Ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында “Халқымыздың бойында жақсы қасиеттер өте көп. Мысалы, өзге елдер бізді қонақжай, ақкөңіл халық ретінде біледі. Дәл солай тазалық жұртымыздың қанына, жанына сіңген қасиет болуы керек” деп еліміздің қанға сінген мәдениеті тоқталған еді. Бүгінде осындай салмақты ұсыныс төңірегінде аудандарды аралаған «Ұлы дала жауһарлары» көшпелі көрмесі ауданымызға келіп жетті.
Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі 8 қазан-23 қараша аралығында аудан тұрғындарына археологиялық құндылықтарды насихаттау мақсатында «Ұлы дала жауһарлары» тақырынбағы көшпелі көрмесін бастап, аудандарды аралады. Қызылқоға ауданынан басталған көрме Индер, Махамбет, Исатай, Құрманғазы, Мақат аудандарында жалғасын тауып, Жылыой ауданымен сапарын аяқтады.
Музейде өткен іс-шара аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А. Нұрмұханованың алғы сөзімен ашылды. Көрмеге қатысуға келген аудан ардагерлері, тарихшы-өлкетанушылар, мекеме басшылары, мектеп оқушылары мен аудан тұрғындары құнды жәдігерлермен танысып, әр бұрышы тарихқа тұнған көрмені қызығушылықпен тамашалады. Аталмыш шарада аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ғ. Жұмақшанов көрме ұйымдастырушыларына ардагерлер атынан алғысын білдіріп, ақын, өлкетанушы Ұ.Сисекенов өлкедегі тарихи орындар туралы баяндап өтті.
Көрме барысында 2017 жылы Қызылқоға ауданы, Миялы қорғандар тобынан табылып, қалпына келтірілген алтын киімді Сармат әйелі, 2020 жылы Миялы қорғанынан анықталған X-XI ғасырға тиесілі күміс әшекейлі әйел адам және оның жанынан табылған ат әбзелдерінің реконструкциясы, сондай-ақ тағы да басқа археологиялық құндылықтар аудан тұрғындарының назарына ұсынылып, көптің көңілінен шықты. Жиын соңында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Е.Тілекқабылов көшпелі көрменің археологиялық құндылықтарын баяндап, музей басшысы М.Кипиевтің атынан аудандық музей ұжымына Алғыс хат табыстады. Жиналғандар бір демде өте шыққан көрменің ауданымызға ат басын жиі бұрып тұруын сұрап, арнайы келген облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастырушыларына алғысын білдірді.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ
«Ұлы дала жауһарлары» көшпелі көрмесі ауданымызда
- Информация о материале
- Read Time: 1 min
- 159