Мәслихат депутаттарының сайлауы қалай жүзеге асырылады?

Партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну құқығы саяси партияларға тиесілі.

Мәслихат депутаты болып сайлану үшiн әр азамат  Конституцияның 86-бабының 3-тармағында белгiленген талаптарды қанағаттандыруға, сондай-ақ  Конституцияның 33-бабының 2 және 3-тармақтарына және осы Конституциялық заңға сәйкес сайлау құқығына ие болуға тиiс.

Партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну құқығы саяси партияларға тиесілі. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік мәслихатының депутаты етіп сайлау үшін адамдарды партиялық тізімге енгізу саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) жоғары басшы органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен жүргізіледі.

Саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) жоғарғы басшы органының шешімі үміткер азаматтың партиялық тізімге енгізуге келісімі туралы өтінішімен бірге тиісті аумақтық сайлау комиссиясына жіберіледі.

Адамдарды партиялық тізімге орналастыру тәртібі саяси партияның тиісті филиалының (өкілдігінің) жоғарғы басшы органының шешімімен айқындалады. Саяси партияның өкілі партиялық тізімді тиісті аумақтық сайлау комиссиясына партия филиалының (өкілдігінің) жоғарғы басшы органы отырысының партиялық тізімді ұсыну туралы хаттамасынан алынған үзінді көшірмемен бір мезгілде ұсынады. Өкілдің өкілеттіктері тиісті құжаттармен расталуға тиіс.

Егер сайлау тағайындалған кезде өзгеше белгiленбесе, партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну сайлау күнiнен екi ай бұрын басталады және сайлау күнiне бiр ай қалғанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады.

Партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар өз қаражаты есебінен жергілікті атқарушы органдардың шотына партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын енгізеді.

Партиялық тізімге енгізілген кандидат пен оның зайыбы (жұбайы) тiркеуге дейiн тұрғылықты жерiндегі мемлекеттік Кіріс органдарына осы Конституциялық заңға сәйкес белгіленген ұсыну мерзiмi басталатын айдың бiрiншi күнiнде кірістер мен мүлік туралы декларацияларды салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы белгiлеген тәртіппен және нысанда ұсынады. Партиялық тізімдерді тіркеу мынадай құжаттар болған кезде жүргізіледі:

1) саяси партияның тиісті филиалы (өкілдігі) жоғарғы басқару органы отырысының уәкiлеттi органда саяси партияны тiркеу туралы құжаттың көшiрмесi қоса берілген партиялық тiзiмдi ұсыну туралы хаттамасынан үзiндi көшiрме;

2) азаматтың партиялық тiзiмге енгiзуге келiсiм беру туралы өтiнiшi;

3) партиялық тізімге енгізілген әрбір адам туралы өмірбаяндық деректер;

4) саяси партияның сайлау жарнасын енгізгенін растайтын құжат;

5) мемлекеттік кіріс органының кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) кірістер мен мүлік туралы декларацияларды тапсырғандығы туралы анықтамалары;

6) партиялық тізімге енгізілген адамның осы тізімді ұсынған саяси партиядағы мүшелігін растайтын құжат.

Аумақтық сайлау комиссиясы мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тiзiмдерiн тiркеу туралы хаттама жасайды. Ол бес күн мерзімде жоғары тұрған сайлау комиссиясына ұсынылады. Сонымен бірге, партиялық тізімдерді тіркегеннен кейінгі жетінші күннен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында саяси партияның атауын және партиялық тізімге енгізілген адамдардың санын, сондай-ақ партиялық тізімге енгізілген әрбір адамның тегін, атын, әкесінің атын, туған жылын, атқаратын лауазымын (жұмысын), жұмыс орны мен тұрғылықты жерін көрсете отырып, тіркеу туралы хабар жариялайды. Тiркеген кезде кандидаттарға тиiстi куәлiк бередi.

Мемлекет азаматтарға, қоғамдық бiрлестiктерге Қазақстан Республикасының осы Конституциялық заңына, өзге де заң актiлерiне сәйкес белгілi бiр кандидатты, саяси партияны жақтап не қарсы түрде кедергiсiз сайлау алдындағы үгiт жүргiзу құқығына кепiлдiк бередi. Осы Конституциялық заңға сәйкес белгiленген тiркеу мерзiмi аяқталған кезден бастап, үгіт-насихат науқаны аяқталғанға дейiн кандидаттардың, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партиялардың өздерiнiң сайлау алдындағы бағдарламаларын баспасөзде және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында үгiттеуге және насихаттауға құқығы бар.

Кандидаттардың, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялардың сайлау алдында үгiт-насихат жүргiзуi үшiн бұқаралық ақпарат құралдарына тең жағдайда қол жеткiзуiне кепiлдiк беріледi. Мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар теледидардағы сайлау алдындағы пікірсайыстарға қатыса алады. Оларды тиісті аумақтық сайлау комиссиялары ұйымдастыруға құқылы.

Бұқаралық ақпарат құралдары тiркелген кандидаттарға және партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға шарттық негiзде эфир уақытынан, баспасөз бетiнен орын бередi. Кандидаттарға және партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға бұқаралық ақпарат құралдарында эфир уақытынан, баспасөз бетiнен орын беру кезінде шарт талаптары сақталып, белгiлi бiр кандидатқа, саяси партияға артықшылық жасалмауы тиiс. Эфир және баспасөз бетінен орын бергені үшін төлемнің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді тиісті бұқаралық ақпарат құралдары сайлау алдындағы үгіт жүргізу басталардан бұрын кемінде бес күн бұрын хабарлауға және жариялауға, мәслихаттар депутаттарын және өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау кезiнде өзге де аумақтық сайлау комиссияларына ұсынуға тиіс.

Кандидаттар үгiттiк баспа материалдарын тиiстi объект иесiнiң рұқсатымен өзге де орындарда iлiп қоюға құқылы.

Үгiт материалдарын ескерткiштерге, ескерткіш тұғырларға, тарихи, мәдени немесе сәулеттiк құндылығы бар үйлер мен ғимараттарға, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайларға iліп қоюға тыйым салынады.

Сайлау комиссиясы орналасқан және дауыс беруге арналған үй-жайда кандидаттың фотосуретi мен Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген мәліметтердің стандартты жиынтығымен бiрге кандидаттар туралы ақпарат орналастырылады.

Сайлау болатын күнi және оның қарсаңындағы күнi кез келген үгiтке тыйым салынады.

Кандидаттардың, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялардың өздерiне сайлау науқанын жүргiзуге көмектесетiн, сайлау алдындағы үгiт-насихатты жүргізетін, кандидаттар, саяси партиялар мүддесiн білдіретін сенiм бiлдiрiлген адамдарының болуына құқығы бар.

Мәслихат депутаттарын сайлаған кезде сайлаушылар тізім негізінде дауыс береді. Тізім сайлаушылардың тұрақты тұрғылықты жері бойынша тиісті жергілікті атқарушы органның жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқордың негізінде жасалады.

Сайлау күнi дауыс беру жергiлiктi уақытпен таңғы сағат 7.00-ден 20.00-ге дейiн өткiзiледi.

Сайлау нәтижесі туралы хабарды, мәслихаттар депутаттарын сайлау қорытындылары жайлы хабарды тиiстi аумақтық сайлау комиссиялары сайлау өткiзiлген күннен бастап, жетi күннен кешiктiрмей жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.

З.Қалмұханова,

аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT