Мұнайшылар жалғызбасты анаға пәтер алып берді

Сол күні жалғызбасты ананың қуанышында шек болмады.

Енді қайтсін?! Баспана жалдап, бес баласын өсіру үшін шыр-пыр боп жүрген және бір баласы мүмкіндігі шектеулі ана бұл жаңалыққа қуанбағанда қайтпек. Жылыойлық әйелге мұнайшылар тегін баспана алып берді.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова мен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев наурыз айында облысымызға келген сапарында тұрғын үйге мұқтаж отбасыларды баспанамен қамту жөнінде мәселе көтерген болатын. Бұл ұсынысты бірінші болып «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы қолдады. Компанияның ұжымы бір күндік жалақыларын көпбалалы отбасыларға пәтер алу үшін берген.

Сөйтіп, 11-17 маусым аралығында мұнайшылардың берген жалақылары есебінен 8 көпбалалы отбасы баспаналы болды. Құрманғазы, Мақат, Исатай, Қызылқоға аудандарымен қатар, Жылыой ауданындағы бір отбасы да зор қуанышқа кенелді. Ол - 5 баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған жас ана Гүлбану Қарамолдиева.

n

Өткен аптада көпбалалы анаға пәтер кілтін табыстау үшін салтанатты шара өтті. Оған «Ембімұнайгаз» басқармасы төрағасы Әнуар Жақсыбеков, басқарма төрағасының орынбасары Сәлімжан Нақпаев, аудан әкімінің орынбасары Фарида Ахметова, «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының басшысы Ғибатолла Шанаев, мұнайшы ардагерлер мен қала тұрғындары қатысты.

Әнуар Жақсыбеков пәтер кілтін саланатты түрде Гүлбану Қарамолдиеваға табыс етті. Кішкентай балалары етегіне жармасқан әйел көзіне жас алып, аналық алғысын жеткізді: -Осы уақытқа дейін пәтерден-пәтерге көшіп жүрдім. Балаларымның алаңсыз сабақ оқитын жері де жоқ. Мен үшін өте қиын болды. Енді, міне, бүгін сіздердің арқаларыңызда үлкен қуанышқа кенеліп жатырмын. Өз пәтерім бар. Ризашылығым шексіз,-деді. Өнерпаздар ән орындап, қызыл лента қиылды. Барлығы пәтерге кіріп, құтты болсын айтты.

 

П.ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521