Мағжан – біздің мақтанышымыз

БІЛІМГЕ ҚҰШТАРЛЫҚ, ІЗДЕНІМПАЗДЫҚ, ДҮНИЕНІ ЖАН-ЖАҚТЫ ТАНУҒА ДЕГЕН ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ БҰЛАР – ҚҰЛСАРЫЛЫҚ ЖАС ӨРЕН МАҒЖАН ТҰРЛАНҰЛЫНЫҢ БОЙЫНДАҒЫ ЕРЕКШЕ ҚАСИЕТТЕР. БІЛЕКТЕГІ КҮШТІ ЕМЕС, БАСТАҒЫ БІЛІМДІ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН БҮГІНГІДЕЙ УАҚЫТТА ЕЛІМІЗГЕ ЕРТЕҢІНЕН ЗОР ҮМІТ КҮТТІРЕТІН ЖАҢАШЫЛ ҮНІ БАР МАҒЖАНДАЙ ЖАСТАР КЕРЕК-АҚ.

Мағжан Тұрланұлы 2010 жылы 19 қазанда Құлсары қаласында дүниеге келді. 2012 жылы қаладағы «Гүлдәурен» балабақшасына барды. Балабақшада өтетін ертеңгіліктердің бәрінде өз белсенділігімен, жан-жақтылығымен көзге түседі. Бүгінде №9 мектептің 6 «д» сыныбында оқып жатқан ол - мектеп мақтанышы. Біз оның сынып жетекшісі Гүлжамал апаймен де сөйлескен болатынбыз. Апай оқушысы жайында пікірін жеткізуге бірден қуана-қуана келісті.

Мағжан мектебімізде бірінші сыныптан бері білім алады. Оқу озаты. Мінезі ашық, жайдары. Өзіне берген тапсырмаларды уақытында орындайды. Жауапкершілігі өте зор. Қоғамдық жұмыстарға да, мектепішілік іс-шараларға да аса зейін қойып қарайды. Достары мен сыныптастары арасында беделі мен белсенділігімен ерекше көзге түседі. Ата-анасы да көрегенді, түсінігі мол жандар. Олармен үнемі тығыз байланыс орнатып отырамыз. – дейді ұстазы.

Бала кезінен болашақ мамандығын ақпараттық технологиямен байланыстырған Мағжан ержеткенде ІТ саласының маманы атанғысы келеді. Осы салада үнемі өзін дамытумен айналысады.

«Сапалы білім алу мақсатында Бил-ге, НИШ-ке емтихан тапсырып, білімімді сынаймын. Сол себепті, «Келешек» білім беру орталығында қосымша сабақтарға барып жүрмін,– дейді өзі.

Санамалап көрсек оның бүгінге дейін жеткен жетістіктері де аз емес. Өткен 2020 жылы Мағжан есімі «Ұлы дала қырандары» деп аталатын республикалық энциклопедиялық жинаққа енді. Білімімен, өнерімен, спорт сүйгіштігімен көзге түскен балалардың есімі мен өмірбаяны, жетістіктері жарияланатын кітапқа енуі-тек Мағжанның ғана емес, барша жерлестерінің мерейі.

Ол - халықаралық «Кенгуру – математика для всех – 2019» интеллектуалдық конкурсының сертификаты иегері. Бүгінгі мақаламызға арқау болған осы кейіпкеріміз «Менталды арифметика» курсына да қатысып, «Мистер модник» номинациясы бойынша диплом иегері атанды. Менталды арифметиканың бес деңгейін аяқтағанын растайтын сертификатқа ие болды.
Сондай-ақ, 1-2 сыныптар аралығында ғылым негізгі пәндерінен өткізілген аудандық білім байқауында орыс тілі пәнінен жоғары шығармашылық қабілетімен дараланып, ІІ дәрежелі дипломмен мадақталғаны тағы бар.
Мағжан тек білімге мән беріп қана қоймай, салауатты өмір салтын да ұстанады. Жастар жылына орай окинава гюдзо-рю каратэ-додан жасөспірімдер мен жастар арасында қалалық оқу-жаттығу семинары мен турнирінде «Кумитэ» бағдарламасы бойынша ІІ орынға тұрақтады.

Қагілез ұлды жан-жақты, яғни сегіз қырлы, бір сырлы деп айтуымыз бекер емес. Ол мектептен тыс уақытында қаламыздағы Балалар өнер мектебінің фортепиано сыныбына барады. Музыкалық қабілеті үшін де талай Алғыс хаттар мен дипломдарға ие болған. Мағжан тек аудан ішінде өтетін байқауларда, пәндік олимпиадаларда бақ сынап қоймай, өзінің қарым-қабілетін республикалық деңгейде өтетін сайыстарда да дәлелдеп келеді. Мәселен, өткен 2021 жылы республикалық қашықтықтан өткізілген олимпиадаларда география, Қазақстан тарихы, математика (алгебра), биология пәндерінен І, ІІ, ІІІ орындарға тұрақтаған жайы бар. Оған қоса, облыстық «Алтын сақа» математикалық олимпиадасында ІІІ орынға ие болып, сертификат және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Бастауыш мектептің 1-ші сыныбынан бастап оқу озаты атанып келе жатқан үздік оқушының Мақтау қағаздары аз емес.

Балаға тәрбие ең алдымен отбасында беріледі. Әкесі Тұрлан мен анасы Қаламқас, ата-әжесінің де тәрбиесі оның зерек те білімді, парасатты жас болып қалыптасуына әсер етіп жатқандығында сөз жоқ. Атасы Қойшекен Мырзабаев көп жылдар мұнай саласында қызмет еткен тәжірибелі инженер. Әжесі Маржан Галиева бас есепші қызметін атқарған. Қазір екеуі де зейнеткерлер. Атасы мен әжесі немерелеріне дұрыс бағыт-бағдар беруден жалыққан емес. Олардың елге пайдалы тұлға болып қалыптасуы үшін маңдай терлерін төгіп келеді. Сондай ертеңінен күтер үміттері үкілі немерелерінің бірі - Мағжан.

Ш.ХАМИТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521