Майдангердің жалғыз ұлы

Сонау сұрапыл соғыс жылдарында майданға кеткен әкең алапат айқастардың бірінде ерлікпен қаза тауып, қиядағы бір елдің қия белінде кебінсіз көміліп қала бергені бар-ды. Арысының соңында анаң Әсия қос бүлдіршінін құшақтап жылап-сықтап қала берген-ді. Қос перзентінің үлкені Дәмеш әлі екі жасқа да жете қоймаған-ды. Ал кішісі сен болсаң бір жасқа толуға жаңа-жаңа беттеп келе жатқансың. Сөйтіп, сәби шағыңнан анаңның мұңды жүзін көріп, ағыл-тегіл аққан көз жасымен бірге өсуге мәжбүр болдың. Бұл соғыс құрбандары ұрпақтарының бәріне ортақ жағдай еді..

ЖЕСІР ҚАЛСА ДА ЖЕТІМІН ЖЫЛАТПАҒАН...

Өзіңе тетелес апаң Дәмеш те аяулы ананың қайғы-қасіретіне, зар-мұңына ортақтасып жүріп, сенің өнегелі өрен болып өсуіңді көбірек ойлайтын-ды. Сұрапыл соғыс аяқталып, Кеңес әскері жеңіске жеткенде Дәмеш 5-те де, сен үштен асып баратынсың. Жаны жаралы, жүрегі назалы болса да аяулы да ардақты ерлікпен қаза тапқан ерінің алтын босағасын, ақ төсегін адал сақтап, әлі де шикі жас екеуіңді етегі елпі, жеңі желпі жүріп, біреуіңді ертіп, біреуіңді арқалап жүріп, таң қараңғысынан, түн ортасына дейін егіс даласында, мал қораларында ерінбей еңбек ететін едіау, қайран ана. Шаршап, шалдығуды білмеді. Қайткенде де сендерді аш, жалаңаш қылмай, қатарға қосып, азамат сапына жеткізсем деп қам жасады. Қиындықпен қаржасты, тағдырмен тайталасты. Тістелеп жүріп, тірнектеп жиып, қолына түскенін екеуіңе алып келетін-ді.

Қайран ана! Көңілі пәк, жүрегі ақ, жаны шуақты, сезімі қуатты болатынды. Ерінен отыздан жаңа аса бергенде жесір қалған Әсия алдына осы екі қарғамды ел қатарынан кем қылмай жеткізсем деген мақсат қойды. Содан ол ерте таң азаннан, кеш батып ымырт үйірілгенше қара жұмыста жүретін. Жазда егіндікте істесе, күз бен қыста мал бағысып, сауыншылықпен айналысатын. Еңбек десе ерінбейтін ерекше жан болатын Әсия ана! Еңбексүйгіш, жұмыскер ана атанды, Әсия. Бұл сұрқай соғыс және одан кейінгі сүреңсіз жылдардағы әр ананың, барлық ананың іс-әрекеті, қам-қарекеті еді-ау, шіркін!

Сөйтіп жылжып жылдар өтті. Сәбилік шақ, балғын балалыққа жетті. Жасың жетіге жетісімен мектеп есігін ашып, білімге ден қойдың. Жақсы білімге ие болу үшін оқуға құштарлықпен кіріскенің аян. Мектептен мейір қандыра білім алғандай болдың. Еңбегің зая кетпеді. Алтын ұядан қанаттанып, кәмелеттік аттестат алып шыққан сен өмір жолыңды еңбекпен бастауды жөн санадың. Өйткені, өмірі өксікпен, тағдыр тайталасымен өткен анаңның ендігі қамқоры да, жанашыры да жалғыз сен едің, жан досым – Тілеш, Тілегенім.

Анаңды ана деп сүйетіндігің, сүйе білетіндігің, анаңа деген маздақ махаббатың сені ешқайда жібермей, ауылда қалып, еңбек етуге жеткізді.

