Ұлттық құндылықты ұлықтаған сайыс

Аудандық білім бөліміне қарасты «Балапан» бөбекжай – бақшасында ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған «Мен анамын ұрпағын әлдилеген» атты аналар сайысы өтті. Онда ашылу салтанатында балабақша меңгерушісі Қайырлы Меңдіқұлова мен әдіскері Айгүл Тоғызбаева сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бұл балабақшаішілік сайыста «Құлыншақ» мектепалды даярлық тобынан үш ана қыздарымен бірге бақ сынасты. Жарыста олар жеті кезең бойынша сынға түсті. Алғашқыда анасы мен қызы өздерін таныстырса, екінші кезеңде қыздарымен бірге өнер көрсетті. Үшінші кезеңде салт-дәстүрге байланысты қойылған сұрақтарға жауап беріп, төртінші кезең қолөнерге арналды. Онда ұлттық өнерімізді өсіп келе жатқан бүлдіршіндерімізге дәріптеу мақсатында аналарымыз киіз басса, қыздары кесте тікті. Ал бесінші кезеңде анасы мен қызы қолдан жайма ысып, келесі кезеңде аналарымыз үйінен дайындап әкелген ұлттық тағамдарымен таныстырды.

Соңғы кезеңде қолдан жасалған заттар мен тоқылған киім үлгісін көрсетті. Аналар балаларының көпшілік алдында өзін еркін ұстауы, өнерін ортаға салуы, ойын бүкпей жеткізуі секілді жетістіктерін көріп қуанса, қыз балалар аналарының біліміне тамсанды. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында тартысты өткен сайыста қатысушылар марапатталып, жүлделі орындар мен сыйлықтар табыс етілді.

Жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырған «Балапан» балабақша ұжымына, соның ішінде «Құлыншақ» тобының тәрбиешілері Ақкенже Ақылбайқызы мен Айнагүл Әбілханқызына мың алғыс! Сайыстың ерекшелігі сол, терең тәрбиелік мәнге ие салт-дәстүрімізді жандандырып, өсіп келе жатқан бүлдіршіндерімізге керемет сабақ болды. Балабақшамыз көркейіп, осындай шаралар жалғасын таба берсін, ұлттық құндылықтарды дәріптей берейік. Қазір салт-дәстүрімізді жандандырып, ұмытылған әдет-ғұрыптарды көпшілікке көрсету керек. Әсіресе бұл өскелең ұрпаққа аса керекті құндылықтар.

«Балапан» балабақшасының

«Құлыншақ» мектепалды даярлық тобының ата-аналары

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT