Наурыз айының 15-і, қасиетті Жұма күні Атырауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтті. Бұған дейін құрылтайдың алғашқы отырысы Ұлытауда және Түркістанда болған еді. Ал биылғы ұлтымыздың ұлық мерекесі, Әз Наурыздың бастауы болған Амал мерекесі мен қасиетті Рамазан айына тұспа-тұс келген Ұлттық құрылтай мұнайлы өлке Атырауда өз жалғасын тапты. өзінде ел дамуына оң ықпал ететін тың мәселелерді көтерді. Солардың бірі - қазақтың ұлттық киімдерін ұлықтау жайында.
Ендігі мәселе – ұлттық бірегейлігімізді нығайту. Мен «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатымда Ұлыстың ұлы күнін бүкіл ел болып жаңаша атап өтетінімізді айттым. Жақында осыған байланысты арнайы тұжырымдама қабылданды. Әрине, бүкіл әлем жұртшылығымен бірге қарсы алатын Жаңа Жыл мерекесінен бас тартпаймыз. Бірақ Әз Наурыздың мәртебесін көтеріп, байыта түсеміз. Мысалы, Көрісу күнінен басталатын мерекелік әр күннің өз атауы болады. Соның бірі - Ұлттық киім күні деп аталады. Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Мен былтыр ауызашар берген кезде осы мәселеге арнайы тоқталдым. Кейбір ұлттық компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл-өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн. Әсіресе, қазіргі кезде мұндай қадамның мән-маңызы айрықша. Себебі, ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім. Олар - бөтен емес, өз азаматтарымыз. Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіре-діншілдіктен туған үрдіс, - деді ел Президенті өз сөзінде.
Мен Мемлекет басшысының осы сөзімен толықтай келісемін. Біздің қазақ екенімізді әлемге танытып, қазақтық қалпымызды сақтап келе жатқанымыз күні бүгінге дейін ұмытылмай келе жатқан ұлттық киіміміздің арқасы деп білемін. Қазақтың қыздары ұяңдылығы мен инабаттылығымен танылса да ешқашан беттерін жаппаған. Тіпті, жаужүрек ер азаматтарға қосылып, соғысқа қатысып, жауға шапса да оның қазақтың қызы екені киім үлгісінен анық көрініп тұрған. «Кең маңдайлы, ақша жүзді» деп келтіреді емес пе әдеби кітаптарда.
Бүгінгі таңда дін атына кір келтіріп, басына қап-қара сұрықсыз жабу жамылып, бетін бүркеп алған қыз-келіншектер қоғамда көптеп кездеседі. Бәріне бірдей топырақ шашпаймын, бірақ көпшілігінің бойынан өзге елге еліктеушілікті анық байқай аламыз. Солар орамалдың, жамылудың түп-төркінін ұғынып киіп жүр деп айта алмаймын.
Қазақтың қаракөз қыздарының басына киетін бас киімінің өзінің бірнеше түрі болған. Олар қыз-келіншектердің, жалпы әйел адамның жасына қарай ерекшеленіп, лайықтап киіледі. Мысалы, тұрмысқа шықпаған қыздар киетін тақия, төбесі шошақ, етегі қайырылып тігілетін қарқара, құндыз бөрік, ұзатылғанда сәукеле және кимешек пен желек, басқа да сәнді де мәнді киімдерді ерекше атауға болады. Мұның барлығы қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық болмысымызды айшықтап тұр.
Мұстахима Малашқызы,
мұнайшы ардагер