«МҰНАЙ ҚАЛДЫҚТАРЫН ӨҢДЕЙТІН КӘСІПОРЫН КӨШІРІЛУІ КЕРЕК»

Жиында аудан жұртшылығын қатты толғандырып отырған ауыз су мен Жем суының тапшылығы кеңінен сөз болды.

Өткен аптада ауданымызға іссапармен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов келді. Ол "Nur Otan" партиясы аудандық филиалы кеңсесінің қоғамдық қабылдау бөлмесінде аудандық мәслихаттың "Nur Otan" фракциясының мүшелерімен және партия қызметкерлерімен кездесу өткізді.

Ол жылыойлықтардың аманатын арқалаған халық қалаулысы ретінде Парламенттің заң шығарушы төменгі палатасында атқарған жұмыстары бойынша есеп берді. Кездесу кезінде көптеген мәселелер қозғалды. Әсіресе, аудан жұртшылығын қатты толғандырып отырған ауыз су мен Жем суының тапшылығы кеңінен сөз болды. Оны, ең алдымен, облыстық мәслихат депутаты Айтпай Сисенов көтеріп, Ұлы Жемнің арнасы тайызданып, арыны қайтып қалғанын, оның ағысына кедергі келтіріп отырған заңсыз бөгеттердің аз еместігін айтып, оның жоғарғы жақтан шешілу жолдарына қатысты сауалын жолдады.

Сонымен қатар, аудан халқына ауыз судың жетіспей жатқанын, соған байланысты Құлсары қаласынан 70-80 шақырымдағы Жаңасу және Бәли су көздерін кеңінен пайдаланса, ондағы су қоры жылыойлықтарға молынан жететіндігін тағы бір мәрте еске салды.

Облыстық мәслихат депутаты қазіргі донор болып отырған Атырау аймағы проблемасының өзі шаш-етектен екенін жасыра алмады. Расында да, қазынасына түскен қаржының 60 пайызын республикалық бюджетке аударып отырған облыстың өзінде бюджет ақшасы басына тартса, аяғына жетпейді. Соның салдарынан, көптеген әлеуметтік маңызы бар жобалар іске асырылмай жатыр.

Аудандық мәслихат депутаты, «Фермерлер одағы» аудандық филиалының басшысы Сейітжан Балжігітов ауданда мал азығының жылдан жылға қымбаттап бара жатқанын айтып, дабыл қақты. Ал мұның аудандағы төрт түлік пен одан алынатын өнімдердің құнының да өсуіне әкеп соқтыратынын, оның арты азық-түлік бағасының да артуына себепші болатынын алға тартты. Сондықтан елдегі азық-түлік корпорациясы арқылы Қазақстанның орталық аудандарынан кебек және құрама жем жеткізуді тездетіп ұйымдастырса деген ұсынысын ортаға салды.

Кездесу барысында экология мәселесі де қозғалмай қалмады. Оны көтерген аудандық мәслихат депутаты Ерқұл Даулетбаев аудан тұрғындарының 2017 жылдан бері айтып та, жазып келе жатқан Құлсарыдан небары 7 шақырым қашықтықта орналасқан мұнай қалдықтарын өңдейтін "Экотехникс" ЖШС-ын қаладан 40-50 шақырымға көшіру туралы халықтың талабын қойды. Бұл проблеманы облыс, республика көлеміндегі құзырлы органдар жақсы білетінін, бірақ ешқандай әрекетке бармай отырғанына қынжылысын білдірді.

Кездесуді қорытындылаған Дүйсенбай Тұрғанов көтерілген мәселелердің оңынан шешілу мүмкіндіктерін алдағы уақытта қарастыруға уәде етті.

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521