Өздеріңіз жақсы білесіздер, мұражай - ең алдымен, осы өлкенің тарихи-мәдени мұрасы сақталатын қастерлі орындардың бірі.
Осынау рухани мұраны елдің жадында жаңғыртып, ұлттық құндылықтарымыз бен бай тарихымызды, өңірдің танымал тұлғаларын, өткені мен бүгінгісін насихаттайтын, көпшілікке танытатын осындай асыл қазыналарымыз мұражайларда сақталуы тиіс қой деп ойлаймын. Елбасымыз да «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша атсалысуға, өңір құндылықтары мен қасиетті жерлерін елге танытуға шақырды. Жылыойдың да өзіндік мақтанышы, қасиетті жерлері мен тарихи орындары, өзгеден өзгеше құндылықтары баршылық. Соның ішінде «Қазақстанның киелі жерлерінің картасына» енген Жылыойдағы Ақмешіт рухани-имандылық орталығы, Аралтөбе қорғанының өзі - бір тарих. Жылыойды Қарашүңгілден бастау алған Қазақстан мұнайының қарашаңырағы деп мақтанышпен айта аламыз.
Міне, осындай өлкеміздің тарихи-мәдени құндылықтарын көпшілікке көрсетіп, жастарға насихаттау мақсатындағы біздің ұсынысымызға қолдау білдіріп, аудандық музейге «Алтын адам» ескерткіш мүсінін, «Ақмешіт» макетін жасап берген белгілі мүсінші Серік Матениязовқа, Қазақстан мұнайының қарашаңырағы Қарашүңгілге қойылған ескерткіш стелланың макетін жасап берген қолөнер шебері Қуаныш Шалабаевқа ризашылығымыз шексіз. Өз жерінің, елінің тарихын білу, еліне еңбек еткен айтулы азаматтарын танытуда мұражайлардың алар орны ерекше. Әрине, мұражай қорын толықтыруға жеке азаматтардың ерікті тапсыратын мәдени құндылықтары басты көз болып табылады. Осындай отбасылық жәдігерлерді мұражайға тапсырудың арқасында еліміздің көптеген жетекші музейлері өз қорларын молайтып, толықтырып отыр. Біздің Жылыой жұртшылығының қолында да өткенімізді көз алдымызға алып келер талай дүниелер бар екені анық. Сол бір сарайлар мен қоймаларда, сандықтың түбінде қалған, елеусіз жатқан дүниелерді мұражайға табыстаса, оның пайдасы әлдеқайда көбірек болар еді. Аудан орталығында жаңа мұражай құрылысы салынып жатқанынан көпшілігіңіз хабардар боларсыздар. Сол мұражайдан өлкемізге танымал тұлғалардың жеке заттары мен тарихи экспонаттары орын алса дейміз. Бұлар ұрпақ мақтанышы, өлке мақтанышы болып қызмет етер еді. Өлке тарихына қатысты, оның ішінде жергілікті шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар, ұлттық нақышта жасалған тұрмыстық заттар мен тігілген киім үлгілері, этнографиялық, археологиялық дүниелер, өңір тарихын паш ететін кітаптар мен қолжазбалар, ұлттық тарихи-мәдени мұраны, қасиетті де қастерлі Жылыой өңірінің құндылықтарын насихаттайтын дүниелер мұражайда тұрса, бүгінгі де, келер ұрпақтың да игілігі, мақтанышы болары анық. Мұражайға қоюға лайықты экспонаттарды тапсыруға ниет білдірген немесе жасап бере аламын деген азаматтар болса, мұражайдың байланыс телефоны 8(71237) 4-85-42.
Жылыой аудандық музейі