Балаларды өз Отанын сүйюге, Қазақстанда тұратынын мақтаныш етіп, туған халқының тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін қастерлейтін саналы да парасатты азамат болуға тәрбиелеу қашан да маңызды. 25 қазан – Республика күні мерекесін аудандағы барлық балабақшалар жоғары деңгейде атап өтті. «Отаным – бақыт мекенім» деп аталған сондай тәрбиелік мәні зор шара қаладағы «Қызғалдақ» балабақшасында ұйымдастырылды.
Үстеріне Мемлекеттік Ту түстес ұлттық нақыштағы кәжекей киген «Дарын» мектепалды даярлық тобының тәрбиеленушілері алдымен, әнұранымызды қолдарын жүректерінің тұсына қойып тұрып, бар ықыласпен шырқап берді. Топ жетекшісі Базаргүл Әбілдиева балаларға бұл күннің құндылығы мен маңыздылығын айтып, ұлттық тәрбиеге негізделген ойындар ойнатты. Тәрбиеленушілер Отан туралы тақпақтарды мәнерлеп оқып, «Қазақстан» әнін хормен орындады.
Балабақшаның «Аналар мектебі» мүшелері ертеден келе жатқан қолданбалы-сәндік өнер – текемет бастыру мен кесте тігу қолөнерін қыз балаларға көрсете отырып дайындады. Аналарға қолғабыс болған топтың арулары дайындалу жолымен тереңірек танысты. Бұдан соң «Дарын» тобының мың бұралған биші қыздары «Текемет» биін керемет биледі.
-Тәрбиеленушілеріміз келесі жылы мектепке аяқ басады. Қазірдің өзінде олардың Отанға деген сүйіспеншіліктері жоғары. Бүгінгі шарамыздың мақсаты да сол, оларды туған өлкемізге деген сезімдерін оята түсу. Елінің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеуге, өз елін, тегін, тарихын білуге тәрбиелеу еді,-дейді «Дарын» мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі Базаргүл Нәсіпқалиқызы.
Өз тілшіміз