Ананың асыл арманы орындалды. Сен ержетіп еңбекке араластың, Дәмеш апаң бойжетті, теңін тапты. Ауылдас жігіт Орынбасар Қазиевпен тұрмыс құрып, шаңырақ көтерді. Бүгінде 83-тен 84-ке беттеген Дәмеш сырқаттанып қалғаны болмаса, ері Орынбасарды жанмен де, малмен де байытты. Дүниеге ұлағатты ұлдар, қылықты қыздар әкелген Дәмеш шаңырақтың шаттығын шалқыта білді. Әттең... Денсаулық кем, Дәмеш арбада таңулы бүгінде. Жазылып кеткей жарықтық деген бауырлық тілегім бар.

Сен Тілешім, ерте есейіп, ержеттің. Азамат болды, қатарға қосылды деген осы еді, бауырым! Еңбекке араластың. Көп ұзамай азаматтық борышыңды, Отан алдындағы міндетіңді орындауға әскерге қызметке аттандың. Аман-есен атамекенге, елге оралдың. Сол кездегі Әсия ананың қуанышын айтсаңшы. Халық шаруашылығын өркендетуге белсене қатысып жүре бердің. Не жұмысты да талғамадың, тапсырылған әр істі тиянақты һәм абыроймен атқара білдің-ау, жан досым!

Механизатор, автоклуб меңгерушісі, кеңшар комсомол комитетінің хатшысы, Амангелді селолық Кеңесінің хатшысы, «ПНГС» трестінде басшының орынбасары, Құлсары кенттік Кеңесі төрағасының, Құлсары қаласы әкімінің орынбасары, аудандық тазалық мекемесінің басшысы қызметін жүйелі атқарып, абырой арқаладың. Жұмыс істеген мекемелерде тазалықты, тәртіпті талап еттің. Абырой мен намысты биік санадың, не жұмыс атқарсаң да, сен әрқашан халықпен араласа, бірге жүрдің. Халқыңды құрметтей, сүйе білдің, ардақтап, аялай білдің. Қолдан келген көмегіңді кім-кімнен де аямадың. Бұл халқыңа, еліңе, адамдарға, жұмысыңа деген ақ адал махаббатың, шынайы сүйіспеншілігің болатын-ды. Бірақ, адал ақ ісіңді терістеп, үстіңнен домалақ арыз жазған да пенделер болмай қалған жоқ. «Ақтың отын ақымақ өшірмейді» деген, сен ондайлардың әдепсіз қимылын да байыппен қабылдап, парасат-пайымыңмен әңгімелесуге, мәселені ушықтырмауға бейім болатынсың. Бұл адамдарға деген адалдығың, махаббатың еді.

«ӘКЕҢ ӨЛСЕ ДЕ...»

Зейнеткерлікке қалған сені аудан әкімі қоғамдық жұмысқа пайдаланды. Аудандық ардагерлер кеңесін басқаруды ұсынды. Сен қарсы болмай, құп алдың. «Әкең өлсе де, әкеңді көргендер өлмесін» деп көзі тірі майдангерлерге тік тұрып қызмет қылдың. Әке алдындағы парызыңды осылай өтеуге тырыстың.

Міне, осы бір қоғамдық жұмыста екеуміз он жылдай жұмыстас, ниеттес, пейілдес болдық. Сен төраға да, мен орынбасарың болып, бірге талапқа сай қызмет қылдық. Көптеген шараларды бірге атқардық. Бірімізге-біріміз демеу болдық, қамқор бола алдық. Жалындаған жастық шағымызды ауылымыз Ақкиізтоғайда да, кейін Құлсары қаласында да бірге өткізуімізге тура келгені бар. Ол күндеріміз әлі есте, Тілеш досым! Кейде сағынышпен еске алып қоятынымыз қайда, досым-ау? Енді ондай жан сырымды кімге айтам? Ал содан соң... Жасымыз жасамыс тартып ақсақал атанған шағымызда «партнер» боп тірлік кештік емес пе? Ардагерлер аудандық кеңесінің жеңіл автокөлігі болды. Оны ортақ пайдаландық, ондағы жүргізуші сен болатынсың, Тілеш. Алайда, пейілі тар, көңілі қарау жандар аз емес екен. Азамат деп жүрген кейбір пенделер пасық ойларын жүзеге асырмақ болып, біздің бірге жүргенімізді көре алмай, қызғанышын байқатып қалатын-ды...

Ондайда: «Айта берсін», - дейтінсің сен... «Ит үреді, керуен көшеді», - дейтінмін мен. Сол бір сүйкімсіз сәттерде де табанымыз таймай, жайсаң қылық танытып өте біліп едік-ау, досым! «Бәлду-бәлду бәрі өтірік» дегендей сол бір күйгелек күндерден де өткенбіз..

Сен, досым, ауылдың ардақты азаматы Әбіт Бердімұратовтың сүйкімді де сұлу Әсем қызына қол жеткіздің. Бақтарың биіктеп, махаббаттарың бірден маздай түсті. Сен оны шексіз сүйдің. Іңкәр көңіліңмен Әсеміңді әлдилейтінсің, аялайтынсың. Шіркін, ғашық жүрек, сүйіспеншілік сезімді қойсайшы! Іссапарға шықсаң ауылға, үйге, үйдегі жанары жарқылдаған жан сыңарың Әсеміңе жеткенше асығатынсың. Сенің сүйкімді сыңарыңа, жан-жарыңа деген сүйіспеншілігің, махаббатың ерекше көзге ұрып тұратын-ды. Екеуіңнің бауырларыңнан жаралып дүниеге ұрпақ келе бастады. Бұл анамыз Әсия үшін де, өзің үшін де, Әсем үшін де, ағайын-туыс, барша бауырлар үшін де үлкен қуаныш, зор мақтаныш еді-ау... Бауыржан, Бақытжан, Абай, Амангелді, т.т.

«АНАСЫ БАР АДАМДАР...»

Сен, досым Тілеген, менен бір мысқал жақсы болғаныңды айтқым келеді. Сен елуге жақындағанша аяулы анаң Әсия жаныңда болғаны ақиқат. 1910 жылы өмірге келген Әсия 1990 жылы 80 жасында дүние салды. Оны арулап, әспеттеп Әсемің жөнелте білді. Бұл күнде әз ана Ақкиізтоғайдың батыс бетіндегі «Бөлтек-Беркімбай» қауымында тыныстап жатыр. Енді анаң қасына сен барады деп жүрдік... Ә, сенен бұрын үлкен ұлың Бауыржан әжесінің қасына орналасқан екен-ау. Ол балдарыңның үлкені болатын-ды. Оның оқыс өлімі сені есеңгіретіп кетті. «Баласы өлсе жігіттің, басылып мауқы тынбаған» деп жырлаған ғой Адайдың атақты бес жүйрігінің бірі Аралбай ақын. Сол айтқандай, сенің ұлыңа деген сағынышың басылмай өткен еді. Сен сырттай білдірмегенмен, іштей күрсінесің, өзекті жарған өкінішің аз емес еді. Бірақ сен бала қасіреті мен қайғысын нар болып көтере білдің. Сен мұңайсаң отбасындағы жан-жарың Әсем де, балалар да жабырқап, қайғы ішіп, қан жұтары кәміл еді. Оларды әуреге салмайын деп сен іштей ғана тынып жүретінсің. Оны мен білетінмін, сезетінмін.

Сен балаларыңды өте жақсы көретінсің. Бар махаббатыңды, сүйіспеншілігіңді, ақ адал сезіміңді балаларыңа бағыштап отыратынсың. Бәрін хадари-қалың келгенше оқыттың, мамандық алып бердің, жұмысқа орналасып, еңбек етуіне жағдай жасай білдің. Перзент алдындағы әкелік парызыңды пайымды атқара білдің. Өзгелер де ұрпағын сендей сүйсе, шіркін деген ой келеді кейде.

Ұл-қыздарыңнан 14 немере, 7 жиен сүйгенсің. Оның бәрі сенің қуанышың, қызығың, бақытың, баяның болатын. Сен олардың әрқайсысын жаның қалмай жақсы көріп, сүйетінсің. Әрқайсысына махаббатыңның шуағын төгіп, аялайтынсың, аймалайтынсың. Әрқайсысы саған ыстық көрінетін-ді. Содан да олардың бәрі бірдей сені ерекше жақсы көріп, ата, аталап қасыңда жүретін-ді, мойныңа асылып, құшақтайтын-ды.

Ал бүгінде, сен жоқсың олардың қасында. Әлдеқашан Жер-Ана қойнында тыныстап жатырсың. Амал не, немере-жиендерің сағынғанмен, аңсағанмен сенің оралар түрің жоқ. Мәңгілік мекеніңде тыныш жатып, әулетіңді рухыңмен желеп-жебеп, демеп жатқайсың, Тілеке! Мекенің мәңгі жұмақ болғай, деп тілек етемін.

Иә, Отанға, елге, туған жератамекенге, анаға, балаға, жан сыңарыңа деген махаббатыңды сәт сайын лаулатып, ақ адал күйде орындай білдің, абыроймен атқара алдың. Өйткені сен Отан үшін опат болып, қан майданнан оралмаған жаужүрек жауынгердің артында қалған жалғыз тұяғы едің. Майдангер әкенің атына кір шалдырмай өттің!

Сенің ел үшін, Отан үшін, туған жератамекен үшін еткен еңбегің еленіп, көптеген марапаттарға ие болғаныңды аудан жұртшылығы жақсы біледі деп есептеймін. Енді оларды жеке-жеке атап шығу маңызды да емес, қажеті де жоқ. Маңыздысы – саған деген халықтың махаббаты, сүйіспеншілігі. Бұл сезімнің айқын куәсі – сені ақырғы сапарға аттандыру сәтінде жиналған халқыңда есеп болмады. Қаралы жиынды ашып жүргізген құрдасың Нұрдәулет, сенің парасаттылығыңды, адамгершілігіңді, азаматтығыңды айтып, сөзді аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ғайдар Арыстановқа берді. Ғайдар облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Сақтайұлы Өтешовтың көңіл айтқан жедел хатын оқып берді. Сөз кезегін алған Құлсары қаласының бұрынғы әкімі Ақылбек Қалдыбайұлы Байшаханов өзіңмен жұмыстас болған кездер жайлы, бірігіп болашақ қала үшін төккен маңдай терің турасында толқи сөйледі. Ауылдан шалғайда жүрсе де Ақылбек ініміздің саған деген құрметі әлі де биік екенін байқатты. Әрі ауылдас, әрі құрдас ретінде бізге де сөйлеуге тура келді. Өзіңе арнаған жан сырымды жыр жолдарымен өрнектедім. Қаралы жиынды Келтір бауырың түйіндеді.

Иә, Тілегенге арнаған өлеңдерім, очерк, эсселерім жоқ емес. Ол туралы «Менің құрдастарым» атты кітабымның бірінші томында «Бір арман» атты көлемді эссем жарияланды. Ал одан бұрын, 2002 жылы ақпан айының 11-жұлдызында ол асқаралы 60 жасқа толған-ды. Сонда мерейлі сәтіне арнап көңіл қуанышын өлеңмен өрнектеп жеткізгенмін. Өлең «Алпыста бүгін азамат» деп аталды.

Қонаш ҚАЛДЫОРАЗҰЛЫ

жазушы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT