Кездесу кезінде өзге де мәселелер қозғалды.
2020 жылғы 12 қарашада «Nur Otan» партиясы Жылыой аудандық филиалының кезектен тыс XXXІІI конференциясының қаулысымен партияның Жылыой ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасы бекітілген болатын. Еліміз үшін аса маңызды саяси науқан барысында «nurotan»-дықтар осы бағдарлама негізінде жүйелі түрде жұмыс жасап, қарапайым халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүзеге асырып келеді.
Жылыойлық жетекші партия өзінің сайлауалды бағдарламасында ауданды дамытудың 7 басым бағытын анықтады. Ондағы басты мақсат: халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын үздіксіз жақсарту үшін жағдай жасау. Міне, осы мақсатты жобаның ішіндегі «Әлеуметтік бағдарланған аудан» деп аталатын 3-бағыты бойынша партия аудандағы зейнеткерлер мен мүгедек жандарға да баса назар аударған. Онда: «...ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін кедергісіз орта құруға ерекше назар аударылатын болады. «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобалары әрі қарай жалғасын табады» -дей келіп, оларға тең мүмкіндіктер жасауға уағда береді. Бұл бағытта «Nur Otan» партиясы 2025 жылға дейін жоспарлы іс-шараларды іске асыруға қолдау көрсетуді қолға алмақ.
«Nur Otan» атынан облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Айтпай Сисенов, Жәнібек Бертлеуовтер мен олардың сенімді өкілдерінің бүгінгідей саяси науқан кезінде аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлермен кездесуі жетекші партияның осындай игі мақсатынан туындаса керек. Әрине, соның аясында әр үміткердің өзіндік сайлауалды бағдарламасы, ұстанған бағыт-бағдары бар екендігі белгілі. Сондықтан оны жұртшылыққа жеткізу үшін олар қазіргі қатаң карантиндік жағдайға байланысты сайлаушыларымен zoom мобильді қосымшасы арқылы онлайн форматта жүздесті.
Онлайн жүздесу кезінде А.Сисенов кандидат ретінде, ең алдымен, өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, алдағы мақсатын түсіндірді. Ал Ж.Бертлеуов «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, алдағы атқарылатын жұмыстар жөнінде әңгімеледі.
Үміткерлер алдында мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажын жеткізген «Құлсары мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Еңсепов бірқатар мәселелерді алға тартты. Атап айтқанда, қаладағы бірқатар сауда-саттық орталықтары мен өзге де ғимараттардың, әлеуметтік нысандардың алдына салынған пандустар талапқа сай емес. Соның кесірінен мүгедек жандар ішке кіру кезінде көптеген кедергілерге тап болып жатады. Сол себепті ондай ғимараттар құрылыс толықтай аяқталып, қабылдап алу кезінде комиссияға бірлестік өкілдерін де кіргізсе нұр үстіне нұр болар еді. Мүгедек жандарды мазалайтын тағы бір мәселе – бағдаршамнан өту. Әсіресе көз жанары нашар көретін жандарға өте қиын. Бұл ретте қызыл-жасыл жарық ауысып жанған сайын мүмкіндігі шектеулі жандардың жолдан қауіпсіз өтуі үшін арнайы дыбыстық белгі қойылса көп жеңіл болар еді. Жалпы, аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандардың облыстық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі паралимпиадиялық ойындарға қатысып, жеңімпаздар санатынан көрініп жүргені белгілі. Міне, осындай дүбірлі додаларда топ жарып жүрген спортшылардың емін-еркін жаттығатын орны да жоқ. Сондықтан Қ.Еңсепов аудандағы мүгедек жандар үшін Құлсары қаласынан өз алдына бір спорт мектебін ашса деген ойын ортаға салды.
Кездесу кезінде өзге де мәселелер қозғалды. Оларды мұқият тыңдаған үміткерлер көтерілген проблема мен ұсыныс-пікірлерді құзырлы органдарға жеткізетіндігіне сендірді.
Е.Қошақанов
"Nur Otan" партиясының Атырау облысы
сайлау қоры қаражатының есебінен төленді