Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Жылыой ауданына жұмыс сапарымен келді

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Құлсарыда моноқалаларды дамыту бағдарламасы шеңберінде іске асырылған бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралады.

Атап айтқанда, ол ұзындығы 34 шақырымнан асатын қалаішілік жолдарды жөндеу жұмыстарының сапасымен танысты. Қаланың 11 ықшам ауданындағы жолдарды жөндеуге республикалық және жергілікті бюджеттен 3,8 млрд теңге жұмсалды. Жоба 2021 жылы пайдалануға берілді.

2022 жылы Құрсай өзенінің жағасын жалғайтын автокөпір пайдалануға берілді. Оның құрылысына 2020-2021 жылдары республикалық бюджеттен 400 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 280,4 млн. теңге бөлінді.

Сонымен қатар, жұмыс сапары барысында Ұлттық экономика министрі 3000 орындық стадионда болды. Жабық бассейнмен және жаттығу залдарымен жабдықталған спорт нысаны 2022 жылы «Игілік» бағдарламасы бойынша демеушілік қаражат есебінен 4,1 млрд. теңгеге салынды.

Ұлттық экономика министрі «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша салынып жатқан 200 орындық Мәдениет үйінің құрылысымен танысты. Жобаның құны 725 млн. теңгені құрайды. Нысанды ағымдағы жылдың соңына дейін тапсыру жоспарлануда.

Мәдени нысанның аумағында ҰЭМ басшысы ауылдық округ тұрғындарымен кездесіп, өтініштерін тыңдады. Жергілікті халықтың айтуынша, Тұрғызба ауылынан Жем өзенінен өтетін көпір салып, өзеннің түбін тазарту қажет.

Сонымен қатар, ауылішілік жолдарды салып, көшелерді жарықтандыру жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туралы айтылды. Тұрғындар ауылда көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыру және ауыл шаруашылығын дамыту мәселесін көтерді.

Министрдің айтуынша, қазақстандық ауылдарда өмір сүру деңгейі Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы, "Ауыл - Ел бесігі" бағдарламасы және "Ауыл аманаты" жобасы шеңберінде жақсаратын болады. Барлық тірек ауылдық елді мекендер алдағы жылдары минималды тұрғын стандарттарына жеткізілетін болады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521