ken-zhyloi.kz
Осыдан бірнеше жыл бұрын аудан орталығы Құлсары қаласынан Майкөмген ауылына маршрутты автобус қатынасы тоқтап, жүрмей қалған болатын. Оның себебі - автобусқа отыратын адамдардың аздығы. 25 адам сиятын ПАЗ автобустарына ең көп дегенде екі, үш-ақ адам мініп, ал кейбір кездері бос барып келетін күндері де болған. Жолаушының жоқтығынан аталған маршрут шығын шеккен. Кейін маршрутты қайта жандандыру мақсатында өткізілген ашық конкурстарға да ешкім қатыспаған. Сол кезден бастап, бүгінгі күнге дейін ауылға қатынайтын маршрутты автобус жоқтығынан ауыл тұрғындары жолаушылар тасымалы ережесіне сай емес, техникалық қауіпсіздік шаралары сақталмаған жеке меншік көліктердің - таксилердің жол жүру бағасы қол жетімсіз қызметін пайдаланып келеді.
Жақында Жылыой аудандық мәслихат депутаты Т.Майлыбаевтың бастамасымен аталған мәселе бойынша мәслихат хатшысы С.Таласов, тұрақты комиссия төрағасы С.Кенжеғалиев, Майкөмген ауылдық округы әкімі М.Қабиденов қатысуларымен жиналыс өткізілді. Жиналысқа ауданымызда жолаушылар тасымалымен айналысып жүрген «БатысТехИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директоры Ә.Әбіләкім шақырылып, Майкөмген ауылына тұрақты түрде маршрутты автобус қатынасын жүргізу мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныс берілді.
Жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 2021 жылдың 10 мамырынан кейін Құлсары қаласынан Майкөмген ауылына күніне екі мезгіл тұрақты түрде маршрутты автобус қатынасы ұйымдастырылатын болып шешілді. Жолақы бағасын да халыққа қолайлы етіп белгілеуге келісілді. Айта кететін жайт, өтініш білдірушілер ауыл тұрғындары.