Мәулен Әшімбаев: Жастарымыздың отаншылдық рухына, жігеріне сенім артамыз

Сенат аға буынмен де, жастармен де тұрақты бас қосып, кеңесіп жұмыс істей береді. Бұл туралы Палата төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір әлемдік ахуал аса күрделі екенін көріп отырмыз. Сын-қатерлер жетерлік. Осындай шиеленісті кезеңде елдігімізді нығайту – біздің ең басты мақсатымыз. Бұл – баршамызға ортақ елдік мұрат. Елдік пен егемендік жолында бәріміз жұдырықтай жұмылуымыз қажет. Өздеріңізге жақсы белгілі, қазір еліміз үлкен өзгерістерді бастан өткеріп жатыр. Олардың барлығы әділетті Қазақстан құру қағидасына табан тірейді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен саяси жүйеміз түбегейлі трансформацияға түсіп жатыр. Билік тармақтарының тепе-теңдігі артып, есептілік пен ашықтықты қамтамасыз ететін маңызды өзгерістер болып жатыр», - деді М. Әшімбаев «Егемендік және Қазақстанның саяси-құқықтық трансформациясы» тақырыбына арналған Сенаттағы «Ұлттық мүдде» диалог алаңы отырысында.

Осы орайда ол Конституциялық сот құрылатынын, Адам құқығын қорғау жөніндегі уәкілдің мәртебесі де бұрын болмаған деңгейге көтерілгенін атап өтті.

«Әділеттілік тек саяси жүйеде емес, әлеуметтік және экономикалық салалар үшін де басты қағидаға айнала бастады. Халықтың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету шаралары қарқынды түрде күшейіп келеді. Мұндай нақты шаралардың бәрі, түптеп келгенде, егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді нығайтатыны сөзсіз. Осындай жұмыстардың аясында біз аға буынның біліміне, өмірлік тәжірибесіне және парасат-пайымына табан тірейіміз. Сондай-ақ, жастарымыздың отаншылдық рухына, жігері мен жалынына сенім артамыз. Алдағы уақытта да Сенат аға буынмен де, жастармен де тұрақты бас қосып, кеңесіп жұмыс істей береді. Дана халқымыз «Ырыс алды – ынтымақ» деп бекер айтпаған. Біз ұлт болып ұйыссақ қана алға қойған мақсаттарымызға қол жеткізетініміз анық. Осы бағытта бәріміз бірлесіп, еліміз үшін еселі еңбек ете береміз деп сенемін», - деді Сенат төрағасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенат төрағасы 25 қазан еліміз үшін азаттыққа ұмтылыс жолында тағдыршешті нәтижеге қол жеткізген күн ретінде қадірлі екенін атап өтті.

Сондай-ақ, Тәуелсіздік күнінің рөлі аласармайтынын, 16 желтоқсанның мәні терең, қадірі ерекше екенін айтты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT