Ұлттық мүддені көздеді

Тоқсан толғаулы тарам-тарам тарихқа көз тастасақ, Тәуке хан Күлтөбеде үш жүздің басын қосып, күллі қазақ қатынасқан құрылтай өткізеді. Соңғы жылдары ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да бастамасымен жыл сайын Ұлттық құрылтай өткізіліп жүр. Өткен жылы Атырауға тұрақтаған көш биыл Бурабайға табан тіреді. Көкше жеріндегі келелі кеңесте көп мәселе көтерілді.

Бірлікке бастаған бір уақыт белдеуі

Амал мерекесі – 14 наурызда өткен ұлы жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен ел ағалары, қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері қатысты. Ал, 13 наурызда Ұлттық құрылтайдың алғашқы күні жиынға келгендер «Азаматтық қоғам», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым», «Әлеуметтік-экономикалық даму» секцияларына қатысып, осы салалардағы өзекті мәселелерді талқыға салды.

Келесі күні болған негізгі басқосуда бірқатар проблемалар көтеріліп, Президент Қ.Тоқаевтың өзі сөз бастап, көкейдегіні қозғады. Бірінші айтулы мерекемен құттықтаған Мемлекет басшысы экономика, ғылым, спорт, мәдениет, инфрақұрылым, бизнес және т.б. сол сияқты мәселелерді көтерді. Қоғамда шу болған уақыт белдеуінің де нүктесін қойды. Өткен жылы бастамашыл топтардың үндеуімен және арнайы зерттеулердің нәтижесінде алып территориялы Қазақстанды бір уақыт белдеуіне ауыстырған-ды. Бұл мәселе қоғамда біраз резонанс тудырды. Әсіресе, шығыс, солтүстік аймақтардағы тұрғындардың наразылығы байқалды. Дегенмен, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес қоғаммен кері байланысқа шыққан Үкімет қайта зерттеу жұмыстарын жүргізетінін жеткізген еді. Жақында ғана нәтижелерін жалпы жұртшылыққа ұсынып, мемлекетіміз бір уақыт белдеуінде қалатындығын баса айтты. Ел Президенті де тиісті мамандардың зерттеуіне сүйене отырып, бұл мәселенің соңғы нүктесін қою керектігін алға тартты.

Тағы да халық аузында жүрген мәселе салық жүйесі болатын. Президент Қ.Тоқаев бұл жерде де дұрыс түсіндіру жұмыстары жүргізілмегені себепті, кей азаматтар терең түйсіне алмай жүргенін айтты.

Қ.Тоқаевтың сөзінше, салық жүйесі, бұл – бүкіл мемлекеттік жүйенің тірегі. Бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндетін толық атқара алмайды, әлеуметтік міндеттемелер де орындалмайды. Иә, шынымен-ақ, мұндай мәселелерде арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмейтін оңтайлы жолды таңдап, қара қылды қақ жару керек. Себебі, бір жағынан қымбатшылық қысқан қара халықты жоғары пайызды салықпен сынайтын болсақ, ел экономикасына да кері әсер етері хақ. Қоғам пікіріне құлақ асу керектігін Мемлекет басшысы тағы бір мәрте ескертті.

Ғалымдардың да мәртебесі біздің елде төмен. Оған дәлел – жыл сайын шетелге көшіп жатқан дарынды жастарымыз. Қазірдің өзінде әлемнің ірі-ірі компанияларында лауазымға ие отандастарымыз баршылық. «Болашақ» бағдарламасымен оқуға кеткен кей өрендеріміздің де елге қайтуға құлқы жоқ. Бұл мәселе де тасада қалмады. Әсіресе, шикізатқа, инновацияға негізделген экономика құруымыз керектігі баса айтылды. Себебі, «Білім – сарқылмайтын қазына» дегендей, қай заманда да білім мен ғылымның бәсі жоғары болары рас. Құнды инвестициямыз – ғалымдарымызды шетелге жібермей, керісінше өз елімізде лайықты жағдай жасауымыз керек. Сонда ғана дамыған елдердің көшіне ілесе аламыз. Дәл осы мәселе бойынша Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Алматы іргесіндегі «Алатау» инновациялық технологиялар паркінің аумағында «Ғылым» қалашығын құру туралы идеясы бар екенін жеткізген болатын. Ірі жобалар көшбасшылыққа бастайды Рас, республика ішіндегі инфрақұрылым да бірте-бірте реттеліп келеді. Бірақ, әлі де болса ақсап тұрған салаларымыз жетерлік. Әсіресе, ірі зауыттар салып, өндіріске ден қоюымыз ауадай қажет. Себебі, әлем қазір басқа арнамен жүзуде. Шикізаттың құны түсуде. Оған дәлел, Дональд Трамп АҚШ Президенті атанғалы мұнайдың бағасы бірнеше пайызға төмендеді. Аймақтардағы экономиканы өрлету аса маңызды. Оның қажеттілігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдағы сөзінде былай жеткізген болатын:

- Алдағы төрт жыл ішінде елімізде жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жоба іске қосылып тұрады. Сол арқылы біз мемлекеттің жаңа индустриялық қалыбын жасап, көлік-транзит әлеуетін нығайта түсеміз. Біздің мемлекетімізге ірі инфрақұрылымдық жобалар өте қажет. Ауқымды жобалар аймақтардың экономикалық мүмкіндігін арттырады. Мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді. Жалпы айтқанда, ірі жобаларды жүзеге асыру – еліміздің осы аймақтағы көшбасшылық рөлін арттыратын бірден-бір жол. Әлемдік саяси аренадағы өзгерістер де назардан тыс қалмады. Соңғы аптадағы Трамп бастаған АҚШ әкімшілігінің батыл шешімдері сөз болды. Әсіресе, жалған ұранмен мемлекет қаржысын оңай жолмен жымқырып келген ұйымдардың өкілеттілігі қысқарып, тіпті, жеті агенттіктің жұмысын тоқтату туралы шешім шығарған еді. Соның ішінде ЛГБТ желеуімен елдің ішіне іріткі туғызып, ішкі саясатына бас сұғып жүргендерді де Қ.Тоқаев сөккен болатын. Иә, расында да, қазір ақпараттық майданның өршіп тұрған заманы. Желіде желдей ескен кей мәліметтер түптеп келгенде жалған болып шығады. Сондықтан, айдалағаның айтағына ермеу маңызды. Ұлттық дәстүрімізді жоққа шығарып, ұлт ішінде қақтығыс туғызатындарды да көріп жүрміз. Ол жайттардың барлығын жай жаба салмай, нақты шешімдер қабылдау керек-ақ. Себебі, тілі мен ділінен айырылған халық елдігінен де ада қалары ақиқат. Көгілдір экранда көгілдірлерді насихаттап жүргендерден бастап, шетелдің қаңсығын таңсық ететіндер де аз емес. Интернет-алаяқтық құрықсыз кеткен. Ақша үшін арын да, дарынын да сатқандардың шалқыған заманы туып тұр. Бұл ретте ел Президенті айтқандай, жеке қаржыға түсірілген фильм болса да, белгілі бір сүзгіден өтуі тиіс. Неге десеңіз, ұлттық болмысымызға қайшы келетін дүниені жас ұрпаққа көрсету – ұлт болашағына балта шабумен тең десек те болады. Одан қалса, отандық телеарналарда да үнді мен түріктің сериалдары өріп жүр. Оның орнына төл тарихымызды насихаттайтын шығармалар көрсетілер болса, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, теледидар, БАҚ, киномотография - идеологияның бір түрі. Өзгенің шатпағын өзімізге тықпалаудың қажеті жоқ. «Діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Иә, ықылым заманнан бері ата-бабамыз ислам дінін ұстанып, Құдайға құлшылық ұрған. Бірақ, соңғы кезде діннің атын жамылған алаяқтар азаяр емес. Өткен жылғы ауданымызда болған су тасқыны кезіндегі көптеген қорлар уақыт өте құрықталып, қылмыстық іс-әрекеттері әшкереленді. Белгілі бір қоғамдық қор басшысының күдікке ілінуі қоғамда үлкен резонанс тудырғаны жасырын емес. Себебі, қара халық ауыр жағдайда қалғанда алыстағы ағайынға тірнектеп жинап бергенін бәзбіреулер жеке мүддесі үшін пайдаланған-мыс. Сондықтан, көлденең көк аттының бәріне бірдей сене берудің де қажеті жоқ. Көшпенділер көші түзелсін десек... Мемлекет қаржысын оңды-солды шашатын салалар да бар. Солардың бірі де, бірігейі – отандық спорт. Әсіресе, футбол клубтарына жергілікті бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлінеді. Ал, шетелден әкелген екінші сортты легионерлердің жалақысын естісеңіз, төбе шашыңыз тік тұрады. Онымен қоймай, кейбір футбол клубтары қарызға белшесінен батып, банкрот болып та жатады. Құрдымға кеткен «Ақжайық», «Ертіс» сияқты клубтар сөзімізге тұздық болады. Тіпті, өзіміздің «Атырау» футбол клубы да қаржылық қиындықтарға тап болып, төменгі лигаға бір сырғып келгені бар. Мұнайға бай өлкеде миллиардтаған қаржы ала тұра қарызға батырған басшылық тиісті жазасын алуы тиіс деп есептейміз. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа да жол жоқ. Бұл мәселеде де бірқатар заңнамалық өзгерістер болғанын баса айтты Президент. Иә, өткен жылы осы проблемаға байланысты резонанс тудырған оқиғалар көп болды. Сот отырысын сүйікті сериалындай күтіп көргендер аз емес.

Тарихымыз тереңде жатыр. Дегенмен, Кеңес өкіметінің кесірінен бұрмаланған, цензураға ұшыраған жерлері көп. Одан қалса, 70 жыл бодан болған кезімізде жеті ғасыр тарихымыз түгілі, жеті атамызды жоғалтып алуға шақ қалдық. Сол олқылықтың орнын толтыру – келешек ұрпақ алдындағы басты парызымыз. Тарихи мұраларымызды да аса ұқыптылықпен сақтауымыз керек. Себебі, сан ғасырдан сыр шертетін жәдігерлерімізден айырылсақ, онда келешек ұрпақ бізді кешпесі анық. Осы мәселені де атап өткен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев:

- Біз Қазақстанды әлем өркениетінің дербес бөлігі ретінде танытуымыз керек. Қазақ халқының әмбебап әрі бірегей өмірлік тәжірибесін толық ашып көрсету маңызды. Бұл қазіргі Қазақстанның миссиясын терең түсінуге септігін тигізеді. Көшпенділер өркениетінің бесігі болу дегеніміз – өз еліңнің өткенін есте сақтау ғана емес. Сонымен бірге, бұл – түрлі халықтар мен мәдениеттерді, дәуірлер мен кеңістіктерді ортақ игілік үшін жұмылдыру деген сөз. Тарихымыздың әр белесі бізге бөлінуді емес, бірігуді, қиратуды емес, жасампаз болуды үйретіп келеді. Тарихи-мәдени мұрамызды ХХІ ғасырға сай жаңғыртып, жүйелі түрде дәріптеуіміз қажет. Ғылыми зерттеулер жүргізу, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру, археологиялық қазба жұмыстарын жандандыру, музей ісін дамыту, шетел мұрағаттарын зерделеу, салт-дәстүрімізді жаңғырту – осы жұмыстың бәрін бір жүйеге келтіру керек,-деді өз сөзінде.

Иә, мұнан да бөлек қоғамдағы көптеген түйткілді мәселелер тілге тиек етілді. Және ел Президенті арнайы мамандарға да тиісті тапсырмалар беріп, жедел шешілуі тиіс істерді тапсырды. Бірнеше сағатқа созылған Ұлттық құрылтайдың бұқараға берері мол болды. Ежелден-ақ алқалы жиында Алаш ұрпағы үшін оңтайлы шешімдер қабылданып, ел болашағын бағдарлы еткен сонау Күлтөбенің басындағы, Ордабасыдағы құрылтайлар сөзімізге дәлел. Жиын соңында Президент Қ.Тоқаев барша қатысушыларға алғысын білдіріп, бірліктің арқасында ғана дамудың даңғыл жолына түсе алатынымызды жеткізді. Қасиетті Рамазан айымен де құттықтаған Мемлекет басшысының кешкілік ауызашар дастарханы жайылып, онда Құрылтай қатысушылары арнайы қонақ болғаны көңілге жылылық ұялатты.

Ұлттық мүддені көздеген Ұлттық Құрылтайдың Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесінің алғашқы күні, яғни қазақтың жаңа жылынан басталуы да жақсылықтың нышаны іспеттес болды. Демек, онда көтерілген мәселелердің түйіні тарқатылып, оң шешім табарына сенім мол.

Е.АХМЕТКӘРІМ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT