«Мемлекет басшысының 1 қыркүйектегі Жолдауында Агенттікті толыққанды стратегиялық HR-институты етіп қалыптастыру тапсырмасына сәйкес тиісті ұсыныстарды әзірледі», – МҚІА басшысы Дархан Жазықбаев.
Біріншіден, Агенттіктің рөлі және оның мемлекеттік органдармен өзара қатынасы өзгереді. Агенттіктің назары мемлекеттік органдардың операциялық кадр қызметін сүйемелдеуден, персоналды басқару, іздеу, «тұрақтандыру» және дамыту мәселелеріне ауысады.
Дархан Жазықбаевтың айтуынша, Агенттік мемлекеттік органдардың стратегиялық HR-әріптесіне айналады. Кадр рәсімдерін цифрландыруға, конкурстың ашықтығын қамтамасыз етіп, меритократия қағидатын күшейтуге назар аударылады.
Агенттіктің жұмысында рекрутинг (үміткерлерді іздеу және таңдау), талант-менеджмент (іріктеу, бағалау және персоналдың әлеуетін дамыту), ассесмент (құзыреттерді бағалау) және өзге де жаңа құралдар қолданылады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғап, кадр саясатының тиімділігін қамтамасыз етіп, мемлекеттік қызметке «кіруден» бастап зейнетке шыққанға дейін сүйемелдейтін болады.
Екіншіден, мемлекеттік органдардағы кадр қызметтерінің рөлі ұлғаяды. Ендігі кезекте кадрлық қызметтер өз органдарында HR-стратегиясын жоспарлайды және оларға кадрлық шешімдер қабылдау құқығын беру ұсынылады (бағалау, марапаттау, жазалау, т.б.).
Үшіншіден, мемлекеттік қызметтегі HR-құралдар қайта қарастырылады. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар мен құзыреттерді, оларды бағалау және оқыту жүйелерін және әдеп жөніндегі уәкілдің қызметін қайта қарастыру ұсынылады.
Бұл ұсыныстар Агенттікті стратегиялық HR-институт ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметті өткерудібағытындағы жоспарланған өзгерістерге сәйкес биыл Академияда HR-институт ашу көзделуде. Институт кадр рәсімдерін цифрландыру, таланттарды іздестіру, HR-оқыту мен сертификаттау, талдау, HR-қызметтеріне әдістемелік көмек көрсететін болады.