Мүмкіндігі шектеулі болғанымен дауыс беруге мүмкіндігі мол

Қамкөңіл жандар осыған дейін үйде отырып дауыс беріп келді.

Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясы арнайы іс-шаралар жоспарын құрып, облысқа қарасты аудандардағы мүмкіндігі шектеулі жандардың мүдделерін қорғайтын қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен кездесу кестесін жасақтады. Осыған сәйкес облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Күлбаршын Нұржігітова ауданға арнайы табан тіреп, келер жылғы сайлауға мүгедек жандардың қатысуын саралады.

Осы мақсатта аудандық балалар кітапханасы ғимаратында, барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, 15-ке жуық жылыойлық мүмкіндігі шектеулі жандардың басын қосты. Онда Президент Жарлығына сәйкес жасақталған сайлау заңдылықтары жіті талқыланды.

Кездесуге аудан әкімінің аппарат басшысы Аманқос Нұғыман төрағалық етті. Мүмкіндігі шектеулі жандар 2021 жылдың 10 қаңтарындағы ел болашағын айқындайтын саяси додада денсаулық жағдайына қарамастан, халық қалаулыларын таңдауға өз үлесін қосатын болады. Қамкөңіл жандар осыған дейін үйде отырып дауыс беріп келді. Енді олар алдағы Парламент мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлауында учаскелерге аяқтай келіп, өз таңдауын жасай алады.

Ол бойынша жергілікті атқарушы органдар сайлау учаскелерін дайындаған кезде мүгедектерге арнайы жағдай жасауы керек. Сайлауға келген көзі көрмейтін, құлағы естімейтін және арбаға таңылған азаматтарға жеке-жеке тиімді қызмет көрсетілуі тиіс. Осыған сәйкес оларға жеңілдік жасау мақсатында мүгедектік категориясына байланысты аумақтық сайлау учаскелеріндегі сайлау материалдарының қолжетімді болуы, әрі дауыс беруге кедергі келтірмеуі қарастырылған.

Сондай-ақ, мүгедектер дауыс берумен ғана шектелмей, сайлауда депутаттыққа өз кандидатурасын ұсына алады және сайлау комиссиясы мүшелігіне енуге құқылы.

-Бүгін Құлсарыға арнайы келуімнің өзіндік себебі бар. Яғни, іс-шаралар жоспарының кестесіне сай, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың алда өтетін сайлау процесіне белсене атсалысуын қамтамасыз етпекшіміз. Біз мұнымен шектеліп қалмаймыз, олардың саяси өмірге көзқарасын қалыптастыруға барымызды саламыз. Өйткені, ерекше азаматтар қоғамдағы кез келген өзгерістерге үн қатып, сайлау құқықтарын жүзеге асыруға мүдделі болып табылады. Бұған дейін біз Индер ауданында болып, осындай басқосу ұйымдастырдық. Олардың ой-пікірін тыңдап, ұсыныстарына құлақ түрдік. Ауданға жолымыздың түсуінің екінші себебі, Жылыойдағы мүмкіндігі шектеулі жандардың ішінен, ең белсенділерін іріктей отырып, жан-жақты, лайықты адамдарды халыққа паш етіп, олардың игі ісін насихаттау. Оларға арнап баннерлер орнатуды қарастыру, - деді ұйым төрайымы Күлбаршын Балқашқызы.

Кездесу соңынан қатысушылар өздерінің көкейкесті сұрақтарын қойып, оларға атқарушы орган басшылары нақты түрде жауап берді.

Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521