Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру туралы кездесу
Өткен аптада Жастар үйінде міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру туралы ақпараттық-түсіндіру мақсатында қала тұрғындарымен кездесу өтті. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіров ашты. Ол осы мақсатта Жылыой ауданы әкімдігінің жанынан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін мобильдік топ құрылғанын айтты. Сонымен қатар кездесуге аудандық емхананың директоры Нұрбек Үкібаев және жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Нұржарық Сауытов қатысты.
Ары қарай медициналық сақтандыру туралы емхана директоры Н.Үкібаев түсіндірді. Оның айтуынша, 1 қаңтардан бастап 3 ай көлемінде түсіндіру жұмыстары жүреді. 1 сәуірден бастап жүйе өз жұмысын бастайды. Оған дейін тұрғындар өздерінің мәртебесін анықтауы керек. Мемлекет сіз үшін төлейтін болады, егер сіз осы санаттардың біріне кірсеңіз, онда сіз автоматты түрде медициналық сақтандыру мүшесі боласыз:
- балалар;
- «Алтын алқа», «Күміс алқа» табыс етілген немесе «Ардақты ана» атағын алған, сонымен қатар, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар;
- Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері;
- мүгедектер;
- жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар; интернаттық мекемелерде оқитын және тәрбие алушы адамдар;
- студенттер;
- үш жасқа дейінгі бала күтімі бойынша (балаларды) демалыстағы адамдар;
- жұмыс жасамайтын жүкті әйелдер;
- зейнеткерлер;
- соттың үкімі бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде жазасын өтеп отырған адамдар.
Ал жұмыс жасайтын азаматтарға жарна жұмыс беруші есебінен төленеді. Сонымен қатар аудандық емхана директоры Н.Үкібаев тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Ж.Шаңқанова