МӘҢГІЛІК АЛАУ БАСЫНДА

Қазіргі таңда ауданымызда бірде-бір көзі тірі Ұлы Отан соғысы ардагері қалмады.

Ерлік - ел есінде 9 мамыр - Жеңіс мерекесі күні Құлсары қаласындағы «Жеңіс» саябағының қақ төрінде орналасқан, өшпес ерліктің нышаны- Мәңгілік алау тоқтаусыз жанып тұрды. Аудан әкімі Халел Жамалов саябақтағы боздақтарға арналған ескерткіш қасында соғыс сарбаздарын аудан халқымен қоса еске алды. Ер жүрек батырлардың ұрпақтарымен амандасып, жауынгер аталары жайындағы тарихи әңгімені ұйып тыңдады.

Ұлы Жеңіс күнінде қала тұрғындары майданда қаза тапқан әкелерін, аталарын еске алып, рухына тағзым етіп жатты. Дегенмен пандемия жағдайына байланысты биыл екінші жыл Жеңіс күніне орай өткізілетін шараларды кең көлемде ұйымдастыру мүмкін болмады. Жеңіс мерекесінің құрметіне орай шеру өткізуге де болмайтыны белгілі. Мұның бәрі - халықтың денсаулығы үшін қолға алынып жатқан сақтық шаралы.

Ұрыс даласында шейіт болған ержүрек жауынгерлердің арқасында олардың бүгінгі ұрпақтары бақытты да бейбіт ғұмыр кешуде. Арнайы әскери форма киген кішкентай бүлдіршіндер жауынгер аталарына алғысын жаудырып, рухты көтеретін жалынды жырларын оқып берді. Олар бүгінгі бейбітшілік заманның оңайлықпен келмегенін жүректерімен түсінді...

Иә, талай боздақтардың өмірін жалмаған сұм соғыстың сұрапыл да сұсты кезеңдерін бастан кешкендер ғана сезініп, ұғына алады. Тарихтың осынау қаралы кезеңдері уақыт өткен сайын алыстай түсуде. Жыл санап еліміздегі қарт жауынгерлердің сапы сиреп барады. Қазіргі таңда ауданымызда бірде-бір көзі тірі Ұлы Отан соғысы ардагері қалмады.

Жеңісті жақындатуға майдангерлермен қатар, елде ер-азаматтардың орнын басып еңбек еткен, майдандағы солдаттарға киім-кешек, азық-түлік дайындап, қара қағаз әкелген қасіретті жеңе білген жандардың қосқан үлесі орасан зор еді. Сондықтан аудан басшысы Халел Жамалов мереке қарсаңында тыл ардагерлерін ардақтап, құттықтады. Ол қарт әже Сағадат Юсупова мен қария Қасымғали Орынғалиевтардың үйлеріне арнайы барды. Соғыс жылдарында жоқшылықты бастан кешірген, жанкешті ерлігімен көзге түсе білген тылдың батырларына барша жылыойлықтардың атынан алғыс білдірді. Бұдан соң оларға сыйлыққа толы себеттер мен гүл шоқтарын табыс етті.

Ш.ХАМИТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521