Қазақстан – түрлі ұлт пен ұлыстың ұйыса бірлікте күн кешіп жүрген құтты мекені. Ауданымыздың өзі соған нақ дәлел. Бүгінде ана тіліміздің барлық жылыойлықтың ортақ тіліне айналғаны бәрімізге аян. Өйткені мұндағы орысың да, татарың да, басқа ұлт өкілдері де қазақшаға судай. Мемлекеттік тілдің мәртебесін күнделікті өмірде көкке көтеріп жүрген олар жақында сахна төрінде де ұлттық құндылығымызды ұлықтады.
Өткен аптада аудандық мәдениет үйі қабырғасында «Тіл – халықтың жанын танудың кілті» атты өзге ұлт өкілдері арасында аудандық байқау өткізілді. Сайыста 5 үміткер 4 кезең бойынша бақ сынады. Барлық кезең де тартыс пен қызыққа толы болды.
Алғашқыда өздерін қара өлеңмен таныстырған қатысушылар арасында көркемсөздің майын тамызып, ақындық өнерін паш етіп, өз туындысымен көзге түскендер де болды. Келесі кезеңде мақал-мәтел айтудан сынға түсіп, аянып қалған жоқ. Тіпті, тілін шұбарлап жүрген көп қазақтан асып түсті десек те болады. Олардың ынта-жігерін көріп отырып, «тілді сүйсе, осылай сүйсін» дегің келеді. Үшінші бөлімде бір сөздің ішіндегі әріптерден бірнеше сөз құраудан жарысты. Осы сәтте дара шауып, топтан озғандар көзге түсе бастады. Дегенмен, ақтық кезең бәрін өз орнына қойғандай болды. Бірақ, бірінен бірі асып түсетін үміткерлердің барлығы үдеден шығып, көрермен көзайымына айналды. Бұл сайыста әуелеген ән де шырқалып, ұтымды ұйқаспен өрілген өлең де оқылды.
Қазылар алқасының қатаң сынынан өткендер жарыстың жүлдесін қанжығалады. Марина Щедрина мен Венера Байсеупова Алғыс хат алды. ІІІ орынды – Лариса Аксакалова, ал ІІ орынды – Айнэль Гилятова жеңіп алды. Топтан озған Юлиана Новикова – көрерменнің ғана емес, әділ қазылардың да көңілінен шығып, жүлделі І орынды иеленді. Ю.Новикова байқау туралы әсерімен бөлісіп, өз сөзінде былай деді:
- Сайыс өте тартысты өтті. Өз басым қазақы ортада өскеннен кейін бір кісідей тілімді, салт-дәстүрімді жетік білемін. Келіндік қызметте де түйгенім көп. Қатысушылардың барлығы да жүйріктің жүйрігі, білімдінің білгірі екенін дәлелдей алды. Жалпы байқау өте тамаша өтті және ұйымдастырушыларға зор ризашылығымды білдіремін. Қазылар қорытынды сөзді түйіндеп, барлық сайыскерді арнайы диплом мен ақшалай сыйлықпен марапаттады. Бұл күні қазақ тілінің мәртебесі тағы бір көтеріліп, келген көрерменнің көңіліне жылылық ұялатқан тамаша кеш болды.
Е.Алтайұлы