Майдангерлер туралы жазбаларым

Кешегі ХХ ғасырдың 40-жылдарында басталған Ұлы Отан соғысы немесе Екінші дүниежүзілік соғыстың 1418 күнге созылып, талай тағдырды тәрк етіп, топалаң тудырғаны ақиқат. Әйтеуір, түбі қайыр, Кеңес Одағы жауынгерлерінің жеңісімен аяқталуы біз үшін үлкен қуаныш, зор бақыт болды.

Жылойлық боздақтар бейнесі

Міне, сол Жеңіс күніне 80 жыл толды. Демек, содан бергі дәуір ішінде Кеңес елінің құрамындағы одақтас республикалар сыңайлы Қазақ елі де тыныштық құшағында, бейбіт өмір сүріп келеді деуге болады. Десек те, соғыстың лаңы, салған зардабы, халқымызға тарттырған қайғы-қасіреті, мұң мен шері, жазасы мен наласы аз болмағанын айтайық.

Кең-байтақ Кеңес еліне жариялаусыз соғыс ашқан неміс фашисттері алғашқы сәтінен бастап, озбырлықтың сан түрін көрсете келді. Елді мекендерді қиратып, өртеп, қария, кейуаналарды өлтіріп, жастарды Германияға құлдыққа жөнелтіп, халықтың бірден үрейін ұшыра келгені баршамызға аян. Ал төрткүл дүниеге келтірген зардабына кейде ойың да жетпейді.

Екінші дүниежүзілік соғысқа тартылған елдерден бейбіт халықты қосқанда 55 миллионнан астам адам қаза тапса, оның 25 миллионнан астамы Кеңес елінің азаматтары болып келеді. Кейінгі Жапониямен болған қысқа қақтығыстардың өзінде Кеңес елінің 8 868 400 жауынгері тек Қарулы күштердің жеке құрамаларынан шығынға ұшыраған. Немесе жараланған, контузия алған, үсігендердің саны 18 миллионға жетеді. Бұл шығынның ішінде Қазақ елінің де, Атырау аймағының, Жылыой ауданының да едәуір үлесі бар екенін баса айтқанымыз жөн.

Сондай-ақ жүздеген елді мекендер және сан жүздеген өндіріс орындары, фабрика-зауыттар, ауыл шаруашылығы ұжымдары қиратылып, істен шығарылды.

Сұрапыл соғыстың зардабы, соғыста ерлік көрсеткен қаһарман, батырларымыз хақында, қаза болған асыл да ардақты азаматтарымыз турасында татымды туындылар, шырайлы шығармалар аз жазылған жоқ. Ал публицистикалық материалдар молынан берілді деуге болады. Айталық, Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» романы – жаужүрек жауынгер, батыл да батыр, комбат бола білген қазақ халқының арда азаматы, сүйікті перзенті Бауыржан Момышұлы турасында жазылған ерлік эпопеясы. Ал, Бауыржан Момышұлының өзінің де көптеген әңгіме, повестері жауынгерлер өмірін қамтыған шұрайлы да шырайлы шығармалар болып келеді. Немесе Қасым Қайсеновтің партизандар жайындағы ерекше жазбалары, Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты», Әбдіжамал Нұрпейісовтің «Курляндия» романдары соғыс тақырыбына арналған шығармалар. Ал көптеген ақындар жауынгерлер ерлігіне, майдангерлерге ақ жүрегінен маржандай төгілген жырларын арнаса, көптеген пьесалар да жазылып, әндер де шығарылды. Сонымен бірге маршал Г.К.Жуковтың кітаптарында жерлестеріміз Кенжебай Мәденов, Рақметолла Қараманов, Төлеген Бисенғалиев, Есқайыр Халықовтың есімдері мен ерліктерінің аталуы біз үшін бір мақтаныш болуы тиіс.

Сол кездегі Жылой ауданында әскери комиссариат 1939 жылы 27 тамызда құрылып, Отанды қорғау бағытында, қорғаныс күшін нығайту саласында үлкен де үлгілі, ұтымды жұмыстар жүргізе бастады. Өңір халқы Ұлы Отан соғысы жылдарында үлкен белсенділік танытты. «Майданға мұнай қанша керек болса, сонша береміз» деп ұран тастады мұнайшылар қауымы. Сол сұрапыл соғыс уақытында ауданымызға келген қазақтың белгілі ақыны Асқар Тоқмағанбетов мұнайшылардың мәртебесін өсіріп, еңсесін көтере түсті. Ақын өлеңі мұнайшыларға үлкен қозғау салды. Содан да құлсарылық мұнайшылар ленинградтықтарға жоспардан тыс өндірілген 1400 тонна мұнайды бір эшелон етіп жөнелтті. Оны ауданның мұнай саласының білгірі Айтжан Қауқаевтың бастап апарып, тапсыруы - жылойлықтардың мерей-мәртебесін одан әрі өсіре түсті. Құлсары мұнайының сапалылығы сол, бірден апарып, ұшақтарға құйғанда жанармай ретінде пайдалануға жарайтындығы еді. Өзге мұнай кәсіпшіліктерінің мұнайшылары да, ауыл шаруашылығы еңбеккерлері де бір кісідей қиындыққа қарсы тұра білді. Аз ұйықтап, көп еңбек етті. Демалыс дегенді білмеді. Аштыққа да, жоқшылыққа да шыдай білді. Әр жұмысшы, колхозшы 12-16 сағат, кейде 24 сағат жұмыс жасап, Жеңіс күнін жақындатуға ерекше үлес қоса білді. Соғысқа кеткен азаматтардың орнын қариялар мен аналар, жасөспірім балалар ауыстырды. Солардың жанқиярлық еңбегінің арқасында өндірісте де, ауыл шаруашылығында да тоқтау болмады. Еселенген жігермен еңбек еткен жасөспірім балалар болашақтың иесі екендігін ерік-жігерімен, еңбегімен, елжандылығымен, отансүйгіштігімен дәлелдей білді.

Соғыс салған жара

Егер сұрапыл соғысқа Жылойдың қасиетті де киелі топырағынан 5 мыңның үстінде азамат аттанса, оның 2 мыңнан астамы қиырдағы бір елдің қия белінде кебінсіз көміліп қала бергені аян. Демек, бұл осыншама шаңырақ қара жамылып, қайғы кешті, қасірет шекті деген сөз. Ал елге жаралы болса да, аман оралған 3 мыңдай жауынгер де демі бітіп, дәмі таусылған, қазасы жеткен күні Алласына аттанғанын айтар едік. Бір шүкірлігі, кейбірінің болмаса, соғыста қаза тапқанның да, ауылда өлгеннің де артында ұрпақтары қалып, өмір жалғасып жатыр. Сол тұяқтың бір өкілі - мына тұрған біз бейбақ деп есептеңіз.

Әкеміз соғысқа аттанған 1942 жылдың 7 қаңтары күні жарық дүниеге келіппіз. Содан да қонаға дүниеге келгесін атымызды Қонарбай қойыпты. Алайда жетімек-жары ауылының әйел-аналары «Мынау біздің атамыздың аты, айта алмаймыз, өзгерт» деп анамызға ультиматум қойыпты. Содан анам марқұм ауылсоветке барып, атымды өзгертуін өтініпті. Содан ауылсовет хатшысы Қонаш деп куәлік жазып беріпті. Содан мен 2010 жылға дейін Қонаш боп жүрдім. Ал 2010 жылдан бастап аудандағы мұрағаттың кітабынан өзім туралы мәліметті тауып, атымның Қонарбай қойылғанын, 1942 жылдың (бұрынғы куәліктегі 4 сәуір емес) 7 қаңтарында дүниеге келгендігіме көз жеткізіп барып, жаңа үлгідегі құжат алғанмын. Сол сұрапыл соғыстың бастапқы жылдарында анам, апам мен үш ағам жұқпалы аурудан, әртүрлі оқиғалардан опат болыпты. Мен сөйтіп, үш жасқа жетпей тұлдыр жетім атаныппын.

Біздің әулеттен төрт азамат соғысқа кетіп, бірі де оралмады. Соғыс жылдарында олардың әйелдері де өлім құшты. Бұның бәрі әулетіміздің үлкенді-кішілі адамдарына елеулі әсер етті. Әсіресе, кішкентай ғана қаршадай қара бала маған да оңайға соқпады. Ал аяулы әжем Жібек ана да соғысқа кетіп, оралмаған ұлдарын ойлап құса болды. Ақыры сол дерттен әз әжем 1951 жылы көз жұмды. Көрген қиындық, жеген таяқ, естіген зәбір сөз мен байғұстың қолыма ерте қалам алып, өмір, тағдыр, соғыс қаһармандары туралы жазуға мәжбүр еткенін айтайын.

Рас, менен бұрын да, менен кейін де соғыс тақырыбына қаузап келе жатқан авторлар аз емес. 1970-1980 жылдары Қабидолла Досқалиев сынды ағамыз көбірек, өндіріңкіреп жазса, бүгінде Жұмабай Доспанов есімді азамат толық жазып, «Боздақтар» атты том-том кітаптарын шығара білді. Демек, соғыс тақырыбы мәңгілік тақырып деп білген жөн.

Мен бүгінде 97 кітабым жарық көрген жазушы болсам, соның 4 кітабы – «Майдангерлер» деген атпен жарық көрген шығармаларым. Ол еңбектерімде жүздеген майдангердің, соғыс қаһармандарының есімі мен еңбегі, ерлігі өрнектеледі. Түйіп айтқанда, мен өз кітаптарымда жылойлық талай жауынгердің жанқиярлық ерлігін елге паш еттім деп ойлаймын. Кейіпкерлерімнің ішінде Рейхстагқа ту тіккен Р.Қараманов, құралайды көзге атқан сұрмерген Есқайыр Халықов, Катюша атыс қаруын меңгерген Дүйсенбек Тәттібаев, Кеңес Одағының Батыры Біләл Қалиев және де Төлеген Бисенғалиев, Жұма Кенжебаев, Көшім Қалышев, Нәрік Алтыбаев, Балуан Дүзембаев, Бақтыбай Базарбаев, Сүлеймен Бойдақов, Наурыз Қатқылбаев, т.б жүздеген жауынгер есімін атауға болады. Сондай-ақ, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, бірақ ала алмаған жаужүрек танкист Сәді Дүйсенбеков туралы «Жылыойдың сұңқар Сәдісі» повесінің жарық көргеніне де он бес жылдан асты. Немесе батыл барлаушылар Мәтеш Дүйенғалиев, Әубәкір Жұлдызов туралы жазылған «Шуақты жүрек», Темір Бекбаулиев туралы «Темір туралы толғау» повестерім де соғыс қаһармандары туралы толғанысым деп есептеймін.

«Дети войны»

Мен егер 13 жасымнан, 1955 жылдың қаңтарынан бастап қолыма қалам алып, өлең жаза бастасам, соның ішінде сұрапыл соғыста ерлікпен қаза тапқан әкелерім жайлы, тылда қиындықпен күн кешкен, тағдырлы тірлік еткен әжелер мен аналар жайлы көбірек қалам тербеппін. Соғыс менің де мәңгілік тақырыбым болып қалған сыңайлы. Өйткені, жаныма, жүрегіме сұм соғыс салған жара әлі күнге жазылар емес. Мәңгілік жазылмайтын да шығар деп ой кешемін.

1979 жылы наурыз айында республикалық «Лениншіл жас» (бүгінгі «Жас Алаш») газетінде «Әке, сен менің есімдесің» атты көлемді мақалам шықты. Осы мақалаға орай еліміздің әр түкпіріндегі оқырмандардан ондаған хат алдым. Ол хаттар жеке мұрағатымда сақтаулы. Күндердің күнінде, егер аман болсақ, бір шығармамның арқауына айналар деп үміт етемін. Хат иелерінің бәрі де менің әкемнің жерленген жерін табуыма байланысты ақыл-кеңес сұрайды, іздеу жолын білгісі келеді. Шамамыз келгенше қай хат иесіне де адами ақ ниетімізбен, азаматтық пейілімізбен жауап жазып жіберіп отырдым.

Әрине, соғыс жайлы айта берсе әсерлі әңгіме таусылмақ емес. Бірақ мына бір ойымды ортаға салғым келеді. Менің бұл ұсынысыма кім қалай қарайды, оны әркімнің патша көңілі біледі.

Біз - соғыста опат болған жауынгерлердің жетім қалған ұрпақтарымыз. Көп те болмаспыз. 1939-1945 жылдың 9-мамыр аралығында дүниеге келген осы ұрпақтарға Үкімет тарапынан қамқорлық жетіспейді! Ресейде, мысалы, сол сұрапыл соғыс жылдары туған азаматтарға «Соғыс ұрпақтары» («Дети войны») деген атаумен арнайы қамқорлық жасалып, көтеріңкі зейнетақы беріледі. Ал бізде, Қазақ елінде, ондай игілікті іс ойластырылмаған. Неліктен? Жауабы жоқ. Жемқорлар талан-таражға салып жатқан, бар қаражатты шетел асырып жатқан байлардың елге қайтарылған ақшасынан әкелері соғыста опат болған жетімдерге неге бөлінбейді? Жә, республикалық деңгейде күшіміз жетпес, бұл жағдайды ауданда қарастыруға болмас па? Әлемге әйгілі Теңіз кеніші біздің аудан көлемінде. Ал оның табысынан майдангер ұрпақтарына үлес беруге болмай ма? Ойланатын жағдай. Бұл жөнінде аудан әкімдігі, аудандық ардагерлер кеңесі ойланса дейміз. Ендеше, осы жайт көкейде жүрсін, майдангер ұрпақтары. Өксумен, өкінумен өміріміз өтіп, дәміміз таусылған күні қара жердің қойнына кетіп бара жатамыз ғой?!

Сөзімді «Әкем менің» деген өлеңіммен аяқтағым келіп тұр.

Әке! Есіміңді еліңе мәлім еттім,

Көңіліме сағыныш әні кеп тұр.

Оралмадың соғыстан, қанша күттім,

Өзгелердің әкесінің дені кепті. Әке!

Еңбегіммен есіміңді ардақтадым,

Биіктерге аруағыңмен қуат ап самғап бардым.

Жанымды тербегенде сағыныш күй,

Көңіл әнін өзіңе арнап салдым. Әке!

Сен соғыстан неге оралмадың?

Жалғызыңа пана-қорған бола алмадың.

Жалғыздың күйін кештім, көңіл налып,

Ата-аналы баладай бола алмадым.

Лағынет соғысыңа айтамын.

Соғыс құрсын, Жылатты ұрпақтарды соғысың шын.

Тірлігіме ұрпақтарды шашып көкте,

Күніміз алтын арай күліп тұрсын.

Соғыспенен құртпалық адамдарды, Соғыс даласы...

Әкелер мен ағам қалды.

Сен тажалсың жалғыз-ақ қорғасын оқ,

Кім ойлап тапты екен, қараң қалғыр.

Әкешім, Әкетайым, Әкем менің,

Демең айды аспандағы әпермедің.

Соғыстан аман келіп, туған жерге,

Қасымда жүрсем етті әкем, дедім.

Сені күтті сағынып анашым да,

«Келеді!» деп үмітпен баласына.

Анам да өтті өмірден өксуменен,

Ал мен өстім зар болып жанашырға.

Көп ұзамай көз жұмды ағамыз да,

Тірлік нұры өшкендей даламызда.

Жалғызсырап аға артында қала бердім,

Айналды өткен күндер бәрі аңызға.

Қонарбай (Қонаш) Қалдыоразұлы, ақын-журналист, жазушы, Құлсары қаласы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT