ҰЛТТЫҚ КОДЫМЫЗҒА АЙНАЛҒАН МЕРЕКЕ

Бабадан қалған бұл байырғы салттың озығы көп те, тозығы жоқ. Ежелден келе жатқан Көрісу күні - тағылымға толы мереке. Көшпенді ата-бабамыздың көрегенділігі әр салт пен дәстүрден көрініс табады. Амал мерекесіне амал еткен Алаш ұрпағы бұл күні бұрынғы өкпе-ренішін кешіріп, бір-біріне амандық-саулық тілейді. Көрісу күнінде жасы кіші адам үлкен кісінің үйіне барып көрісіп шығады.

Тарихы терең жыл басы

Жұрт бүгінде күнтізбені көңілге медеу етіп, 1 наурызды көктемнің алғашқы күні деп жүр. Бірақ қазақтың жылдық маусымды Күн орбитасының шоқжұлдыздар маңын «аралауына» қатысты белгілеген ежелгі адамзаттық күнтізбені қолданғанын ұмытпаған абзал. Ескі Юлиан күнтізбесінің 1 наурызы қазіргі 14 наурызға сәйкес. XVIII ғасырға дейін Ватикан да, Ресей де осы ескіше 1 наурызды жыл алмасу күні ретінде есептеген. Әлемдік жыл алмасу саналатын бұл күн бүгінде қазақта «Амал» не «Қамал» аталады. Бұл — ежелгі түркі-арабтық рухани қатынастың көрінісі іспетті астрологиялық танымның бір жұрнағы. Күннің айналу жолы Тоқты шоқжұлдызына қарай таяп келгенде қыс маусымы көктемге ұласады.

Тарихы терең салтымыз, әсіресе, Жайықты жағалай қонған елдерде кең тараған. Маңғаз Маңғыстау мен айдынды Атырау халқы ерекше тойлап өтеді. Бірақ, Наурыз – тек түркі халықтарына емес, парсыларға, тіпті гректерге де ортақ мереке. Грек мәдениетінде патрих деп атаса, Хорезмшахта наусарджи делінген. Көктем мерекесін 3000 жылдан бері Балқан түбегі, Қара теңіз аймағы, Кавказ, Орталық Азия мен Таяу Шығыста 300 миллионға жуық адам тойлап келеді.

Көне жазба деректерінде жалпы Наурыз айы Хамал, яғни Амал айы деп көрсетіледі. Бұл, әсіресе Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбаларында кеңінен түсіндіріледі. Ғалымның айтуынша, қазақта сегіз күндік наурызнама өтетіні жазылған. Бұл ескіше 1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде бойынша 14-21 наурыз аралығына тұспа-тұс келеді. Наурыздың түп-төркінін Нұх пайғамбардың заманымен байланыстырған ғұлама: «Пайғамбар соңынан ерген Құдайға сенген үш ұлы мен келіндері және одан бөлек тағы сексен адам алты ай, он күн су бетінде қалқып жүріп, өлдік-талдық дегенде Қазығұрт тауының ұшар басына тоқтапты», - дейді. Біреуі ата-анасынан, біреуі баласынан айрылып, уайым-қайғы басқан ел осы жерде жан шақырыпты деп баяндай келе: «Кеменің Қазығұрттың басына тоқтаған күн қасиетті Мұхарам айының оны екен, жұлдыз есебімен санағанда күннің Хамалдың бірінші уәжі­біне кірген күні», - дейді.

Арабтың күнтізбесі ай есебіне негізделгеннен кейін ылғи да өзгеріп отырады. Дегенмен Мұхарам айы оларда қасиетті ай, жылдың басы деген құрметке ие, ал жұлдыз есебімен санасақ, Хамал қазіргі уақытта Тоқты аталады және Наурызға сәйкеседі. Осы себепті қазақ жерінің батыс аймақтарында Наурызды «Амал мерекесі» деп те атайды. «Амал» дегені «Хамалдан» шығады деген дәйекті деректі алға тарта отырып, тұшымды тұжырым түйеді.

Амалға қалай амал етеміз?

Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Наурызнама» онкүндігі аталып жүр. Ел Президенті Қ.Тоқаев та тарихтан толғатып, өшіп бара жатқан дәстүрімізді қайта түлетуге жаңа бір серпін берді десек те болады.

Иә, мереке Жылыой жерінде көнеден ерекше атап өтіліп келеді. Бала кезімізден наурыздың 14-і туса, көшеде кез келгенге танымасақ та «бір жасыңмен» деп көрісе кететін әдетіміз бар. Ер адамдар бір-бірімен төс қағысып, арқа-жарқа болысып жататын. Тағылымы терең бұл мерекенің бұқараға берері мол. Себебі, қазіргі әлеуметтік желіге байланған заманда әлеуметке шығып, айналамыздағы адамдармен араласуға бір себеп. Қылышын сүйреткен қытымыр қыстан аман шыққан қазақтар күн жылып, көктем кіре сала, «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып» деп Абай айтпақшы, алыстағы ағайын мен жақындағы көршінің жайын біліп, бас қосады. Бұл күні балалардың мәз-мейрам болатын күні. Себебі, кез кезген үйге көрісіп шыққаннан кейін, әр шаңырақтан дәм ауыз тиіп, тәттіге қарық болады. Одан бөлек үлкендердің батасын алған бал тілді балдырғандардың мерейі өсері хақ.

Көрісу күнінде жасы кішісі жасы үлкен адамның үйіне барып, көрісіп шығады. Міндетті түрде кем дегенде үш үйдің есігін ашу керек деген ырым бар. Әсіресе, құдайы көршіге алдыңғы ретте кіріп шыққан жөн. Көрісе отырып, бір-біріне "Бір жасыңмен!", "Жасың құтты болсын!", "Жасың қайырлы болсын!" деп айту керек. Адамдар үй ішін жуып, тазалап, ауланы да ретке келтіріп қояды. 14 наурыз күні таң біліне бастағанда ешкім ұйықтап жатпауы тиіс. Әсіресе, қазыналы қарты бар үйлер оянып, көрісіп шығатын адамдарды күтіп отырады. Міндетті түрде әр үй дастарханын толтырып, бар тәттісін қойып, бауырсақ, жеті шелпек пісіреді. Көрісу күніне ешкім арнайы шақырылмайды, жайылған дастархан жиылмайды.

Иә, Жер-ананың бусанып, тоңы жібіп, Самарқанның көк тасы еритін Наурыз - бірлік пен берекенің айы. Биылғы жылы қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келіп, бұл мерекені одан әрі әрлей түскендей. Себебі, дініміз исламда да бауырмен бауырдың бір-біріне үш күннен артық ренжуіне тыйым салып, кешірімді болуға шақырып, тума-туыстық қарым-қатынасты нығайтуды нұсқайды. Амал мерекесінің басты тағылымы да сол. Араздасқан ағайынның арасын жақындатып, бір атаның балаларын бір дастарханның басына жиып, көрші-көлем, тума-туыс, құда-жекжаттың көңілін тауып, көрісіп, қал-жағдайын сұрасуға үгіттейтін ұлық мереке ұлттық кодымыз десек, артық айтқандық болмас. Ендеше, Амал мерекесі бәрімізге құтты болып, бір кісідей амал етейік.

Е.АЛТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT