«Ембімұнайгаз» АҚ өндірістік бөлімшесі «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ кезекті қайырымдылық акциясын іске асырды. Басқарма қызметкерлері өз қаражаттары есебінен 3 бала тәрбиелеп отырған баспанаға мұқтаж отбасының қиын мәселесін шешуге көмектесті.
Мұнайшылар жинаған қаржыға Қосшағыл ауылынан 4 бөлмелі үй сатып алынды. Сонымен қатар, басқарма қызметкерлері баспана иелеріне тұрмыстық қажетті жабдықтарды сыйға тартты.
Айта кетсек, отағасы Саламат Ерғалиев І топ мүгедегі болып табылады. 2015 жылдан бері пәтер жалдап келген отбасының қуанышында шек жоқ. Жарық, жайлы, кең үйде балаларға ойнау және пайдалы істермен шұғылдануға толық мүмкіндік бар.
Мұнайшылардың аталған қайырымдылық шарасы ЕМГ-нің биыл аталып өтіп жатқан 100 жылдық мерейтойына орайластырылды. Алайда, Жылыойдың мұнайшылары қайырымдылық шараларын бұған дейін де жүзеге асырып келген. Соңғы жыл жарым уақытта «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ жұмыскерлері аз қамтылған отбасыларға 2 пәтер және 1 үй сыйлады.
Ерғалиевтер отбасына үйдің кілті Қазақстан Республикасы мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне арналған салтанатты шарада табыс етілді.
С.Бақтығали