Мәуліт мерекесі тойланды

Бүгінде әлем мұсылмандарының халықтық мерекесіне айналған, қуаныш пен шаттық күні болған Мәуліт мерекесі өткен аптада ауданымызда аталып өтті.

Мәуліт оқып, салауат айтқан жылыойлықтар бұл күні қайырымдылық жасауға асықты. Мәдениет үйінде ұйымдастырылған шара «Адамзаттың ардақтысы» деп аталды. Алдымен, Құран оқылып, Алланың сүйген құлы Мұхаммед пайғамбар туралы бейнефильм көрсетілді. Тұрғындарды айтулы мерекемен аудан әкімінің орынбасары Фарида Ахметова құттықтаса, жүрегі мен көңілі түпсіз терең мұхиттай болған пайғамбарымыз жөнінде аудандық мешіттің бас имамы Арман Исаев әңгімелеп берді:

-Расында, пайғамбарымыз Мұхаммед (салла Аллаһу алейһи уә сәллам) - бізге үлгі. Бізге батыстың неше түрлі әдеттері үлгі бола алмайды. Әке болайық, пайғамбарымыз да әке болды, балаңа қалай тәрбие беру керек екенін үйретті, көршілеріңізбен қалай араласу керек екенін көрсетті, әрбір іс-амалының бәрі бізге үлгі болатындай. Сауда-саттық жасаған, керуен басқарған, мұсылмандарға қолбасшы болған. Дау-дамайлар болды, солардың бәрін әділетті түрде шешіп отырды. Қазіргі заманда түрлі жамандықтар болып жатқанда біз ұрпағымыздың бойына осы пайғамбарымыздың өнегесін көптеп сіңіруіміз керек деп есептеймін, – деді ол.

Бұдан соң әнші Асқар Қоңыров «Майлықожаның термесін» орындады. Ал жас өнерпаз Дәурен Рзабеков Әбубәкірдің «Пайғамбарға болған махаббатын» оқыды. Пайғамбарымызға арналған «Мәуліт» жырын Нұрбек Махмудұлы орындады.

Рухани кештен бір серпіліп шыққан көрермен мешітке қарай ағылды. Мешіт асханасында мол дастархан жайылған. Тұрмыс жағдайы төмен және мүмкіндігі шектеулі жандар сол дәмнен ауыз тиді. Сондай-ақ, жамағат мешіт қызметкерлерінің пайғамбарымыз жөнінде қойған сұрақтарына жауап беріп, сыйлықтарға ие болды. Үлкендер тілектерін айтып, «Мәуліттен мәулітке аман-есен жете берейік» десті. Ал бас имам Арман Исаев үнемі қайырымдылық жасауға дайын тұратын азаматтарды алғыс хатпен марапаттады.

Астан кейін мереке жалғасын тапты. Кәсіпкерлердің қолдауымен сол жерде жүз отбасыға азық-түлік таратылды. Ұн, күнбағыс майы, секер, шай т.б. тамақтар тұрмыс-жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы отбасы мүшелеріне табыс етілді. Жүректерге мейірімділіктің шуағын төккен кәсіпкерлер мен мешіт қызметкерлеріне жамағат риза болып тарқасты.

П.ҚИЗАТОВА,

Сурет автордікі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521