Ұлттың тілін ұлықтаған ұлттық компания

Ұлттың тілін ұлықтаған ұлттық компания
Фото: Е.Ахметкәрімов

Мемлекеттік мереке қарсаңында аудандағы Құлсары мұнай құбырлары басқармасы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай «Мемлекеттік тілді меңгерген ең үздік құрылымдық бөлімше» байқауын өткізді.

Аталмыш байқауға Құлсары мұнай құбырлары басқармасының ішінара бөлімшелерінен 5 бірдей команда қатынасты. Конкурс өзі үш кезеңнен тұрды. Алғашқы бөлімде командалар өз-өздерін таныстырып, жеткен жетістіктері мен болашақ жоспарымен бөлісті. Екінші тапсырма қазақ халқының салт-дәстүрлерін табу, мақал-мәтелді толықтыру, қазақ тіліндегі спецификалық әріптерден басталатын сөз табудан тұрды. Соңғы тур «Біздің шығармашылығымыз» тақырыбындағы еркін кезеңге арналды. Байқау өте тартысты да қызықты өтті. Онда бірі өлең оқыса, бірі домбыра құлағында ойнады, келесісі ақын Мұхтар Шахановтың «Нарынқұм зауалы» поэмасынан үзінді қойды.

Әділ қазылар алқасына үш кезеңнің қорытындысымен мықты деген командаларды саралайтын кез де келіп жетті. Нәтижесінде «Алтын қазына» тобы жүлделі 1-орынды жеңіп алса, 2-орынды «Жігер» тобы иеленді. Ал 3-орынға «Ақ желкен» тобы лайық деп танылды. Бұдан басқа түрлі номинация жеңімпаздары да анықталды. Айталық «Әртістік өнері үшін» арнайы номинациясын «Алтын қазына» тобы иеленсе, «Тіл жанашыры» жүлдесін «Сақа» командасы алып, жас буыннан құралған «Ізбасарлар» тобы алғысхатпен марапаттады.

Жалпы байқаудың өтуіне Шынар Елеусінова жетекшілік еткен басқарманың кәсіподақ ұйымы зор үлес қосты. Барша жеңімпаздарға мекеменің осы кәсіподақ ұйымының арнайы дайындаған дипломдары мен бағалы сыйлықтары тапсырылды.

«Тілі өлген ел –тірі өлген ел» ұранымен өткен бұл кеште қазақ тілінің мәртебесі көтеріліп, бар жерде барынша ана тілді қолданысқа енгізу насихатталды. Компания басшылары да соңғы жылдары барлық құжаттарды қазақ тілінде жазуға баса назар аударылып жатқанын атап өтті. Қазақы колоритке қаныққан кеш қатысушылары тамаша әсер алып, керемет көңіл-күймен қайтты.

Ерназ АХМЕТКӘРІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521