын білдіріп, өз сөзінде:
- Бүгінгі салтанатты шараның мақсаты биылғы жылы жасалған жұмыстардың нәтижесін қорытындылау екенін білеміз. 2025 жылы жақсы жұмыс жасаған мамандар мен қызметкерлердің басын қосып, осылай марапаттап жатқаны біз үшін, әрине, мотивация. Жергілікті әкімдік жігерлендірсе, неге жақсы жұмыс жасамасқа?! Бұл – еңбектің еленіп, жауапкершіліктің артқанының айғағы. Сондықтан алдағы жылы да осы сенімге сызат түсірмей, үлгілі қызмет етуге тырысып бағамын. Ал марапатты күткенім рас. Көңілің көтеріліп, бір жылып қалады екенсің. Бәріне де ризамын,-дейді ойын білдіріп. Бұл ретте ауыл әкімі Нұржарық Сауытов ауылдың көркеюіне демеушілік көрсеткен мекемелерге де алғысын білдіріп, өсіп келе жатқан өнерпаздарды қолдаған оларға да зор ықыласын сездірді.
Кеш барысында 2025 жылы атқарылған жұмыстар мен жетістіктерді қамтыған арнайы бейнебаян көрсетіліп, онда жол жөндеу, әлеуметтік нысандарды жаңғырту, мәдени-спорттық іс-шараларды көбейту мен ауыл жастарының белсенділігі сынды маңызды бағыттар кеңінен қамтылды. Ауылдың даму жолындағы бұл қадамдар жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленіп, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Мерекелік шара одан әрі концерттік бағдарламаға ұласып, аудан өнерпаздары туған жер, Отан, ауыл тақырыбындағы әсерлі әндерді орындап, жиналғандарды бір серпілтіп алды. Сахна төрінде шырқалған әр ән мен айтылған әр өлең ауылға деген сүйіспеншілік пен елге деген құрметті айшықтай түсті. Кеш соңында жүргізушілер тәуелсіздіктің тұғыры биік, елдің бірлігі бекем, ауылдың болашағы жарқын болуын тілеп, жиынды қорытындылады.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ



