Ұлттық жоба Жылыойда қалай жүзеге асып жатыр?

Биылғы жылдың көктемінде “Facebook” әлеуметтік желісі қолданушысының бірі Құлсары қаласының «Аэропорт» ықшамауданының сыртқы бөлігінде орналасқан ойпаң жердің қоқыс полигонына айналып бара жатқандығы жөнінде жазба жариялаған еді. Әрине, бұл мәселе бұған дейін де көтеріліп, «Кең Жылой» газетінде сол маңдағы тұрғындардың атынан сын мақала да жарық көрген-ді.

«ЖАБАЙЫ ПОЛИГОН»

Шамасы құзырлы орган басшылары газет оқымайтын болса керек, әлеуметтік желідегі жазбаға елең еткен Атырау облысы бойынша экология департаменті Құлсары қаласы әкімдігіне аталған жерге тазалау жұмыстарын жүргізу керектігін ескертіп, арнайы хат жолдады. Міне, содан кейін ғана сең қозғалды. Биылғы мамыр айының басында Құлсары қаласының жабайы полигонға айналып кете жаздаған ойпаң жері қала әкімдігі тарапынан тазаланып, топырақ төселіп, нақты жұмыстар қолға алынды. «Аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, қаланың тазалығына бей-жай қараған тұрғындарды анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Қазіргі таңда аталған жер толықтай тазаланып, тегістеу жұмыстары жүруде» делінген экология департаментінің фейсбук парақшасындағы хабарламасында.

Иә, шынымен де ойпаңның «қоқыс полигонына» айналып, ойраны шығып жатқаны биыл ғана емес еді. Әйтпесе, бұл жер осыған дейін неге тазаланып, орны тегістелмеген? Бәлкім, экология департаментінің бұлайша шұғыл әрекет етуіне 2021 жылы Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің әзірлеген «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының жүзеге асуы игі әсерін тигізді ме екен?! Төрт жылға арналған бұл жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен дайындалып, 2021 жылдың 15 қазанында бекітілген еді. Міне, содан бері аттай екі жыл өтті. Еліміздің экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған ұлттық жобаны жүзеге асыру мақсатында өңірде нендей іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр? Жоғарыда көрсетілген тек «жабайы полигонды» жабумен шектеле ме? Жалпы «Жасыл Қазақстан» экологиялық проблемасы бастан асып жатқан біздің аудан үшін таптырмас жоба екендігі айдан анық.

«ЖЫР» БОЛҒАН ШЛАМ...

Айтпақшы, аудандық прокуратура таяуда көптен бері «жыр» болып келе жатқан шлам мәселесіне соңғы нүкте қойылғандай болды. Аудан прокуроры Асхат Қасымовтың берген мәліметіне сүйенсек, өңірдегі экологияны сауықтыру мақсатында жерді мұнай қалдығымен ластаған компанияға қарсы заңды шара қолданылған.

-Аудан көлемінде экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында мобильдік топ құрылып, көп жылдар бойы шешімін таппай, халықтың орынды наразылығын туғызған мекеменің жерді бүлдіру мәселесі қолға алынды, - дейді аудан прокуроры Асхат Хабиболлаұлы.

Прокуратура пәрменімен біраз жұмыстар атқарылып, аудан әкімдігіне ұсыныс берілген. Нәтижесінде 400 тоннаға жуық мұнай шламдарымен бүлінген жер телімінің жалдау шарты бір жақты бұзылды. Сөйтіп 293 млн. теңгеге бағаланған 20,0 га жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Қазіргі таңда ірі компаниялардың демеушілігімен бүлінген жер көлемін тазалау жұмысын жүргізу жоспарланыпты.

Әрине, осы бағытта жасалып жатқан өзге де жұмыстар болса, тиісті құзырлы органдар хабарлай жатыр. Негізінен, жақсылап қолға алса, бұл жобаның жүзеге асуы аудан үшін ауадай қажет-ақ. Өкініштісі сол, осы жобаны тікелей қадағалайтын ауданда қоршаған ортаны қорғау бөлімі жоқ.

АУДАНҒА АУАДАЙ ҚАЖЕТ ЖОБА

Оқырманға түсінікті болу үшін «Жаңа Қазақстан» ұлттық жобаның мақсатына қысқаша тоқтала кетелік. Ол, негізінен, төрт бағыттан тұрады. Онда 11 міндет қарастырылған. Соған сәйкес 19 көрсеткіш және 48 іс-шара айқындалған.

Бірінші бағыты - «Таза Қазақстан», атмосфералық ауа сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару және еліміздегі су нысандарының экожүйелерін сақтау сынды негізгі экологиялық проблемаларды шешуге ықпал етеді. Ал «Үнемді Қазақстан» бағытында табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануға ден қойылады. Бірінші кезекте, бұл су ресурстарына және экономиканың энергия сыйымдылығын төмендетуге қатысты. «Табиғат» бағытының мақсаты – биоалуандықты сақтау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту. Төртінші бағыт – «Экология болашағы» деп аталады. Халықтың экологиялық білімі мен мәдениетінің деңгейін арттыруға бағытталған.

Еліміздің экологтарының түсіндіруінше, аты айтып тұрғандай «Таза Қазақстан», ең алдымен, атмосфералық ауаның ластануын азайтуды көздейді. Сонымен қатар, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруді, тұйық циклдегі экономиканы дамытып, тарихи ластануларды жоюды және республика аумағындағы су нысандарының экожүйелерін сақтауды мақсат тұтқан. Бұл бірінші кезекте, атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары өнеркәсіп орындары көп шоғырланған Жылыой секілді өңірге қатысты екендігі белгілі. Осы ұлттық жобаны халыққа түсіндіру кезінде БАҚ өкілдеріне сұхбат берген тиісті министрлік өкілдері ауа сапасы нашар 10 қалада 5 жылдың ішінде 16 ірі кәсіпорында зиянды қалдықты 20%-ға төмендету жоспарланып отырғанын айтқан-ды. Бірақ бұл жоспар орындалмаған сыңайлы. Өйткені, соңғы бір жыл ішінде «Мұнайлы астана» атанған Атырау қаласының тұрғындары зауыттардан шыққан жағымсыз иіске қайта-қайта тұншығып, ақыры рұқсат етілген митингіге шыққаны анық. Ал өткен жаз айында «Теңізшевройл» ЖШС қоршаған ортаға өз бетімен рұқсат етілмеген эмиссиялар шығарып, жерді ластады. Тиісті нормативтен асырып, экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін ТШО-ның айыппұл арқалағаны аян. Әрине, бұл жөнінде аталған компания түсініктеме беріп, бұл шығарындылар экология апаттың салдары емес деп ақталып бақты.

 

Көріп отырғанымыздай, көрсетілген төрт бағыт бойынша да ауданда атқарылуға тиісті жұмыстар аз емес. Әсіресе, «Экология болашағы» бағытында Жылыой жұртшылығының экологиялық білімі мен мәдениетінің деңгейін көтеру керек. Сонда ғана киелі мекеннің табиғатын бүлдіріп жатқан алпауыт компанияларға қарсы болашақ ұрпағымыз заңды талаптар қоя алатыны анық.

Жалпы осы сала мамандарының түсіндіруінше, «Экология болашағы» аясында орнықты даму қоғамын құруға баса назар аударылады екен. Қазіргі жағдайда осы саладағы білім беру, соның ішінде экологиялық білім саласында реформалар жүргізу қажеттілігі туындап отыр.

Жобаны іске асыру халықтың нақты кірісінің ұлғаюына, еліміздегі ішкі жалпы өнімнің 231 млрд теңгеге өсуіне ықпал етеді, яғни 60 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Министрліктегілер ұлттық жобаның әлеуметтік нәтижеге қол жеткізуге арналғанын айтады. Бұдан басқа, орманды аумақты 5 пайызға дейін ұлғайтуға жол ашатын көрінеді. Ал көгалдандыру – аудан аумағында да өткір тұрған мәселенің бірі.

Ербол ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT